Accessibility links

Саяхатшы көбейгенімен, қызмет сапасы өзгермеген


Халықаралық туризм форумындағы кәдесыйлар көрмесіне келген шетелдіктер. Шымкент, 6 қазан 2016 жыл.
Халықаралық туризм форумындағы кәдесыйлар көрмесіне келген шетелдіктер. Шымкент, 6 қазан 2016 жыл.

Қазақстанға шеттен саяхаттап келетіндер мен ішкі туризмді таңдағандар саны артқанымен, тиісті инфрақұрылым тапшылығы және қызмет көрсету сапасының төмендігі туризмді дамытуға кедергі болып отыр.

ТУРИСТ КЕЗДЕСЕТІН ҚИЫНДЫҚ

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны Сейдалы Дүйсебайұлы жылда осы аймаққа емделуге, ежелгі Жібек Жолы бойындағы тарихи-танымдық орындармен танысуға және діни орындарға зиярат етуге келетіндер саны көп болғанымен, туристерге қолайлы жағдай жасалмай отырғанын айтады.

Отандық туризмнің кемшін тұстары
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:40 0:00
Жүктеп алу

- Отырар, Алтынтөбе, Оқсыз, Бесіктөбе, Арыстан баб, Мірәлі баб, Қарашаш ана сияқты туристік нысандарға жұрт көп барады, ал Баба Түкті Шашты Әзіз тәрізді әулиенің басына түнеуге Өзбекстан, Қырғызстаннан бастап Ресей, Украинадан туристер келетінін байқаймыз. Бірақ барсаң, жатын орын таппай қиналасың. Намазхана, мал соятын жер, дәретхана сынды орындар талапқа сай емес, - дейді ол.

Қожа Ахмет Иасауи кесенесі. Түркістан қаласы, 21 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қожа Ахмет Иасауи кесенесі. Түркістан қаласы, 21 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Сейдалы Дүйсебайұлы осы жазда ежелгі Отырар жеріндегі әулиелер басына барғанда туристке қажетті қарапайым нәрселердің жоқтығын байқаған.

- Шілде айында Арыстан баб кесенесіне зиярат етуге бардым. Жүретін жолымды алдын-ала сызып алғандықтан, маған қиындық туғызбады. Бірақ алғаш рет келген туристке бағыт-бағдар сілтейтін ақпараттық тақтайшалардың өзі жоқ, - дейді ол.

Сейдалы Дүйсебайұлының сөзінше, экотуризмді ұнататын жандар үшін «Ақсу-Жабағылы», «Сырдария-Түркістан» сынды табиғи қорықтар, «Сайрам-Өгем» табиғи парктерге жету мұң – жолдың жағдайы сын көтермейді.

Туристер санын көбейту үшін инфрақұрылымды дамытып, туристер құқығын қорғау мен қауіпсіздігін сақтау, қызмет көрсету сапасын жақсарту қажеттігі қазанның 6-сы күні Шымкентте отандық және жеті шет мемлекеттің туризм саласының 300-ге жуық маманының қатысуымен өткен «Ontustik Tourism – 2016» халықаралық туризм форумында да сөз болды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев аймақта туристерге қызмет көрсету деңгейіне қатысты айтылған сындармен келіседі.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. Шымкент, 6 қазан 2016 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев. Шымкент, 6 қазан 2016 жыл.

- Қазіргі таңда туристерге қызмет сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту міндеті қойылып отыр. Жол бойындағы, туристік аймақтардағы әжетханалардың өзі талапқа сай емес екені рас, - дейді әкімнің орынбасары.

Инвестиция және даму министрлігінің туризм мен индустрия департаменті директоры Марат Игалиев аймаққа туризм саласындағы инфрақұрылымды дамыту, қонақүйлерді ретке келтіру қажеттігін айтты.

- Оңтүстік Қазақстан облысына, оның ішінде Түркістан қаласына жылына 1 миллион турист келеді. Ондағы орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту, қызмет көрсету сапасын арттырған абзал. Гид-аудармашылар тапшылығы да үлкен мәселе. Ұшақ билеті мен қонақүйлердің бағасы қымбат, - деді министрлік өкілі.

Қазақстан инвестиция және даму министрлігінің туризм мен индустрия департаменті директоры Марат Игалиев. Шымкент, 6 қазан 2016 жыл.
Қазақстан инвестиция және даму министрлігінің туризм мен индустрия департаменті директоры Марат Игалиев. Шымкент, 6 қазан 2016 жыл.

БӘСЕКЕ ҚАБІЛЕТІ

Латвиядағы Виндзем университетінің деканы Айгарс Андерсонның Азаттыққа айтуынша, Қазақстан шетелдік туристердің келуі үшін қолайлы жағдайы туғызуы тиіс.

- Бір ғана мысал, көп елдерден Қазақстанға тікелей ұшып келу мүмкін емес. Мұның өзі елдегі туризмнің дамуына кедергі етеді. Осындай кішкентай мәселелер үлкен проблемаға ұласады, - дейді ол.

Айгарс Андерсон туризмді дамыту үшін виза тәртібін жеңілдетуді ұсынады. Инвестиция және даму министрлігінің өкілі Марат Игалиев Қазақстанның былтырдан бастап 19 мемлекеттің азаматтарына елге 15 күнге дейінгі мерзімге визасыз кіру тәртібін енгізгені өз жемісін бергенін айтты. Мысалы, Испания, Франция, Жапония, Норвегия, тіпті Аргентинадан Қазақстанға алғаш рет туристер келген.

- Көрші Қытайдан туристер тарту үшін визасыз жүйе енгізілді. Ал Қытай туристері үшін бүкіл әлем бәсекеге түседі. Олар тарихи жерлерді тамашалауға ынтық. 2017 жылы 48 елдің азаматтары үшін әлгіндей визасыз тәртіп енгізу жоспарланып отыр, - деді Игалиев.

ВИДЕО: Шымкенттегі халықаралық туризм форумы

Халықаралық туризм форумы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00

Оның айтуынша, былтыр Қазақстанға 3 миллионға жуық турист келіп, туристер саны 4 пайыз артқан.

Жергілікті ұйымдардың дерегі бойынша, биыл алғашқы жарты жылда Қазақстанда ішкі туризмді таңдағандар саны былтырғы жылғымен салыстырғанда 5,8 пайызға өсіп, 2,1 миллион адамға жетсе, шетелге демалуға шығатындар саны 4,5 миллион адам болған, яғни былтырғы көрсеткіштен 18 пайызға кеміген.

Бүкіләлемдік экономикалық форумның 2015 жылға арналған есебіне сәйкес, Қазақстан туризм және саяхат саласындағы бәсеке қабілеті рейтингінде 141 елдің арасында 85-орында тұр.

XS
SM
MD
LG