Accessibility links

Уақытша тіркеуге тұру міндетке айналды


Поезда отырған балалар. (Көрнекі сурет.)
Поезда отырған балалар. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда азаматтарды уақытша мекенжайы бойынша тіркеу туралы көші-қон заңдарына енгізілген түзетулер биылғы жылдан бастап күшіне енді. Тіркеудің міндетті талапқа айналуы кей құқық қорғаушыларды алаңдатады.

Енді тұрғылықты жерінен тысқары жаққа бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруы тиіс. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.

Билік жаңа ереже «заңдағы олқылықтарды жою» мақсатында енгізілгенін айтады.

- Азаматтарды уақытша мекенжайда тіркеу тәртібі үкімет қаулысы деңгейінде бұрын да болған. Енді бұл тәртіп заң деңгейінде бекітілді. Қазір көші-қон заңына «уақытша мекенжай» деген түсініктің анықтамасы мен уақытша мекенжайда тіркеу міндеті енгізілді, - деді Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарасты көші-қон департаменті бастығының орынбасары Галина Сәрсенова орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, уақытша тіркеу тәртібі азаматтардың еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді әрі халықаралық тәжірибеге сәйкес енгізілген. Галина Сәрсенованың сөзінше, халықты белгілі бір формада тіркеу ережесі көп елдерде бар, өйткені экономикалық және әлеуметтік саясат соған қарай жоспарланады.

Көпқабатты отбасылық жатақхана алдында тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Көпқабатты отбасылық жатақхана алдында тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 12 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Түзетулерді парламентте талқылауға өзге құқық қорғаушылармен бірге Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтис те қатысқан.

- - Уақытша тіркеуге тұру тәртібі бұрыннан бары рас, және де өзгертулер, сайып келгенде, тек мерзімін үш айдан бір айға азайту мен айыппұлды ұлғайтуға ғана қатысты. Бірақ көші-қон департаменті ұйымдастырған брифинг спикері, жұмсартып айтқанда, әлемдік тәжірибеге бұрыс сілтеме жасап отыр, өйткені өркениетті елдердің көбінде азаматтарды міндетті тіркеу деген жоқ. Оған қоса шетелдік тәжірибеде айыппұл туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес. Әрине, тұрақты экономика мен инфрақұрылымды қолдау үшін мемлекет нақты бір аймақта тұрғындар санын қадағалауында ұстауы тиіс, бірақ мұның барлығы салық төлейтін немесе жұмысқа орналасатын жері бойынша жасалады. Бірақ Еуропа Одағында бір елдің аумағына одаққа мүше екінші елдің азаматы үш айдан астам уақытқа келсе, онда ол хабарлау сипатындағы тіркеуге алынады, - дейді Евгений Жовтис Азаттыққа.

Құқық қорғаушы адамның дәл қай күні келгенін қалай анықтайтынын онша түсінбейтінін айтады. «Әр пәтерге бір-бір учаскелік полицейден қарауыл қойып немесе келген қонақтарды жазып отыратын үй кітабын жүргізе ме, сонда» дейді Жовтис.

Бұрын уақытша тіркеу болған, бірақ міндетті емес еді. Және ешқандай айыппұл деген болмаған.

Негізі, көші-қон заңдарына енгізілген түзету авторлары жаңа заң қарапайым азаматтарды тіркеу процедурасын көп жеңілдетеді деп санайды. Галина Сәрсенованың сөзінше, бұрын тіркеуге тұруға екі тәулік кететін әрі өтініш беруші сегіз құжат өткізуі тиіс болса, енді халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) тіркелу уақыты 15-20 минуттан аспайды, ал тиісті құжаттардан тіркелуші мен баспана иесінің жеке куәлігі ғана керек.

Ал электронды қолтаңбасы бар Қазақстан азаматтары интернет арқылы электронды үкімет сайтында тіркеле алады.

Жемқорлықпен күресуге үндейтін жарнама жанында тұрған ішкі істер қызметкерлері. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Жемқорлықпен күресуге үндейтін жарнама жанында тұрған ішкі істер қызметкерлері. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Айыппұл уақытша тіркеуге тұрудан бас тартқан тұлғаларға ғана емес, пәтерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге қоймаған жалға берушілерге де салынады. Жеке тұлғаларға 10 АЕК (22,6 мың теңге), шағын кәсіпкерлерге - 15 АЕК (34 мың теңге), ал қонақүй қожайындары сияқты ірі бизнес өкілдеріне 50 АЕК (немесе 113,5 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Жаңа нормалар - 2016 жылғы желтоқсанның 22-сі күні президент Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның бір бөлігі.

Парламенттің жұмыс комиссиясының тыңдауларына қатысқан үкіметтік емес ұйым өкілдерінің пікірінше, жаңа заң күш құрылымдарының экстремизм мен терроризмге қарсы күресу мүмкіндігін арттырады, бірақ қадағалау функцияларының күшеюі азаматтық құқықтар мен еркіндіктерді шектеу қаупін ұлғайтады.

XS
SM
MD
LG