Атырауда жер реформасын қарсы митинг өткізген жергілікті белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты басталғалы жарты ай өтті. Оларға «әлеуметтік араздық тудыру», «жалған ақпарат тарату» және «митинг өткізу тәртібін бұзу» айыптары тағылған.
Сотқа қатысудан қазанның 20-сы күні бас тартқан Макс Боқаев пен Талғат Аян дүйсенбіден бері сот отырысына қайта қатыса бастады. 2016 жылы қазанның 25-сі күнгі соттағы үзілістердің бірінде дауыстап Азаттыққа түсініктеме берген Макс Боқаевтың айтуынша, «олардың сотқа қатысудан бас тартуы - «куәлерді» Атырауға шақыру жайлы өтініштері қанағаттандырылмағандықтан жасалған әрекет».
Митинг ұйымдастыруға тиіс «ақшаны жеткізді» деген Нұрғали Досанбаев пен Олжас Бекбауов, ақша қолда бар екенін «көрген» Марлан Есілбаевтар Астана мен Алматыға жете алғанда Атырауға жете алмай ма? Сот талап етсе келер еді. Заң орындарының әділетсіздігіне қамауда жатып осылайша қарсылық таныттық, - деді ол Азаттыққа.
СӘЙКЕСПЕЙТІН ЖАУАПТАР
2016 жылы қазанның 25-сі күні судья Гүлнәр Дәулешова куә ретінде шақырылған «Болашақ» мұнай өңдеу зауытының мердігер компаниялары жұмысшыларының тергеу кезінде берген жауаптарымен соттағы сөздерінің сәйкес келмейтінін айтты.
Осы күні сотқа шақырылған бес жұмысшының екеуі сотқа дейінгі тергеу хаттамасына таныспастан қол қойып жібергендерін ашық айтты. Ал сотты монитор арқылы бақылап отырған Азаттық тілшісі төрт жұмысшының соттағы жауаптарынан олардың тергеушілер хаттамасында не жазылғанын жете білмейтіні көрініп тұрғанын байқады.
Жауаптау хаттамасына «оқымай, таныспай қол қойып бергенін ашық айтқан жұмысшының бірі - Самат Тәжіғалиев. Ол «аты-жөні жазылған жерге қол қойғанын, бірақ хаттаманы оқып, таныспағанын» мәлімдеді. Оның сөзінше, хаттамада жауап Атырауда алынды деп көрсетілгенімен, шын мәнінде бұл шара Қарабатан поселкесінде жүргізілген.
- Маған «қол қой» деді, аты-жөнім жазылған жерге қол қойдым. Оқып танысқаным жоқ, - дейді ол.
Ол судьяның «Макс Боқаевты қайдан білесіз? Өзімнің Facebook-тегі парақшам арқылы білем депсіз» деген сауалына «Facebook-тегі басқа баланың парақшасынан көрдім» деп жауап берді. Оның сотқа дейінгі жауабын оқыған судья Гүлнәр Дәулешова «жауабыңыз дұрыс емес» деді. Мұнан кейін судья бірнеше жұмысшының жауаптау хаттамасын дауыстап оқыды, компания атаулары ауысқаны болмаса, хаттамадағы жұмысшылар жауабы деген жазбалар бір-біріне ұқсас болып шықты.
Хаттамадағы жауаптармен келіспейтіндерін білдірген жұмысшыларға арнайы қоршалған орында отырған айыпталушы Талғат Аян «Шындықты айтқандарыңызға ризамыз, қазақтың туын биік ұстайық» деп тіл қатты.
Адвокат Төлепқали Аяновтың Азаттыққа мәлімдеуінше, «жұмысшылар жұмыс орындарында жауапталғанымен, хаттама бірден жасалмаған, олардың адвокат жалдауға құқығы бар екені түсіндірілмеген».
- Бұл жайттар сот отырысында анықталды. Хаттама ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ғимаратында жасалып, оны басқа қызметкер келіп таныстырмастан қол қойдырып алып кеткен. Хаттамаға процессуалдық прокурор Марат Хабиуллиннің қатысқаны көрсетілгенмен, оны өзі [хаттамаларды] сот мәжілісінде ғана көріп отыр, - деді ол.
Прокурор Хабибуллин жауаптауға қатыспағанын растап, тек «жауаппен танысқаны жөнінде қол қойғанын» айтты.
Төлепқали Аяновтың сөзіне қарағанда, прокурор Хабибуллин 72 томның бәрімен таныстым дегенімен, әр бетке танысқаны туралы қол қоймаған.
Жауаптаулардың бәріндегі сауалдар да, жауаптар да бірдей. Қазақша нұсқаларда «Макс Боқаев - провокатор» екені жазылса, орысша аудармада ол мүлде жоқ. Жұмысшылар сотта «провокатор» деген сөздің мәнісін де түсінбейтін болып шықты.Төлепқали Аянов
- Жауаптаулардың бәріндегі сауалдар да, жауаптар да бірдей. Қазақша нұсқаларда «Макс Боқаев - провокатор» екені жазылса, орысша аудармада ол мүлде жоқ. Жұмысшылар сотта «провокатор» деген сөздің мәнісін де түсінбейтін болып шықты, - деді ол Азаттыққа.
Адвокаттар «жұмысшылардың шындыққа жанаспайтын жауабын істен алып тастауды» сұрады. Ал прокурор істі жүргізген тергеушіні сотқа шақыруды ұсынды. Судья бұл мәселені кейінге қалдыратынын мәлімдеп, «тергеушіні куәлермен беттестіретінін» айтты. Ал адвокат Төлепқали Аянов:
- Біз айыптаушы тарапқа әдейі уақыт беріліп, жауап алынған куәлерге қысым жасалуы мүмкін деп күдіктенеміз, - деді.
Қорғаушы Жанар Боқаева «істің аудармасында алшақтықтар бар екенін соттың алғашқы күні айтқандарын» ескертті.
ҰҚК-нің Атырау облыстық департаментінің айыптау актісінде 200-ден астам куә бар екені көрсетілген. Олардың дені - Қарбатан елді мекеніндегі «Болашақ» мұнай өңдеу зауыты мердігерлерінің жұмысшылары.
«БҰЛ - ДИСКРИМИНАЦИЯ»
Судья Гүлнәр Дәулешова 2016 жылы сәуірдің 24-і күні Атырауда өткен жер реформасына қарсы митинг бойынша куә ретінде шақырылған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаевтың «ауырып қалғанын хабарлап, істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұрағанын» айтты.
- Нақпаев жүрек ауруымен облыс ауруханасында емделіп жатыр, анықтамасы бар. Тағы бір куә жұмысшы Дүйсенғалиев отбасы жағдайымен келе алмайтындықтан, сот алды тергеуіндегі берген жауабын растайтынын, соны оқып беруді сұраған, - деді судья.
Сотталушылар мен олардың адвкотаттары бұған дейін Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев пен қала прокуроры Рафхат Құттықовты да куә ретінде шақыруды өтінген болатын. Судья бұл арыздарға қатысты әзірге шешім шығармады.
Алдыңғы сот отырысына куәлік етуге келген бұрынғы қала әкімі Нұрлыбек Ожаев сотталушылар митинг өткізу үшін ресми рұқсат сұраған Исатай -Махамбет алаңын «тәрбиелік мәні бар шаралар өтетін киелі орын» деп сипаттаған еді. Макс Боқаев одан «осы алаңда бұрын-соңды митинг өткізілді ме?» сұрады. «Бұрын ештеңе өтпегенін» айтқан Ожаевтың жауабымен Боқаев келіспеді.
- Ол жерде «Нұр Отан» партиясының, «Асар» партияларының митингілері өткен. Бұл дискриминация емес пе - біреулерге ол алаңда жиын өткізуге болады, ал басқаларына болмайды, - деді Боқаев.
Ал Ожаев «өзі әкім болған уақытта ондай митингілердің болмағанын» айтты.
Сотқа куә ретінде шақырылған Атырау қалалық ішкі саясаты бөлімі бастығы міндетін атқарушы Гүлбаршын Меңдіқұлова да Исатай- Махамбет алаңын «салауатты өмір салтын насихаттайтын мәдени шаралар өткізілетін жер» деп сипаттады.
Боқаев «митинг, бейбіт шерулер өтетін орындардың кіммен ақылдасып белгіленетінін» сұрады. Ожаевтың сөзінше, «әкімдік тек ұсыныс жасайды, оны мәслихат бекітеді». Мұнан соң Макс Боқаев «Митингіге шыққандардың ешқайсысына заңсыз деген жазбаша ескерту берілмеді. Қазақстанда бейбіт шеру өткізу туралы заң бар екенін ескерсек, біз не үшін айыпталып отырмыз?» деген сауал қойды. Оның сауалына жауап берілмеді.
Атырау белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты сот процесі қазанның 27-сі күні жалғасады. Судья Гүлнәр Дәулешова келесі сот отырыстарында Қарабатан елді мекеніндегі «Болашақ» зауыты мердігерлері жұмысшылары мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінен жауап алынатынын хабарлады.
Боқаев пен Аян сәуірдің 24-і күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған еді. Митингі үстінде Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев шерушілер алдында «белсенділердің қудаланбайтыны жөнінде» мәлімдеген болатын.
ВИДЕО: Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың белсенділер қудаланбайтыны жөніндегі сөзі (видео сәуірде түсірілген)
Кейіннен ҰҚК жер реформасына қарсы митингілерді шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешов «қаржыландырды» деп мәлімдеді. Қазанның 12-сі күні басталған Атыраудағы сот процесінде «билікті күшпен басып алмақ болды» деп айыпталып, қамауда отырған бизнесмен Төлешов «Талғат Аянға ақша беріп жібергенін» баяндады.
Айыпталушы Макс Боқаев пен Талғат Аян өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды, куәлер жауабын теріске шығарады.