Accessibility links

Жолбарысты қайта жерсіндіру үшін Ди Каприоға үміт артады


Америкалық актер Леонардо Ди Каприо.
Америкалық актер Леонардо Ди Каприо.

Леонардо Ди Каприо сияқты атақты адамдар Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру проблемасын талқылауға түрткі болды. «Каспий» немесе «Тұран жолбарысы» деп аталатын түз тағылары мұнда 20-ғасырдың бірінші жартысына дейін мекендеген.

Кезінде Қазақстанды мекендеген мысық тұқымдас ірі жыртқыш «Каспий» немесе «Тұран жолбарысы» деп аталатын тұқымға жатады. Бенгал және Амур жолбарыстарынан тұрқы кішілеу болғанымен, ол да ірі аң болған. Хатталған дерекке қарағанда, Каспий жолбарысының салмағы 240 килограмға жететін. Бұл тұқымның бір ерекшелігі -жирен түсті жүнінің бояуы қанық. Ал түсі қоңыр реңкті болып келетін жолақтары ұзын әрі жиі орналасқан. Қыстың күні Каспий жолбарысының терісі, әсіресе қарын тұсының жүні қалыңдай түседі. Тұмсығында қою мұрты болған.

Құжаттарға қарағанда, Қазақстанды мекен еткен жолбарыс тұқымының соңғы өкілін 1947 жылы Қарауылқұм ауданында әлдебір аңшы өлтірген.

Каспий жолбарысын қайта жерсіндіру идеясы 2005 жылы айтыла бастаған еді. Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесіне байланысты бұл тақырып жуырда қайта қозғала бастады. Жолбарысты жерсіндіру бағдарламасын іске қосу туралы WWF дүниежүзілік жабайы табиғат қорының ресейлік өкілдігі мен Қазақстан үкіметі арасында келісімге Қазақстан астанасында өтетін халықаралық көрме аяқталар тұста - 2017 жылғы қыркүйектің 8-і мен 9-ы күндері қол қойылады деп жоспарланған.

ЖОЛБАРЫС БАҒДАРЛАМАСЫ

Ресей - WWF ұйымы жолбарыстың бұл тұқымының бұрын мекен еткен ареалын Таяу Шығыс, Закавказье елдерінен бастап Орталық Азия аймағына дейін зерттеген. WWF дүниежүзілік жабайы табиғат қорының Ресей өкілдігі директоры Игорь Честиннің Азаттыққа айтуынша, Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлі жағасы Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру үшін жайлы территория болады деген тоқтамға келген есеп Қазақстан ғылым академиясының зоология институтымен бірлесіп әзірленген.

Каспий жолбарысының суреті.
Каспий жолбарысының суреті.

Ол жақта халық сирек қоныстанған (шаршы километріне екі адамнан аспайды), әрі ол жақтың жергілікті экожүйесі жолбарыстың бұл түрі 1950 жылдардың аяғына дейін мекендеген ортаға сай деп танылған. Жеті мың шаршы метр аумаққа 40-55 жолбарыс жіберсе, жарты ғасыр ішінде оның санын 64-98 жолбарысқа дейін көбейтуге болады деп болжанады.

Жобаны іске қосу үшін жолбарысты жерсіндіру бағдарламасына үкімет қол қойып, Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында резервуат құруға келісімін беруі әрі оның қажетін өтеуге қатысты міндеттемелер алуы тиіс.

Балқаш көлі жағасында резервуат құру жұмыстары биыл қайта жаңғырады деп үміттенетін Игорь Честиннің айтуынша, бағдарламаны іске асыру жұмыстары тек 2016 жылы ғана жанданған.

Бірақ Қазақстан ұлттық география қоғамының (ҚҰГҚ) атқарушы директоры Жанна Рүстем WWF директоры Игорь Честиннің оптимизмін қостамайды. ҚҰГҚ-ын 2013 жылы бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімов Қазақстанда жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жобасын іске асыратын бастамашыл топ ретінде құрған. Енді оның жетекшісінің айтуынша, «экономикада қалыптасқан жағдайға» байланысты қымбат бағдарламаларға мораторий жарияланғандықтан, жобаны тоқтата тұруды ұйғарған.

- ... ал әлгі жоба бір күннің, бір жылдың жобасы емес. Бұл - миллиондаған ақша тұратын қымбат жоба, - дейді ҚҰГҚ атқарушы директоры Жанна Рүстем.

«Зеленое спасение» экологиялық қоғамы жетекшісі Сергей Куратов Каспий жолбарысы санын қалпына келтіру жұмысын ерекше, бірақ іске асуы қиын жұмыс деп санайды. Ол қолда барды сақтап қалуды үйренуге шақырады, бірақ елде бұған тиісті заңдар, мамандар және ғылыми база жоқ деп санайды.

- Ең жаманы, Қазақстанның ерекше қорғалатын территориялар туралы заңдары нашар. Заңдарды орындау деңгейі де көңіл көншітпейді. Мұндай құқықтық жағдайда Қазақстан Каспий жолбарысы тұқымын қалпына келтіру сияқты қиын жұмысты қамтамасыз ете алмайды, - дейді Сергей Куратов Азаттыққа.

Оның сөзінше, ұлттық парктердің жұмыс істеуін мемлекет тарапынан қаржыландыру жағы да мүшкіл.

ҚАЗАҚСТАНҒА ЖОЛБАРЫСТЫ КІМ ЖЕРСІНДІРУІ ТИІС?

WWF дүниежүзілік жабайы табиғат қоры дерегінше, 20-ғасырдың басында планетада 100 мыңға жуық жолбарыс мекендеген. Мысықтұқымдастарға жататын ірі жыртқыштың тоғыз түрі болған. Қазір үш жарым мыңдай ғана жолбарыс қалған. Төрт тұқымы құрып кеткен. WWF басқармасына кіретін голливудтық актер Леонардо Ди Каприо жолбарыстың әлемдік популяциясын құтқаруға өз үлесін қосып жүр. 2010 жылы ол жолбарыстарды сақтау жөніндегі Санкт-Петербург саммитіне қатысып, жолбарыстарды сақтап қалу бағдарламасына екі миллион доллар беретінін мәлімдеген. Табиғат қорғау жобаларына қатысқаны үшін белгілі актерді «жолбарыстар елшісі» деп атайды.

Актер Леонардо Ди Каприо (оң жақта) жолбарыстарды қорғау саммитінде Владимир Путинмен (сол жақта, премьер кезі) амандасып тұр. Санкт-Петербург, 23 қараша 2010 жыл.
Актер Леонардо Ди Каприо (оң жақта) жолбарыстарды қорғау саммитінде Владимир Путинмен (сол жақта, премьер кезі) амандасып тұр. Санкт-Петербург, 23 қараша 2010 жыл.

Енді Леонардо Ди Каприо мен еліндегі климат өзгеру қоры жетекшісі болып саналатын Нидерланды ханшайымы Лаурентинді Каспий жолбарысы популяциясын қалпына келтіру бағдаламасы басталғанын білдіретін қол қою шарасы жоспарланған Астанаға шақырмақ. Жергілікті БАҚ бұл жайлы ЭКСПО-2017 басқарушы директоры Салтанат Рахымбековаға сілтеме жасап хабарлаған.

Леонардо Ди Каприо мен Нидерландының король отбасы мүшелерін шақыру идеясын ұсынған WWF-Ресей директоры Игорь Честиннің айтуынша, Астанаға келу жайлы олармен әлі ешқандай келісім жасалмаған.

Біз Қазақстан Республикасы үкіметімен бірлесіп жүзеге асырамыз деп үміттенетін бағдарламаны іске қосылғаны жайлы халықаралық деңгейде хабар таратқымыз келеді. Әлі ешқандай келісім жоқ болғанымен, Леонардо Ди Каприоны шақыру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, - дейді Игорь Честин Азаттыққа.

Каспий жолбарысы популяциясын қалпына келтіру бағдарламасы авторлары есебінше, Қазақстан үкіметімен келісімге қол қойылғаннан кейін жобаны іске асыруға 10 жыл ішінде меценаттардан 20 миллион доллар түседі. Бұған қоса, олар Астана да қаржыландыратын шығар деп үміттенеді.

XS
SM
MD
LG