Accessibility links

Бір пәнге байланысты екі оқулықтың дауы


Досай Кенжетаев пен бірнеше аутор жазған "Дінтану негіздері" оқулығы. Алматы, 20 қаңтар 2011 жыл.
Досай Кенжетаев пен бірнеше аутор жазған "Дінтану негіздері" оқулығы. Алматы, 20 қаңтар 2011 жыл.

Биылғы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматы мектептерінде дінтану пәні бойынша жаңа оқулық пайда болды. Алайда өткен жылғы оқулықтың ауторы өз кітабын оқу бағдарламасынан алып тастағанға көне қоймайтынын айтады.


2011 жылдың қаңтарынан бастап орта мектептің 9-сынып оқушылары Досай Кенжетаев және басқа ауторлар бірігіп жазған «Дінтану негіздері» оқулығы бойынша білім алып жатыр. Алайда осы пән бойынша өткен жылы оқытылған «Дінтану негіздері» оқулығы да (ауторларының бірі – сенат депутаты Ғарифолла Есім) жақын арада мектеп бағдарламасына енуі тиіс көрінеді. Бұл туралы Ғарифолла Есім Азаттыққа берген сұхбатында хабарлады.

Ғарифолла Есім кейінгі оқулықтың «алғашқы бетінен соңына дейін қате» екендігін айтса, философ Досай Кенжетаев бұлайша жағымсыз пікір айту – бәсекелестерінің ісі екендігін алға тартады. Дінтану оқулығының «бұрынғы» және «жаңа» ауторлары бір-бірімен дауласып жатқанда сарапшылар екі оқулықтың да ғылыми-методикалық сапасына күмәнданады.

ҚАЗІРГІ МИНИСТРДІҢ «РЕТКЕ КЕЛТІРУІ»

Сенатор, академик Ғарифолла Есім қазіргі оқулықта фактологиялық және өзге де қателер көп дегенді айтады. Ол Досай Кенжетаевтың «Дінтану негіздері» оқулығына «әртүрлі дерекөздерден жиналған құжаттар жиынтығы» деген баға береді.

Досай Кенжетаев жазған оқулыққа қатысты сын бұдан бұрын да айтылған еді. Қаңтардың 19-ы күні Алматыда «Перспектива» қорының сарапшылары ол оқулықты мектеп бағдарламасынан алып тастау керек деп мәлімдеген.

– Оқулықты сараптай келе, онда суфизимді насихаттау көріністерінің бар екендігін анықтадық. Сондықтан біз Досай Кенжетаевтың «Дінтану негіздері» оқулығын мектептерден алып немесе бұл пәннің тоқтатылуы туралы мәселе көтереміз, – дейді қор президенті Ажар Дәулетова.
Ғ.Есім және басқа ауторлар жазған бұрынғы оқулық. Алматы, 20 қаңтар 2011 жыл.


Ғарифолла Есімнің айтуынша, Досай Кенжетаев жазған оқулық Жансейіт Түймебаевтың білім және ғылым министрі болған кезінде құпталған.

Алайда «жаңа келген министр оқулықты шығару жұмыстарын ретке келтіріп жатыр» дейді Ғ.Есім мырза. Сондықтан ақпан айынан бастап орта мектеп оқушылары Ғарифолла Есімнің түзетіліп, қайта басылған оқулығын ұстайтын көрінеді. Түзетілген себебі - оның оқулығы да өткен жылы құқық қорғаушылардың сынына іліккен болатын.

– Менің оқулығым дербес сарапшыларға беріліп, олардың айтқан ескертпелерін жөндеп, өзгерттік. Өзгертпелер негізінен Иегова куәгерлері, саентология мен Кришна санасы дегендерге қатысты болатын. Бірінші оқулықта «бізге тән емессіңдер» деп, олар туралы пікірімізді ашық айтып еді. «Соны жұмсартып айтыңдар, бұл адам құқығын бұзады» деген соң кейбір сөздерді, сөйлемдерді өзгерттік. Мәселен, қайта басылған оқулықта «Дәстүрлі емес діндер» дегеннің орнына «жаңа ағымдар» деп қойдық, – дейді Ғарифолла Есім.

БҰРЫНҒЫ МИНИСТРДІҢ «ӨТІНІШІ»

Қазіргі оқулықтың ауторы, философия ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті түркология институтының директоры Досай Кенжетаев бұл айтылғандарды өзін көре алмаушыларды пікірі деп санайды. Ол Алматыда өз оқулығына қарсылық білдіргендердің тасасында Ғарифолла Есім тұр дегенді айтады.

– Ешқандай суфизмді насихаттау жоқ. Мұның барлығын біздің сенаторымыз Ғарифолла Есім ұйымдастырып отыр. Себебі оның оқулығын білім
Д.Кенжетаев және басқа ауторлар бірігіп жазған "Дінтану негіздері" оқулығының бір беті. Алматы, 20 қаңтар 2011 жыл.
министрлігі бекітпей қойды, – дейді Досай Кенжетаев.

Ғарифолла Есімнің оқулығын сарапшылар қабылдамай қойғандықтан, сол кездегі министр Түймебаевтың жаңа оқулық жазуды өтінгенін айтады.

– Ол үш айдың ішінде жазып беруімді өтінді. Бірақ бұл өте ауыр және еңбекті көп қажет ететін жұмыс екендігін айтып, сегіз ай сұрадым. Өткен жылдың тамызында оқулықты жазып аяқтадым. Сол кезде, министр Жансейіт Түймебаевтың тұсында менің кітабымды министрлік қабылдады, – деді Досай Кенжетаев Азаттық тілшісімен сөйлескенде.

Алматыдағы орта мектептердің бірінің кітапханасына кірген Азаттық тілшісі жоғарыда сөз болған екі оқулықтың да сөреде тұрғанын көрді. Олардан өзге 2003 жылы, 2007 жылы шығарылған дінтану оқулықтары да бар екен. Ал Ғарифолла Есімнің қайта басылған оқулығы мектептен де, кітап дүкендерінен де табылмады.
XS
SM
MD
LG