Accessibility links

Сарапшылар Ақтөбедегі шабуылдарды түрліше бағалайды


Ақтөбедегі шабуылдар кезінде түсірілген деп YouTube желісіне жарияланған видеодан алынған скриншот. Суретте 20-ға жуық жас жігіттер мылтықпен көше бойлап кетіп барады.
Ақтөбедегі шабуылдар кезінде түсірілген деп YouTube желісіне жарияланған видеодан алынған скриншот. Суретте 20-ға жуық жас жігіттер мылтықпен көше бойлап кетіп барады.

Кей сарапшылар маусымның 5-і күні Ақтөбеде қарулы топтың қару-жарақ дүкендері мен әскери бөлімге шабуылдары және полициямен қақтығысын «діни экстремистік топ әрекеті» десе, енді бірі оқиғаға әсер еткен басқа да факторларды атайды.

2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде қарулы топ ұлттық гвардияның әскери бөлімі мен екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Әскери бөлімге шабуылды қылмыскерлер қаладағы қоғамдық көліктің бірін басып алып, сонымен жасаған. Шабуылдар кезінде бірнеше адам қаза тапты. Полициямен болған атыс кезінде де екі тараптан оққа ұшқандар болған.

Ақтөбедегі шабуылдар
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:51 0:00
Жүктеп алу

Мәліметтерге қарағанда, он шақты қылмыскер опат болған. Полицейлер ішіндегі адам шығыны, дүкендерге шабуыл кезінде қаза тапқандар жайлы хабарланып жатыр. Бірнеше қылмыскер қашып кеткен деген ақпарат бар. Ақтөбеге терроризм қаупінің қатаң режимі енгізіліп, мектеп түлектерінің бүгін өтуі тиіс ҰБТ сынақтары маусымның 7-сіне шегерілді.

Полиция қызметкерлері жерде жатқан адамдардың жанында жүр. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.
Полиция қызметкерлері жерде жатқан адамдардың жанында жүр. Ақтөбе, 5 маусым 2016 жыл.

Кеше түс қайта басталып, бүгін таңға жалғасқан (жиыны 17 адам оққа ұшты деген ақпарат бар) қарулы қақтығыс кезінде интернет ажыратылып, сауда һәм ойын-сауық орталықтары, жұрт жиналатын орындар жабылған. Жергілікті телеарналар тұрғындарды терроризмге қарсы операция туралы хабардар етіп, үйден шықпауға кеңес берген.

Маусымның 6-сы "Нұр сити" ықшамауданын полиция қоршағаны хабарланып, қала тұрғындары таңертең атыс үні естіліп тұрғанын айтты.

«ҚАТАРДАҒЫ ҚЫЛМЫС ЕМЕС»

Қаза тапқандардан бөлек, ондаған адам жараланған Ақтөбедегі қанды оқиғаны сарапшылар әртүрлі бағалайды. Саясаттанушы Расул Жұмалы «оқиғаны терроризм деп атауға болады» дейді.

- Әскери бөлім мен қару-жарақ дүкендеріне шабуылдарынан қатардағы қылмыскер емес, экстремистік топ деуге болады. Полиция жұмысы нашар екені көрінді. Мұндай оқиға елде алғаш рет болып отырған жоқ. Өкінішке қарай, полиция шынайы қауіптермен күресу орнына балама ой айтып жүрген белсенділерді қудалаумен айналысып кетті. Өз халқымен күресіп жүргенде осындай үлкен проблема шықты, - дейді Расул Жұмалы.

Саясаттанушы «әзірге, мемлекет терроризммен күресте қысым жасау, түрмеге жабу сияқты әдіс-амалдарға сүйеніп, мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп келеді» деген пікірін айтты.

Саясаттанушы Расул Жұмалы.
Саясаттанушы Расул Жұмалы.

- Жұмыссыздық, әлеуметтік әділетсіздік сияқты терроризмнің тамыр жаюына ықпал ететін мәселелерге жеткілікті мән берілмейді, - дейді ол.

«ДІННЕН ГӨРІ ҚЫЛМЫСТЫҚ СИПАТЫ БАСЫМ»

Ал дінтанушы Кеңшілік Тышқан «полицеймен атысқан топтың әрекетінде діннен гөрі қылмыстық сипат басым» деп санайды.

- Діни ұйым деген болжам ғана. Видео, фотолар оны растағандай болды. Бірақ жігіттерді (шабуылдаушылар – ред.) көріп шықтым - діни терминдер байқалмайды. Бізде «радикалдық топ» дей салу - мода. Діни топ болса да бір ағым өкілдері деу қиын, көше бұзықтарына ұқсайды. Лаңкестер ұйымдастырса, мұқият әзірлейтін еді. Әлемдегі практиканы білеміз - инструкциямен әрекет етеді. Ал бұлардікі - бей-берекет, - дейді.

Әлеуметтік желіде Ақтөбедегі атыс деп сипатталған видео:

Дінтанушының ойынша, анық ақпарат жетіспейді, әр жерге шыққан видео, фото фрагменттерінен оқиғаны сараптау қиын.

- Мұнда жемқорлық сияқты көп факторлар болуы мүмкін. Қалай болса да ондаған адам қарумен шығып, сонша жерге таралуы, автобус басып алып, жұртқа қауіп төндіруі - шұғыл қимыл орындары әлсіз екенін көрсеткендей. Бір-екі адамды бақылаудан шығарып алуға болар, мұнша тобырдың еркін әрекетіне жол беру - қауіпсіздігіміздің шынайы жағдайын көрсетеді, - дейді ол.

«ОҚИҒАНЫҢ ӨРБУІНЕ ЖОЛ БЕРМЕДІ»

Facebook-те Ақтөбедегі оқиғаға пікір білдірген саясаттанушы Ерлан Қарин «полицияның оқиғаның өрбуіне мүмкіндік бермей, жолын кескенін» жазды.

Саясаттанушы Ерлан Қарин. (Сурет әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)
Саясаттанушы Ерлан Қарин. (Сурет әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)

«Мұндай топтың шабуылының арнайы органдардың, жалпы биліктің жұмысын тоқтатып, үрей таратуға мүмкіндігі болды, бірақ үкімет органдары жағдайды бақылауда ұстап, төтеп берді. Ақырында шабуылдаушылардың жоспары орындалмады» деп күш қолдану органдарының «терроризммен сәтті күрес жүргізіп жатқанын» баяндап, «полиция қайда қарап отыр» деген пікір иелеріне қарсы уәж айтқан.

«БИЛІК РАДИКАЛДАРҒА ОРЫН БОСАТЫП БЕРДІ»

Саясаттанушы Досым Сәтпаев билікті «оппозицияны әлсіретіп, оның орнын радикалдар басуына жол берді» деп сынайды.

«Өзін әлемге «тұрақтылық аралы» деп көрсететін билік «елде теракт болуы мүмкін емес» деп келді. Бірінші терактіден кейін оның «идеологиядан гөрі қылмыстық сипаты басым болды» дегенге сендіруге тырысты. Билік оппозицияны әлсіретіп, радикалдарға орын босатып берді. Құқық шеңберінде әрекет етуге тырысқан оппозицияны әлсіретем деп, радикал топтарды босатып алды. Енді олар «бар екенін» білдіріп жатыр» дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Ал бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев оқиғаны «биліктің мәселенің сыртқы көрінісіне мән беріп, себебімен күреспеуінің салдары» деп санайды.

Ол Facebook желісінде «Елімізде проблемалалар қордаланып қалды: экономикалық, әлеуметтік, жұмыссыздық, жемқорлық, нақты идеологияның болмауы, т. б. Рухани мәселелерге, жастар тәрбиесі мен біліміне мән берілмеді. Елде бәрі жақсы және тек [президенттің] арқасында деп келді. Кез келген балама пікір мемлекетке қарсы болып есептелді. Жер кодексіндегі өзгерістерге қарсы болғандар елдегі тұрақтылықты шайқалтушы «Америка агенттеріне» теңестірілді. Ал енді шабуылдаушылар шықты, тұрақты елде олар қайдан пайда болды?» деп жазды. Қазбек Бейсебаевтың пікірінше,«халық енді құдайдан басқа ешкімге үміт арта алмайды».

Instagram желісінде жарияланған видео:

Ақтөбеде алғашқы теракт бес жыл бұрын жасалған еді. 2011 жылы мамыр айында Ақтөбе ҰҚК департаменті ғимаратында 25 жастағы Рахымжан Мақатов өзін жарып жіберген. Оқиға орнында үш адам жараланған. Бұл оқиғадан кейін Қазақстанның бірнеше аймағында – Ақтөбе, Атырау, Астана, Алматы, Тараздаполициямен атыстар болған. 2012 жылы Қазақстанда терроризмге қарсы жүргізілген бірнеше операция барысында «террористер» деген күдікке ілінгендердің көбі оққа ұшқан болатын.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG