Accessibility links

Астанаға көшудің Алматы бас мұражайына әсері


Алматыдағы орталық мемлекеттік мұражайдан шығып келе жатқан адамдар. 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы орталық мемлекеттік мұражайдан шығып келе жатқан адамдар. 28 қараша 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматыдағы орталық мемлекеттік мұражай республикалық меншіктен қаланың коммуналдық меншігіне өтуі мүмкін. Музей ұжымы оған қарсы. Алматы әкімдігі музей жұмысын тоқтатпауға уәде береді.

Орталық мемлекеттік мұражайдың (ОММ) мәртебесін өзгертуге қатысты алғашқы ұсыныс 2010 жылы Алматы әкімдігіне қарасты мәдениет басқармасы бірнеше мұражайды бір шаңырақ астына біріктіруді ұсынған кезде жасалған. Бірақ мұражай директорлары ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған соң бұл шаруа аяқсыз қалған.

2012 жылы әкімдік орталық мемлекеттік мұражайдың бағытын өзгертіп, көпфункциялы мәдени орталыққа айналдыру туралы жаңа идея ұсынған. Ол кезде шенеуніктер мұражайға «жұрт аз келеді» деген уәж айтқан. Мысалы, сол кездегі қалалық мәдениет басқармасы бастығы Қайрат Құлбаев «2011 жылы біздің мұражайға 50 мың адам ғана келіпті, ал Париждегі Лувр мен Лондондағы ұлттық галереяға жыл сайын миллиондаған адам келеді» деген еді. Ал екінші дәйек ретінде «мұражай Қазақстан дамуының бүкіл кезеңін хронологиялық тұрғыдан толық қамтымайды» деген уәж айтылған. Бірақ, ол жолы да түпкілікті шешім қабылданбай, мұражайды жайына қалдырған болатын.

Алматы әкімдігі классикалық мұражайдың статусын өзгертіп, қаланың коммуналдық меншігіне беру мәселесін араға үш жыл салып тағы қозғап отыр. Бұл жолғы ұсыныс Астанадағы ұлттық мұражай құрылысы аяқталып, ашылуына байланысты жасалған.

Орталық мемлекеттік мұражай директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.
Орталық мемлекеттік мұражай директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.

ОММ директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаевтың айтуынша, қазіргі кезде мұражайды коммуналдық меншікке беру, бірақ республикалық бюджеттен үш жыл бойы толық қаржыландыру мәселесі қозғалып жатыр.

– Қазақстанда тек біздің мұражайда ғана ғылыми мекеме деген мәртебе бар. Аймақтарда ғылыми мекемелер ашып, ғылымды дамытып, облыс мұражайлары қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың орнына, ғылыммен шындап айналысатын жалғыз мұражайдан айрылғалы отырмыз. Біздің мұражай – Қазақстан ғылымы мен мұражай ісінің көшбасшысы. Оны қала иелігіне өткізсе, білікті мамандарымыздан айырыламыз, қызметкерлердің жалақысы азаяды, - дейді мұражай директорының бірінші орынбасары.

Ол мұражай ісін «жойып-жабу» жағынан жергілікті биліктің тәжірибесі мол деп қынжылады. Оның айтуынша, мұражай қызметкерлері Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы НКВД-КГБ-КНБ (ҰҚК) ғимаратында саяси репрессиялар тарихы мұражайын құру үшін көп күш салған.

Орталық мемлекеттік мұражайдағы экспонаттардың бірі – «Қарғалы диадемасы». Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.
Орталық мемлекеттік мұражайдағы экспонаттардың бірі – «Қарғалы диадемасы». Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.

– Әлгі мұражайды құрғанымыз сол еді, оны қаланың коммуналдық меншігіне бере салды. Көп ұзамай экспозицияны қысқартып, экспонаттарды қалалық мұражайға өткізіп жіберді. Ал ол жақта тіпті орауын да жазбастан әлдебір қоймаға жинап қойды да, олар сол күйі ұмыт қалды, ал саяси репрессиялар мұражайы орнына «Альянс банктің» бір филиалын ашып қойды. «Сынық шаңырақ» монументі әлі сонда тұр, - дейді Бейбітқали Қақабаев.

Мұражай мамандары 150 жыл бойы жиналған бірегей қордың тағдырына алаңдайды. Кезінде орталық мемлекеттік мұражайы экспонаттары Орынбор, Омбы мұражайларынан әкелінген, шетелдегі қазақ диаспорларынан тірнектеп жиналған. Мұражай коллекциясын жинауға Александр Бернштам, Юрий Домбровский, Әлкей Марғұлан сиқты көптеген белгілі ғалымдардың еңбегі сіңген.

Мұражай ұжымы қызметкерлерінің айтуынша, мұражайда ай сайын үш-төрт көрме өтеді. Мұнда кіру билетінің бағасы да арзан – балаларға 70 теңге және ересектер үшін – 150 теңге, ал әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған азаматтар үшін экскурсиялар тегін өтеді. Осы кезге дейін мұражай ұжымы келушілер санын 130 мың адамға жеткізген.

Орталық мемлекеттік мұражай кәсіподағы төрайымы Татьяна Козуб. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.
Орталық мемлекеттік мұражай кәсіподағы төрайымы Татьяна Козуб. Алматы, 28 тамыз 2015 жыл.

– Көрмелерімізді өткізуге көмектесетін әріпестерімізді, оның ішінде коммерциялық демеушілерімізді жоғалтамыз. Жыл аяғына дейін бәрін жоспарлап, кесте құрып қойғанбыз. Қала тұрғындары телефон соғып, сайтқа жазып, сұрап жатыр, бірақ оларға не деп жауап берерімізді білмейміз. Бұл өзгеріске бүкіл ұжым қарсы. Әкімдіктен де ешкім келіп, ештеңе түсіндірген жоқ, - дейді орталық мемлекеттік мұражай кәсіподағы төрайымы Татьяна Козуб.

Бірақ, Алматы әкімдігінен Азаттыққа келген хатта мұражайдың болашағына байланысты алаңдаушылыққа негіз жоқ екендігі айтылған. Билік «мұражай қызметі өзгермейтіні, келешекте мұражайды жергілікті бюджет пен өзінің кірісі есебінен ұстау жоспарланып отырғанын» айтқан. «Орталық мемлекеттік мұражайды дамыту концепциясының жобаларын музей экспонаттарын жобалауға маманданған, Еуропа мен Қазақстанға танымал компаниялар дайындаған» деп жазған әкімдік ресми жауабында.

Орталық мемлекеттік мұражай қорында 300 мыңға жуық материалдық және рухани жәдігер бар. Мұражай коллекциясы 1930 жылдары Орынборда жинала бастаған. Қазіргі ғимараты Алматының ортасында – ел президентінің резиденциясына қарсы бетте орналасқан. Ол 1980 жылдары Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен салынған.

XS
SM
MD
LG