Accessibility links

Гитлерлік концлагерь мен сталиндік ГУЛАГ-тан аман қалған жауынгердің тағдыры


Совет сарбазы Бәдіріш Смағұлов. (Жеке қордан алынған сурет)
Совет сарбазы Бәдіріш Смағұлов. (Жеке қордан алынған сурет)

Қазақстанда 23 ақпанды, яғни 1918 жылы Совет әскері құрылған күнді мереке санайтындар әлі де көп. Біз неміс концлагерінен дін-аман шығып, советтік ГУЛАГ-та мүгедек болған совет солдатының тағдыры туралы әңгімелемекпіз.


Ол 1941 жылы 22 маусымда нацистік Германияның жойқын шабуылын алғаш көрген совет жауынгерлерінің бірі болды. Екі мәрте тұтқынға түсіп, өлім лагерінен өтті, бір рет қамауға алынып, айдауға кетті. Кем дегенде екі рет ажал аузынан қайтты: екі рет жау оғынан, бір рет алапат жарылыстан аман қалды.

Өлгісі келген адамға мұнан да басқа мүмкіндіктері көп еді. Мәселен, неміс концлагерлеріндегі аштық пен суық... жұқпалы ауру... Шарасыздық пен ауыр күйзеліс үстінде атылып немесе асылып өлгісі келген кездер қаншама. Ақыр аяғы неміс лагерінің немесе совет ГУЛАГ-ының күзетшісіне тұра ұмтылсаң да, ойланбастан атып тастар еді.

Туған-туыстары мен отау құрар-құрмаста соңында қол бұлғап қала берген жас келіншегі оның өлі-тірісін екенін білмеді. Соғыстың басынан аяғына дейін, тіпті соғыстан кейінгі ондаған жылдар бойы одан еш хабар-ошар болмады.

Осыдан сегіз жыл бұрын әріптесімнен естіген әңгіменің қысқаша мазмұны осындай.

Алайда шалғайдағы ауылдардың бірінен шыққан қазақ жігітінің тағдыр-талайы туралы сөз тым қысқа. Өйткені ол кісі іште қайнап жатқан сырды көрінгенге ашылып айта бермепті. Неміс тұтқынында болған көптеген жауынгерлердің советтік қуғын-сүргіннен сескеніп, бастан кешкен жанкешті оқиғаларын ешкімге айтпай, өздерімен ала кеткені баршаға мәлім.

Бірақ біздің кейіпкеріміздің тартқан азабы мен көрген тауқыметін айтып, оңашада ақтарыла әңгімелесіп, сыр шертісетін адамы болған сыңайлы. Ол адам - менің әріптесім Мерхаттың әкесі, журналист, жазушы Тоқтархан Шәріпжанов марқұм. Кейін бұл сырды ол ұлы Мерхатқа айтып, ал Мерхат осы жолдардың ауторына әңгімелеп берген еді.

Айта кетейін, бұл ойдан шығарылған кейіпкер емес. Өмірде болған, «қияметтің қыл көпірінен» өткен адамның өзі. Алмағайып тағдыр иесінің аты-жөні – Бәдіріш Смағұлов. Әйелінің есімі – Ләззатбану, неге екені белгісіз, әуелі туған-туыстары, сонан кейін ауылдастары оны Шөкек деп атап кеткен. Бірақ бұдан әрі қарайғы әңгімемізде азан шақырып қойған атымен атауды жөн көрдік.

СОҒЫС АЛДЫНДАҒЫ ТОЙ

Ол ауылдың қарапайым тракторшыларының бірі еді. Көшпенді қазақтың кез-келген баласы секілді Бәдіріш те малдың жай-жапсарын жақсы білетін, керек болса бие де сауатын, дәл осы ептілігі туған жерден жырақта талай рет аштық құрсауынан алып қалды.

Бәдіріш Смағұлов 1918 жылы сол кездегі Самар ауданында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында) туды. Ол кез Дала өлкесінде, әсіресе Семей облысында Алаш Орда үкіметінің құрамалары мен советтік Қызыл әскер арасында қарулы қақтығыс өршіп тұрған шақ еді.

Отбасында Бәдіріштен үлкен қыздар да бар еді, соның бірі Бағида апай таяуда Алматыда көз жұмды.

Бәдіріштің зайыбы Ләззатбану ағасы екеуі жастай жетім қалып, әке-шешесінің жақын туыстары Айша мен Нығметолла Қатиевтердің отбасында тәрбиеленді. Айша мен Нығметолланың немерелерінің бірінің айтуына қарағанда, бұл үйелмен өз бауырынан тараған балаларынан гөрі асырап алған балаларды көбірек жақсы көргенге ұқсайды.

Советтік насихат бойынша Ұлы Отан соғысы аталып кеткен Екінші дүниежүзілік соғыс басталардан бір жарым-екі жыл бұрын 20-21 жастағы бозбала Бәдіріш әскерге алынған.

Уақыт табынан сарғайып кеткен ескі фотосуреттен Бәдіріштің жастық шақта сымбатты, тартымды жігіт болғанын аңғару қиын емес. Сондай-ақ Ләззатбанудың да «сыры кетсе де, сыны кетпеген» жүзінен қыз кезінде аса көрікті болғаны байқалады.

Бәдіріш 20-ға, Ләззатбану 18-ге толар-толмаста, 1939-40 жылдар шамасында үйленіп, некелерін қидырды. Бәдіріш той аяқталысымен әскерге аттанды. Қос құданың той қамына дереу кірісуіне де осы жайт себеп болған еді.

Той шұғыл өтті дегені болмаса, екі жастың көңіл қосып жүргенін ауыл бұрыннан білетін. Жігіт әскерде жүргенде әдемі қызға өзгелердің көзі түсіп, алып қашып кетпес үшін (бұл әдет Қазақстанның оңтүстігінде әлі де бар) олар үйленуге бел буады, ал ата-аналары қуана келіседі.

Бұл кезде қазақ халқы байырғы салт-дәстүрінен ажырай қоймаған еді. Әсіресе келін түсіру, үйлену, отау құру мәселесі дәстүрлі жол-жоралғылар бойынша жасалатын. Жаңажол ауылы да қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдардың бірі. Сондықтан Бәдіріш пен Ләззатбанудың некесі ұлттық салт-дәстүр бойынша қиылды.

Қазақтың келін түсіру тойында атқарылатын жол-жора бірер күнде бітпейді. Үш күн тойдан кейін Бәдіріш әскерге аттанды. Қалыңдығы ата-енесінің үйінде қала берді.

ӨЛІККЕ ТОЛЫ ШҰҢҚЫР

Менің әріптесім мен Бәдіріш Смағұлов туыстарының үзік-үзік естеліктеріне қарағанда, соғыс басталғанға дейін ол кіші командирлер дайындайтын жедел оқу-жаттығудан өтеді.

1941 жыл, маусым айы. Брест қамалы, Беларусь. 1941 жылы 22 маусымда, таң құланиектене Германия СССР-ге соғыс жарияламастан, жер мен көктен
Екінші дүниежүзілік соғыс. (Көрнекі сурет)
бірдей атқылап, совет әскеріне ес жиғызбай, тұтқиылдан басып кірді. Жаумен ең бірінші бетпе-бет келген – кейін аты аңызға айналған Брест қамалы еді. Ал дәл осы Брест қамалында Бәдіріш Смағұлов та кіші командир болып қызмет ететін.

Кескілескен тоқтаусыз шайқастан кейін олардың әскери бөлімі шегініп, орманды паналады. «Жеңілмейтін» Қызыл әскердің алғы шептегі бөлімдерінің қатардағы жауынгерлерінен бастап жоғарғы басшылығына дейін әп-сәтте рухы сынып, бей-берекет болды.

Бәдіріш Смағұлов қызмет ететін әскери бөлім командирінің орман ішінде қалған-құтқан жауынгерлерді жинап алып, «шағын топтарға бөлініп, қоршаудан әркім өз бетінше шықсын» деп бұйыруы (немесе хабарлауы?) соның бір айғағы. «Қалай шыққыларың келсе солай шығыңдар, әркім өз басын күйттесін» деген сөз еді бұл.

Ақыры барлығы тұтқынға түсті. Қоршаудан шықса, санаулы солдат пен офицер ғана шыққан болар. Қолға түскендердің ішінен еврейлер мен еврейге ұқсайтындарды, командирлер мен коммунистерді сыпыра жинап алды.

Бәлкім, маңдайының соры шығар, өмірі еврей көрмеген сонау қиырдағы қазақ баласы әрі кіші командир Бәдіріш Смағұловтың түрі қазаққа ұқсамайтын болып шықты. Мұсылман дәстүрімен сүндеттелген қара торы жүзді Бәдірішті немістер еврей деп есептеді.

Сөйтіп ол еврейлердің, офицерлер мен коммунистердің қатарынан бір-ақ шықты. Немістер оларды жаңа қазылған терең шұқырдың жиегіне тұрғызып қойып, сөзге келмей атты да тастады... Дәл осы тұста Бәдірішті табиғи түйсік алғаш рет құтқарып қалды. Неміс солдаттары автоматпен ажал оғын бұрқырата сепкен кезде ол оқ тимей-ақ шұңқырға секіріп кетті.

Бәдіріштің үстіне басқа қаруластарының денелері бірінен кейін бірі құлап жатты, бірақ оған еш зақым келмеді. Тағы бір ғажабы – немістердің шұңқырды көмбестен кетіп қалғаны.

Атылып, шұңқырға құлағандардың кейбірі бірден өлмегені де Бәдіріштің есінде. Көпшілігі түн жарымы ауғанша көмек сұрап, ыңырсып жатты. Мұның тірі екенін көрген, жаны қиналып жатқан бір украин солдаты "мені өлтіріп кет" деп жалынды. Қолы бармады ма, әлде күнә деп санады ма, Бәдіріш оны өлтіре алмады.

Шұңқырдан тырмысып шығып, қанша күн екенін есінде жоқ, белорус орманының ішінде не істерін білмей көп жүрді. Әбден титықтап, аштықтан көзі қарауытқан кезде белорус деревняларындағы бір үйдің есігін қаққан еді.

Есікті ашқан егде әйел оған ас-су беріп, түнде монша ішіне жатқызып тастады. Бәдіріш таңертең көзін ашқанда төбесінен неміс офицерінің төніп тұрғанын көрді.

ТҮРКІСТАН ЛЕГИОНЫ

Бәдіріш қашқын совет жауынгері туралы нацистерге осы кемпір хабарлады дегенді айтқан жоқ. Бірақ ол кейін қашқын солдаттарды ұстауға көмектескендерге немістердің сыйлыққа азық-түлік беретінін естіген еді.

Қалай болғанда да Бәдіріш бұл кемпірді жамандамады. Екінші қайтара қолға түскен Бәдіріш өзінің еврей де, коммунист те емес екеніне немістерді ақыры сендірді. Бірақ кіші командир болғанын мойындады.

Оны сол жерден Германияға қарай айдады. Бәдіріш соғыстың соңына дейін совет тұтқындарында арналған бірнеше лагерьде болды. Күн сайын ондаған
Аушвиц-Биркенау концлагеріндегі газ камерасында өлтірілген тұтқындардың көзілдіріктері.
адам өліп жататын лагерьде көшпенділер баласының тірі қалуына, қызық болғанда, сол баяғы мал сауа алатын ептілігі септігін тигізді.

Кейін Бәдіріш өзінің мал бағып, сиыр сауа алатынына немістерді қалай сендіргенін Тоқтархан Шәріпжановқа бірнеше рет еш қалжыңсыз әңгімелеген еді. Осы ептілігінің арқасында қай жерге барса да бірден шаруашылық жұмыстарына жегілді, сөйтіп сәті келгенде сиыр сауып, сүт ішіп, жан сақтап қалды.

Оның Түркістан легионына түскенде де қосалқы шаруашылықта жұмыс істегені сол себепті еді...

Бәдіріш Смағұлов Түркістан легионы туралы әңгімесінде Мұстафа Шоқайды концлагерде екі рет көргенін айтады. Билікке большевиктер келгеннен кейін шетелге кеткен Мұстафа Шоқайдың неміс концлагерлерін аралап, Орталық Азиядан шыққан советтік әскери тұтқындармен тілдескені мәлім. Бәдіріш Мұстафа Шоқайдың жүріс-тұрысы мен кескін-келбетіне, өрлігі мен асқан шешендігіне қатты разы болып, қайран қалыпты.

- Мұстафа Шоқай соғыс тұтқындарының алдында сөз сөйлегенде жұрт демдерін іштеріне тартып тұрып тыңдады, - дейді бұрынғы Түркістан легионының мүшесі Бәдіріш Смағұлов. Рас, ол Шоқайды Ленинмен теңестірді. «Бұл адам Ленинмен бірдей еді» дейді Бәдіріш Смағұлов.

Дінді «апиын» деп жариялап, өлі денесі бальзамдалып қатырылған Ленинді Құдайдай көрген большевиктік-коммунистік билік дәуірінде өмір сүрген адам Мұстафа Шоқайды басқа кімге теңей алады?!

«БӨШКЕНІҢ АР ЖАҒЫ МЕН БЕР ЖАҒЫ»

Бәдіріш Түркістан легионының қосалқы шаруашылығында жұмыс істей жүріп Италияға дейін барды. 1945 жылы одақтастар әскері оны осы жерде азат етті.

Оқиға әрі қарай мұнан да әсерлі өрбиді. Бірде бұрынғы Түркістан легионерлері, ендігі АҚШ әскерінің тұтқындарына АҚШ офицерінің
Совет сарбазы Бәдіріш Смағұлов (сол жақта).
формасын киген бір адам келеді. Тұтқындарды сапқа тұрғызған ол... қазақ тілінде еркін сөйлей бастайды.

Әлгі офицер сап алдындағы алаңның ортасына бөшке қоюды бұйырады. Содан соң: «Кімде-кім Совет Одағына қайтқысы келсе, бөшкенің арғы жағына шықсын», - дейді.

«Одақтас мемлекет ретінде СССР-мен жасалған келісім бойынша барлықтарыңызды совет әскеріне тапсыруға міндеттіміз. Бірақ ол жақта сендерді ГУЛАГ күтіп тұрғанын білеміз, – дейді ол. – Сондықтан дәл қазір әлі де таңдау мүмкіндіктеріңіз бар. Егер АҚШ-тан баспана сұрағыларыңыз келсе, бөшкенің бергі жағына шығыңыздар».

- Тұтқындардың көпшілігі отанына, яғни Совет Одағына оралғанды жөн көрді, - дейді Бәдіріш Смағұлов. Бірақ өзі екі жаққа да шықпай, ортада қалып қойды. Бұл «Еуропада қаламын» деген сөз еді.

АҚШ офицерінің формасын киген адам Еуропада қалатындарға ешқандай да жәрдем берілмейтінін қатаң ескертті. Оның үстіне ағылшындардың қолына түсер болса, олар келісім бойынша Советтерге табыстайтынын айтты.

Біздің кейіпкеріміз немен шұғылданды, қалай күн көріп, қайтіп тіршілік етті? Бұл жөнінде Тоқтархан Шәріпжановқа, бәлкім егжей-тегжейлі айтқан да шығар. Бірақ менің әріптесім Бәдіріш Смағұловтың Батыс Еуропада (Батыс Германияда, Италия, Австрияда) жүргенін ғана білетін болып шықты.

«КЕБІН КИГЕН КЕЛМЕЙДІ, КЕБЕНЕК КИГЕН КЕЛЕДІ»

Сталин өлген соң, 1953 жылдың көктемінен бастап СССР басшылығы неміс тұтқынында болғандарға ғана емес, соғыс жылдары Германия күштеп айдалғандар мен Азамат соғысынан кейін елден жылыстаған ақ эмигранттарға да рақымшылық жасауға ант-су ішіп, өзінің бұрынғы азаматтарын қайтару үшін аянбай үгіт-насихат жүргізді.

Бұл сөзге көптеген адамдар секілді Бәдіріш Смағұлов та сенді. Бәлкім өзін-өзі күштеп сендірді ме екен... өйткені туған жер, ата-жұрт, ағайын-туысқа деген сағыныш - шерге айналып бара жатты. Ақыры елге қайтуға бел буды.

Алайда СССР-дің батыс шекарасынан өтісімен, НКВД қолына дереу кісен салып, ГУЛАГ-қа, сонау Сахалин жарты аралындағы жер асты шахтасының ауыр жұмысына жегілген тұтқындар қатарына жөнелтті де жіберді.

Бәдіріш бұл шахтада 1955 жылдың ортасына дейін, яғни бір жарым-екі жылдай ғана жұмыс істеді. Бір күні күтпеген жерден бұрқ еткен жарылыс тағдырын күрт өзгертті. Адамзат тарихында бұрын болмаған ойран мен нацистердің өлім лагерінен дін аман шыққан адам бейбіт күнде советтік ГУЛАГ-тағы осы бір алапат жарылыстан кейін біржола мүгедек болып қалды.

Ләззатбану соғыстың басынан аяғына дейін, одан соңғы он жылда да Құдай қосқан қосағынан еш хабар ала алмады - не «өлді» деген «қара қағаз» келмеді, не «хабарсыз кетті» деген дерек жетпеді. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген үмітпен жақынының жолына қарайлаумен ғұмыр кешкен көптеген қазақ әйелдері секілді, Ләззатбану да отағасына адалдығын сақтап, Бәдіріштің отын өшірмеді.

«Оны ұмыт, өзіңді ойла, күйеуге ти, бала тап» деген туған-туысқандары мен дос-құрбыларының ақыл-кеңесіне құлақ аспады.

ТҮСІНІКСІЗ ЗАТ

Осылай он бес жыл өтті. Ләззатбану 1955 жылы жаздың соңын ала үй сыртынан тосын шу естіп, далаға атып шықты. Шықса, қолына түсініксіз зат ұстаған денелі орыс жігіті ауыл адамдарының қаумалауымен тура өз үйіне қарай беттеп жатыр екен.

Барлық жері дәкемен таңылып, кей тұсы кір-кір шүберекпен оралған бұл зат өзінің көптен күткен... күтпеген күйеуі еді. Өз денесін өзі ұстай алмайтын Бәдіріш туған топырағына сан жылдан кейін осылай жетті.

Ләззатбану дәке мен шүберектерді шеше бастағанда ауыл адамдары соғыс басталғалы көрмеген кәдімгі «тірі» ақшаның жерге қалай шашылып түскені туған-туыстарының әлі есінде. Ол кезде елге жалақының орнына еңбеккүн жазылып, колхозшылар азық-түлік пен басқа да керек-жарақтарын сол еңбеккүн есебінен алатын еді.

Сонау жас күндерінде табыспай жатып айрылысып, есейгенде қайта кездескен қос мұңлықтың бірін-бірі қалай танығанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, әрине. Сап-сау, тепсе темір үзетін Бәдіріш бір көзінен айырылып, бір қолы иығынан жұлынып оралды. Екінші көзі де қатты нашарлаған.

Ол аз болса, Бәдіріштің денесіне шахтадағы қара көмірдің шаңы әбден сіңіп кеткен. Ауыл балалары оның түрінен қорқатын болды, кейін сыртынан «Фантомас» деп атап кетті. Фантомас - 1970 жылдары совет адамдары есі кете көрген танымал француз фильмінің бас кейіпкері болатын.

Әрі қарай өмір ағысы өзі алып кетті. Бәдіріш пен Ләззатбану сары уайымға салынбай, елмен бірге тіршілік етуге көшті. Ләззатбану дүниеге үш ұл, үш қыз
Бәдіріш Смағұлов пен оның зайыбы Ләззатбану. (Жеке қордан алынған сурет)
әкелді.

Бәдіріш сау көзін аз-маз емдетті, жасанды қолға да үйренді, тіпті комбайн мен трактор да айдады. Жасанды қолмен-ақ орақ ұстап, шөп орды, сөйтіп бала-шағасын ешкімге жәутеңдетпей, аман-есен жеткізді.

КГБ БАҚЫЛАУЫ

Алты бала тәрбиелеп өсірген, өмірден көрмеген теперіші жоқ Бәдіріш Смағұлов 1988 жылы 70 жасында дүние салды.

КГБ-ның қатаң бақылауына қарамастан, Бәдіріш марқұмның ішкі сырын ашқан жалғыз туысқаны Тоқтархан Шәріпжанов болар. Тоқтархан ағаның айтуынша, Бәдіріш қайтыс болғанда - Алматыдан ба, Семейден бе, әлде Өскеменнен бе екен - жай киінген бірнеше жас жігіт Жаңажолға келіп, Бәдірішті ақтық сапарға шығарып салу рәсімін басынан аяғына дейін көріп кеткен.

Қиян түкпірдегі шағын ауылда қаза болған қарапайым қазақ Бәдіріш Смағұловтың алдында «соңғы парызын өтеу үшін» алыстан «ат терлетіп» келгендердің кімдер екенін ауыл тұрғындары білген жоқ.

Тек Тоқтархан ғана бұлардың Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары екенін сезді. Сірә, олар талай жыл арнаулы есепте тұрған «соғыс тұтқыны» шынымен өлді ме, жоқ па, өз көздерімен көргісі келген болар.

Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқында болғандарды өзара араластырмау үшін оларды КГБ тыңшылары ұдайы аңдып жүреді деп Бәдіріштің айтқаны да Тоқтарханның есінде қалыпты. Сондықтан, Тоқтарханның ойынша, алыстан келген күтпеген қонақтар Бәдірішті жерлеуге қатысқандардың тізімін жасауды көздеуі де мүмкін.

Горбачевтің «қайта құруы» басталып, ептеп жылымық ескен заманның үшінші жылында Бәдіріш те қиянатшыл сұм жалғанды тастап кете барды. Ең аяғы оның мәңгілік байыз табар орны - ауыл жанындағы шағын зиратқа баратын ақтық сапарын да КГБ мұқият бақылап тұрды.

Бәдіріштің адал жары, «өмірге адам болып келгенін және адам болып кеткісі келетінін» дәлелдеумен өткен жанкешті ғұмырында тірегі болған Ләззатбану (Шөкек апай) Смағұлованың жүрегі 2004 жылы 83 жасында тоқтады.
XS
SM
MD
LG