Шілденің 12-сі күні әлеуметтік желілерде тарай бастаған видеода үш жігіттің қасқырдың алты бөлтірігін екі-екіден желкесінен ұстап көтеріп тұрғаны көрінеді. Төртіншісі оларды видеоға түсірген. Жігіттердің бірі қазақша: «Қуырдақ! Қасқыр қуырдақ, шашлық! Бауыздап-бауыздап ауылға алып барайық!» дейді. Келесі кадрде әлгі адамдардың туғанына бірер апта ғана болған күшіктердің бірінің аяғын жұлып жатқаны көрінеді. Жас жігіттер кейін күшіктерді бауыздап тастаған. Бұл көріністі асқан қатыгездікке балаған әлеуметтік желі қолданушыларының бірі кейіпкерлерді жазғыру кезінде «өздерін бауыздау керек» дегенге дейін барды.
«ОЛАР ДА БАЛА ҒОЙ»
Аружан Тұрабаева есімді Facebook әлеуметтік желісін қолданушы видеоның астына: «Көріп болғанымша, аяқ-қолым дірілдеп кетті. Алладан қорықса кайтеді» деп жазады. Ботагөз Пернеқұлова есімді тағы бірі: «Қолдары қалай барды екен, кішкене күшіктерді өлтіруге. Олар да бала ғой, хайуанаттар бағына неге өткізбеген? Бұл – нағыз жауыздық қой» деп аяушылық білдіреді.
Қызылгүл Жиенбаева есімді әлеуметтік желі қолданушысы: «Бүкіл адамзаттың атынан сұраймын, мына малғұндарға жазасын беріңдер! Бұлар ешкімді де аямайды, солай өлтіруге болама екен азаптап. Әр нәрсенің обалы болады. Бөлтіріктің де жаны бар ғой! Жазасыз қалмайсыңдар!» деп ашу-ызасын төгіпті.
Бірақ әлеуметтік желіде жарияланған видеоның астында жазылған пікірлердің арасынан «бөлтірік бауыздаушыларды» ақтап алғысы келгендер де байқалған.
Мәселен, Бақыт Жаншаева есімді қолданушы: «Мұны жауыздық деп шошынып жатқандар ауылда өскен қазақтар емес. Қасқыр шапса, бірлі-жарлы қойды емес, түгелдей отар қойды жарып кететінін қалада өскендер қайдан білсін. Қыс қатты болса, азық таба алмаған қасқыр ауылдың ішіне кіріп, қорадағы қойға шауып, басынатынын білесіздер ме? Ол тіпті адамнан да қорықпай, тура шабады. Ол – түз тағысы. Сондықтан түз тағысын аяудың қажеті жоқ. Нағыз қауіпті жыртқыш. Сондықтан, қазынадан ақша бөліп басқа аңды емес, қасқырды қыруға шықпай ма? Вертолет шығарып, қасқырды атып жатқан көріністі талай көрдік емес пе? Тіпті қасқырдың терісіне дейін ақшаға шағып, қабылдап жатады. Атам қазақ қасқырдың апанын тапса, бөлтіріктердің тілерсегін тіліп тастап кетеді. Ия болмаса, бауыздап кетеді» деп пікір білдірген. Бірақ ол «жастардың видеоны интернетке жариялағанына ғана қарсы» екенін де айтыпты.
Форумда «қасқырдың жауыздығына» қарымта қайтаруға шақырушылар бұл хайуанның адаммен дәрежесі тең әлеуметтік жаратылыс емес екенін, бар болғаны табиғи инстинктісіне сүйенетін жыртқыш екенін бір сәтке ұмытқандай әсер қалдырады.
20 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ
Видеоның жарияланғанына бірнеше күн болса да, бөлтірік аулаушылардың кім екені, оқиғаның қай жерде болғаны әлі нақтыланған жоқ.
Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің сарапшысы Асқар Әбдірахманов бұл оқиға Оңтүстік Қазақстан аумағында болуы мүмкін деп топшылайды.
«Біз аталған облыспен қатар басқа да аймақтардағы өзіміздің бөлімшелерге болған оқиғаны (бөлтірік бауыздау – ред.) нақтылау жөнінде хат жібердік. [Видеодағы] адамдарды анықтау жөнінде ішкі істер министрлігіне де сұраныс жіберіп жатырмыз. Бұған дейін мұндай қатыгездік оқиғасы тіркелмеген» деді ол Азаттыққа.
Сарапшының сөзінше, даулы видеодағыдай жабайы аң өлтіру әкімшілік-құқық бұзушылық болып саналады. Аң-құстарды заңсыз атқан, өлтірген адамдарға қоршаған ортаға тигізген зиян көлеміне қарай салынатын айыппұл мөлшері әкімшілік кодексте бекітілген. Мысалы, адам заңсыз арқар атса, 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК); барыс ауласа – 2000 АЕК; тиінге – 5 АЕК, борсыққа – 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Бірақ қасқырға салынатын айыппұл көлемі анықталмаған.
«Алайда видеодағы жігіттердің әрекетіне байланысты «Аңшылық маусымынан тыс уақытында аң аулағаны үшін» 10 АЕК көлемінде (20 мың теңге немесе 100 доллардан сәл асатын сома – ред.) айыппұл салынады» деді Асқар Әбдірахманов.
Қазақстан қылмыстық кодексінің «Жануарларға қатыгездiк жасау» бабында қарастырылған қылмыс бойынша, топ адамның бұзақылық ниетпен немесе садистік әдiстерді қолдана отырып жасаған іс-әрекеті жануарлардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан жағдайда айыптыларға бес жүз АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, я болмаса үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы беріледі.
ТМД елдерінің кейбірінде хайуандарға қатыгездік жасау бойынша арнайы жаза түрі белгіленбеген, мұндай әрекет тек «заңсыз аң аулау» болып қарастырылады. «Хайуандарға қатыгездік жасау» Ресейдің азаматтық кодексінде айтылғанмен, жаза түрі тек сол хайуанды иесінен тартып алумен шектеледі. Ал «бөлтірік бауыздаушылар» Батыс елдерінде ұсталған болса, қылмыстық жазаға тартылар еді. Мысалы, мұндай әрекет жасаушылар Францияда екі, ал Германияда үш жылға дейін сотталады.