Accessibility links

Жұмыс істейтіндердің жартысы зейнетақы жинамайды


Зейнетақы қорының жарнамасына қарап тұрған қарт. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.
Зейнетақы қорының жарнамасына қарап тұрған қарт. Алматы, 29 наурыз 2012 жыл.
Дүниежүзілік банк дерегі бойынша, жұмыс істейтін қазақстандықтардың 65 пайызы зейнетақы қорына ақша аудармайды. Ал Астана 40 пайызды көрсетіп отыр. Бірақ мұның өзі де көп.

Азаттықпен телефон арқылы сұхбаттасқан, бір компанияда кеңесші болып істейтін Бақытгүл Мамыржанова:

- Өз басым зейнетақы жүйесіне 60 пайыз шамасында ғана сенемін. Мен зейнетке шыққанда қорда жинаған ақшам азайып қала ма деп қорқамын. "Зейнетақы алып, қарық боламын” деп көп үміт артпаймын. Әйтеуір дәтке қуат болса екен деймін, - дейді.

Журналист және азаматтық белсенді Андрей Цуканов жалақысының 10 пайызын зейнетақы қорына (ЗҚ) аударғанымен, зейнетақы жүйесіне сенбейді.

- Егер мына жүйе осылай қала берсе, мен зейнет жасына жеткенде мүлде зейнетақысыз қалатын шығармын. Инфляция бәрін "жеп” қояды. Зейнетақы қорларында мүлде кіріс жоқ. Мұны жылына бір рет алатын хабарламадан көріп отырмын. Қорға аударып жатқан ақшам өспек түгілі, керісінше азайып бара жатыр, - дейді Андрей Цуканов.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҒДАЙЫ

2012 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша, зейнетақы қорларындағы шоттардың саны 8 миллион 389 мың 53 болды. Оның ішінде 8 миллион 139 мың 866 салымшының орташа инвестициялық қоржыны бар, ал 249 мың 187 салымшы консервативті инвестициялық қоржынға ие. Қорларда жинақталған зейнетақы активінің жалпы сомасы 3 триллион 79 миллиард теңгеден (немесе 20 миллиард доллардан) асты.

Биылғы қазан айының 1-індегі есеп бойынша, зейнетақы қорлары пайдаланатын қаржы құралдарының құрылымы мынадай (теңгемен):

Инфляцияның жиынтық көлемі соңғы бес жылда 47,33 пайызға жеткен. Зейнетақы жинағы Қазақстанның ішкі жиынтық өнімінің 9,7 пайызы болып отыр. Бұл мәліметтерді Ұлттық банктің қаржы ұйымдары мен қаржы нарығын қадағалау комитеті жариялады.

"АРТЫҚ ҚЫЛАМЫЗ ДЕП..."

Зейнетақы жүйесіне реформа жасаған билік әр қазақстандықты ертеңгі қарттық қамын ойлауға міндеттеуге үміттенген еді. Азаматтардың мойнына қартайған шағында қажет болатын белгілі бір соманы жинақтау міндеті жүктелді. Жинақталған бұл ақша, біріншіден, болашақта ел бюджетіне түсетін салмақты азайтады, екіншіден, қор нарығы арқылы ел экономикасының салаларын қаржыландыруға жұмсалады деп жоспарланды.

Ақиқатына келгенде, зейнетақы жүйесіндегі жағдай басқаша өрбіді. Дүниежүзілік банктің 2011 жылға жасаған қорытындысына сәйкес, жұмыс істейтін қазақстандықтардың 65 пайызы міндетті зейнетақы жарнасын мүлде аудармайды. Қазақстан келтірген 40 пайыздың өзі - көп. Қазір жұмыс істеп жүрген азаматтардың жартысына жуығы зейнет жасына жеткенде зейнетақысыз қалуы мүмкін.

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 16 наурыз 2011 жыл.
Егер 2012 жылдың қараша айының 1-і күнгі есеп бойынша ел экономикасында жұмыс істейтін халықтың саны 8 миллион 510 мың 700 адам болса, Дүниежүзілік банктің деректері бойынша оның ішіндегі 2 миллион 978 мың 700 адам ғана болашақ зейнетақысына ақша аударып жатыр. Ал қазақстандық сарапшылардың деректері бұдан өзгеше, зейнетақы қорына – 5 миллион 106 мың 400 адам қаражат аударады.

Қараша айында Қазақстан ұлттық банкі төрағасы Григорий Марченко «Біздің зейнетақы жинақтау жүйесі халықты толық қамти алмай отыр. Бұл - өз бетімен жұмыс істейтін азаматтарға қатысты мәселе. Тіпті тұрақты жұмысы бар адамдардың өздері зейнетақы төлемдерін толық көлемде аудармайды» деп мәлімдеді.

Ендігі бір өзекті мәселе – зейнетақы қорларында жинақталған қаражатты өсіріп отыратын тиімді қаржылық құралдардың жоқтығы. Мемлекет инфляция «жеген» қаржының орнын әрең толтыратын құнды қағаздарды зейнетақы қорларына ғана арнап шығарып отыр деуге болады.

ЖҰРТТЫҢ ҚАУПІ

HeadHunter зерттеу орталығы жүргізген сауалнама нәтижелеріне қарағанда,
Журналист және азаматтық белсенді Андрей Цуканов. Астана, 31 мамыр 2010 жыл.
Журналист және азаматтық белсенді Андрей Цуканов. Астана, 31 мамыр 2010 жыл.
қазақстандықтардың 70 пайызы денсаулығы жараса, зейнетке шыққаннан кейін де жұмыс істей беруге әзір.

Сұралғандардың ішінде 25 жасқа толмаған азаматтардың - 25 пайызы, 26-30 жастағылардың - 33 пайызы, 31-45 жастағылардың - 40 пайызы, 45-тен асқан азаматтардың 47 пайызы «Зейнетақымен күн көре алмаймын» деп жауап берген.

- 1996 жылға дейін стаж жинап алғандар әжептәуір зейнетақы алады. Егер ештеңе өзгермесе, қайыршылықпен күй кешіп өлуім мүмкін, - дейді Андрей Цуканов.

ҰСЫНЫСТАР

Елдегі зейнетақы жүйесінің қазіргі жағдайына көңілі толмайтындар көп. Өйткені зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстар жиі айтылып, оны жетілдірудің нақты шараларын қолдануға шақырған азаматтар көбейіп келеді.

Ұсынылған шаралардың арасында зейнетке шығу жасын ұлғайту, зейнетақы қорына аударылатын жарна мөлшерін өсіру, міндетті зейнетақы жарнасын уақытында аудармаған жұмыс берушіге қойылатын талапты күшейту, жинақталған зейнетақыны төлеуге салынатын салық мөлшерін азайту немесе салықтан босату, ортақ жүйеге қайта оралу және тағы бұдан басқа да ұсыныстар бар.

Ал Сіз зейнетақыңызды жинап жатырсыз ба? Жинап жатсаңыз, жиған ақшаңыз қартайғанда Сізді қамтамасыз етеді деп ойлайсыз ба? Егер зейнеткер болсаңыз, оның көлемі негізгі мұқтаждықтарыңызды өтеуге жете ме? Жауаптарыңызды форумда күтеміз.
XS
SM
MD
LG