Атын айтудан бас тартқан ол азамат Азаттықта жарияланған мақаланы оқығаннан кейін халық көмектеспесе, жас спортшының протезсіз қалатынына көз жеткізгенін айтады. «Протезге қажетті 7 миллион теңге мейірімді халықтан жиналатын болар» деп үміттенеді ол кісі.
«ЖЫЛ АДАМЫ»
Сиязбек Далиевтің есепшотына 200 мың теңге аударғаннан кейін әжесі Меруерт Байжанова редакциямызға хабарласты. Ол немересі Сиязбек Далиевті Азаттықтың оқырмандары елеп-ескеріп, көмек көрсеткеніне ризашылығын білдірді.
– Немерем інісі Әлімханмен бірге барып, банктен 200 мың теңгені алып келді. «Ақшаны алуға бар» деп бірнеше рет айтқан соң әзер барды. Өзі екі апта ауырып, жаттығуына қатыса алмай қалған. Естіген кезде «қайдан түсті, неге сұрайсың?» деп намыстанды. «Сұраған жоқпын. Қаржы жиналып жатса, барып протез салдырарсың» дедім.
Сиязбек Далиев жаттығу залына жету үшін екі автобусқа ауысып мінеді. Астана қаласының әкімшілігі 2009 жылы оған «Жыл адамы» атағын алған кезде «үй берілсін» деп шешім шығарған. Меруерт Байжанова сол уақыттан бері әкімшілік өкілдері үйлеріне бірнеше мәрте келіп, тексеру жұмыстарын жүргізгенін айтады.
2004 ЖЫЛДАН БЕРГІ КЕЗЕК
– Өткен аптада Астана қалалық тұрғын үй басқармасынан хабарласып, жақында үй беретінін айтыпты. Ол мүгедек ретінде үй кезегінде 2004 жылдан бері тұр. Алайда жалдамалы пәтерді ұсынған болатын. Ол жағы нақты белгісіз, – дейді Сиязбектің әжесі.
Меруерт Байжанова «Сиязбекке қалалық әкімшіліктен үй берілсе, немерем отбасын құрса» деп армандайды.
– «Мына үйді алсаң, өзіңе лайық қыз бар шығар» деп едім, «оны тіпті ойлама» деді. «Мен әлі институт бітірген жоқпын, әлі жұмысқа орналасқан жоқпын. Институт бітірген соң көрермін» деді. Алайда менің балама мүгедек болған соң қыздар қарамайтын шығар. Сол да маған қайғы болды, – дейді Меруерт әжей.
Қазір жас спортшы Сиязбек Далиев жуықта Чехияда өтетін жарысқа бармақ болып жүр. Ол 2012 жылы Лондонда өтетін олимпиадаға қатысуды да армандайды.