Accessibility links

Жас қазақстандықтар Ресейде оқуға бейіл


Ухта университетінде оқып жүрген қазақстандық студенттер
Ухта университетінде оқып жүрген қазақстандық студенттер

Шетелде оқитын 37 мыңнан астам қазақстандықтың 26 мыңы Ресейде білім алып жатыр. Ресейлік университеттер Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарынан келіп түсушілердің көптігін айтады.

Өскемендік Александра Харламова қазір Тюмень қаласындағы медициналық университетте магистратурада оқып жатыр. Ол Қазақстанда бакалавр бітірген соң бірден Ресейде оқимын деп шешкен. Және оқуға түсу жолын да оңай тапқан.

«Ресейдің әр университетінде шетел азаматтарына арналған гранттар бар. Құжатымды Тюмень, Астрахань қаласындағы университеттерге тапсырдым. Кейін Тюмень университетіне оқуға түсіп, сонда оқып жатырмын. Жалпы Ресейде оқуға түсу қиын болған жоқ. Интернет арқылы құжаттарымды жіберіп, кейін жазбаша емтихан тапсырып, өттім» дейді ол Азаттыққа.

«СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕН АҚМОЛАДАН КӨП ТАПСЫРАДЫ»

Ресейдің Ухта қаласындағы мемлекеттік техникалық университетінде 300-ден астам қазақстандық студент оқып жатыр. Жыл сайын бұл университетке 100-ден астам Қазақстан азаматы оқуға түседі. Бұл туралы Азаттыққа осы оқу орнының кураторы Леонид Красноперов айтты. Ол жыл сайын Қазақстанға арнайы келіп, мектептерде және жастар арасында Ресейге оқуға түсуге арналған бағдарламасын таныстырып қайтады. Оның бұл насихатынан шыққан нәтиже де аз емес сияқты. Былтыр ғана 100-ден астам қазақстандық Ухтадағы техникалық оқуға түскен.

Ресейде оқып жатқан Орталық Азия студенттері. (Көрнекі сурет)
Ресейде оқып жатқан Орталық Азия студенттері. (Көрнекі сурет)
«Жылда Қазақстанға барып, оқушылармен жұмыс жүргізіп, біздің университетке (Ухта техникалық университетіне – ред.) қалай оқуға түсуге болатынын түсіндіреміз. Бізге көбінесе Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарынан көп талапкер оқуға құжат тапсырады. Олар оқуға түсу үшін арнайы жазбаша емтихан тапсырады. Нәтижесі жақсы болса, оқуға түседі. Қазақстаннан былтыр 100 адам түссе, Қырғызстаннан 30, Тәжікстаннан 6 адам оқуға қабылданды» дейді ресейлік куратор.

Қазақстанда мектеп бітірушілер ҰБТ (ұлттық бірыңғай тестілеу – ред.) тапсыру арқылы ғана жоғары оқу орындарына түсе алады. Соңғы жылдары бұл тестілеу жүйесі жемқорлық пен оқушы білімін анықтаудағы кемшіліктеріне қатысты бірнеше дау-дамайға ілінді. Ал ресейлік жоғары оқу орындары қазақстандық абитуриенттерден ҰБТ нәтижесін талап етпейді. Тек аттестатын ғана қабылдап, бұрынғы жүйе бойынша қабылдау емтиханын тапсыртады.

Қостанайлық Артем Илов – ҰБТ-дан қашқақтап, Ресейге оқуға кеткендердің бірі. «Қазақстанда ҰБТ тапсырып, өз мүмкіндігіңді толық көрсете алмайсың. Маған жазбаша емтихан ұнайды. Ресейге оқуға тапсырғанда жазбаша емтихан тапсырып, өз білімімді толық көрсеттім. Кейін оқуға қабылдандым» дейді Артем.

ҰБТ мәселелері жөніндегі мақаламызды оқыңыз: «ҰБТ үміткері де, мектеп түлегі де азайып барады»

«4 ЖЫЛДА 4 МЫҢ СТУДЕНТ ЖӨНЕЛТТІК»

Көкшетаудағы «Лад» славян орталығы да Қазақстан азаматтарын Ресейге оқуға жіберуге көмектесетін ұйымдардың бірі. Осы ұйым өкілі Петр Кузьменко айтуынша, Ресейде оқығысы келетін қазақстандықтар көп.

«Ресей оқу бағдарламаларымен жұмыс жасаймыз. Томскіден төрт университет, Екатеринбург, Ухта қаласындағы бір университет және үш колледжбен тығыз байланыстамыз. Ресейге оқуға тапсыруға Қазақстаннан Қостанай, Көкшетау, Семей, Өскемен, Петропавл, Павлодар, Алматы сияқты қалалардан көп өтініш түседі. Оқуға тапсыратындардың 10-15 пайызы ғана этникалық қазақтар, қалғандары – орыстар. Қазақстан азаматтары аймақтық олимпиадаға қатысып, жазбаша емтихан тапсырады. Біздің ұйым 4 жылда 4 мыңнан астам қазақстандық студенттің Ресейге оқуға түсуіне көмектесті» дейді ол.

​Жеке университеттердің гранттарынан бөлек қазақстандықтар Ресей білім министрінің шетел азаматтарына арналған оқу бағдарламасына құжат тапсырады. Бұл бағдарламаға қатысатындар интернет арқылы құжат жіберіп, кейін арнайы конкурс арқылы оқуға қабылданады. Байқауды Ресей білім министрлігі өткізеді.

Бұдан бөлек, Ресей білім министрлігі жыл сайын Қазақстан азаматтарына арналған білім гранттарын бөледі. 2009 жылы Ресей Қазақстан азаматтарына арнап 270 грант берсе, 2010 жылдан бері тұрақты түрде 155 грант бөліп келген. Бұл гранттарға арналған конкурсты Қазақстан білім және ғылым министрлігі өткізеді.

Шетелде оқитын қазақстандық студенттер туралы инфографика:
XS
SM
MD
LG