Accessibility links

Туберкулезге шалдыққан кей науқастар ауруын жасыруға мәжбүр


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда туберкулез дертіне шалдыққан кейбір жандар жұрттан жырақ, қоғамнан оқшау күн кешуге мәжбүр. Билік «туберкулезбен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсету үшін былтыр 400 миллион теңге бөлінді» деп мәлімдейді.

Туберкулезбен үш жылдан бері ауыратын Ирина мен Артем мақалада аты-жөндерін өзгертіп жазуды өтінді. Екеуі өздерін де, тұрмыс жағдайын да суретке түсірмеуді сұрады. Былтыр жас отбасы көмек сұрап баспасөзге хабарласқан. Бірақ жеке өмірлерін жұртқа жария еткендеріне кейін қатты өкінген.

– Жұрт басымызға түскен тауқыметті әрі-бері талқылап, жан ашырлық білдірді де қойды. Есесіне біз үшін нағыз қиямет-қайым басталды. Жалдап отырған пәтерімізден қуып шықты, қызымызды мектептен шығарып жіберді, – дейді Ирина Азаттық тілшісіне.

ДИАГНОЗДЫ ҚҰПИЯ ҰСТАУ ҚИЫНДЫҒЫ

Жұмыста туберкулез жұқтырған Артемнен кейін отбасының өзге мүшелері де ауырған. Екі қызы бар жас отбасы қазір әжесімен бірге тұрады, соғыс ардагерінің зейнетақысына күнелтеді. Иринаның айтуынша, әжесі алатын 50 теңге зейнетақы түгелдей пәтер жалдауға кетеді. Ол «жұрт менен алапес көргендей шошиды, соның кесірінен жұмысқа да тұра алмай жүрмін» дейді.

Қазір бүкіл отбасы дәрі ішеді, туберкулезді емдейтін диспансерде есепте тұр. «Бала-шағасын асырау үшін күйеуім бірдеңе етіп жұмысқа тұрса, оның
Ақтөбедегі облыстық туберкулез диспансерінің сыртқы көрінісі. 14 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ақтөбедегі облыстық туберкулез диспансерінің сыртқы көрінісі. 14 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
туберкулезбен ауыратынын білген бетте шығарып жібереді» дейді Ирина Азаттық тілшісіне.

Туберкулез диспансері науқас отбасыға айына макаронның екі түрін, бір литр өсімдік майы мен екі литр сүт береді.

Отбасындағы бес науқас адам көлемі 18 шаршы метр болатын кішкентай бөлмеде тұрады. «Времянка» ретінде салынған бөлменің іші сыз әрі қараңғы. Олар отбасының диагнозын пәтер қожайыны мен көршілерінен әзірше жасырып келеді.

– Мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Бармаған жерім қалмады. Қоғамдық қорлар «онкологиялық науқастарға ғана көмектесеміз» дейді. Баспана кезегіне тұрайық десек, қалалық тіркеуде жоқпыз. Осы тіркеудің кесірінен күйеуім мүгедектік ала алмай жүр. Әжеміз көз жұмса, күніміз не болатынын білмеймін, – дейді Ирина.

ДЕНСАУЛЫҚ МИНИСТРЛІГІНІҢ АЙЛЫҚ НАУҚАНЫ

Қазір Қазақстанда туберкулез профилактикасына арналған айлық өтіп жатыр. Бұл науқанның мақсаты – дәрігерлердің дертпен күрестегі қырағылығын арттыру, ауруды ерте анықтау шараларын жүргізу, профилактикалық жұмыстарды күшейту.

Ұлттық туберкулез проблемалары орталығы деректеріне сәйкес, 2012 жылмен салыстырғанда, 2013 жылы дертке шалдығу көрсеткіші 10 пайызға, өлім-жітімге
Қызылорда қалалық туберкулезге қарсы диспансерi. Қызылорда қаласы Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қызылорда қалалық туберкулезге қарсы диспансерi. Қызылорда қаласы Тасбөгет ауданы, 2 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
ұшырау көрсеткіші 24,3 пайызға кеміген. Туберкулезбен ауыратын науқастардың көбі Атырау облысында тұрады. Мұнда әр 100 мың адамның 91-і туберкулезбен ауырады. Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш – 88, Ақмола және Қызылорда облыстарында – 86, Маңғыстау облысында – 85,2 адам.

Жуырда Алматыда өткен дөңгелек үстелде денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ұлттық туберкулез проблемалары орталығы директоры Тілеухан Әбілдаев туберкулезбен күреске жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлінетінін хабарлады. Оның айтуынша, туберкулезге шалдыққан науқастарға былтыр 403 миллион теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілген. Науқастардың 99 пайызы дәрі-дәрмекпен қамтылған. Тілеухан Әбілдаевтің айтуынша, мұндай науқастарға мемлекет есебінен 35 пәтер бөлінген.

ҚЫМЫЗ, ИТТІҢ МАЙЫ ЖӘНЕ БАЛ

Алматыдағы «Отбасын сауықтыру және дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі төрайымы Магдалина Таксиди денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметтерге көңілі толмайтынын айтып, «сұрақтарыма жауап ести алмадым» дейді. Оның айтуынша, туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған дәрі-дәрмектер тізімі талайдан бері жаңартылмаған, тренерлерге арналған сабақтарды өтпейді, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізілмейді.
Еш жер қабылдамаса, туберкулезбен ауыратын балалар спортпен қалай шұғылданады.

– Егер еш жер қабылдамаса, туберкулезбен ауыратын балалар спортпен қалай шұғылданады? Емдік-жаттығу топтары жоқ. Балаларды Бурабайға апарып, емдеу туралы ұсынысымды ондағылар құптап, науқас балаларды қабылдауға әзір еді, бірақ мемлекет қолдамады. Шеттетіп, жолатпаған соң, науқас балалар өздерінің мерекелеріне де қатыса алмайды. Грузиядағы сияқты туберкулезбен ауыратын науқастарға арналған сауықтыру кешендерін неге салмаймыз? – дейді Магдалина Таксиди Азаттық тілшісіне.

Қоғамдық бірлестік төрайымының айтуынша, бұқаралық лекциялар, әлеуметтік роликтер аз. Ол туберкулезді халық медицинасы тәсілдерінің көмегімен – қымыз, иттің майы, балмен емдейтін сауықтыру орталықтарын ашуды ұсынады.

– Ал науқастарға тықпалайтын дәрілерден ешқандай пайда жоқ, – дейді қоғамдық бірлестік төрайымы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, әлемде жыл сайын 8 миллион 600 мың адам туберкулезге шалдығады. 1 миллион 300 мың адам туберкулезден көз жұмады, оның 320 мыңы – ВИЧ-инфекциясын да жұқтырғандар екен.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG