Accessibility links

ҚАЖК Курамшинді карантинге жабу заңды екенін айтады


Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 10 тамыз 2011 жыл.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 10 тамыз 2011 жыл.

Сотталған құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің жақтастары оны түрмедегі карантинге жабуға байланысты алаңдайды. ҚАЖК өкілдерінің айтуынша, бұл – әдеттегі процедура. Курамшин бұрын «этап кезінде соққыға жығуы мүмкін» екенін айтқан.

Түрмеде жазасын өтеп жатқан құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің жақтастары интернетте «Шілденің 25-і күні Вадим Курамшинді Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы түрме-медициналық қалашығынан Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Горный кентіндегі түрмеге этаппен қайтарды» деген хабар таратқан еді. 12 жылға сотталған Вадим Курамшин жұрт «Жамансопка» атап кеткен ерекше қатал режимдегі түрмеде жаза мерзімін өтеп жатыр.

Жақтастары Вадим Курамшинді «Жамансопка» түрмесіне әкелген бетте 15 тәулікке бірден карантинге жапқанына алаңдайды. Олар «Курамшинді сырт әлемнен мүлде оқшаулап тастады, енді ол туыстарымен карантиннен шыққан соң ғана хабарласа алады» деп уайымдайды.

Азаттық тілшісі «Жамансопка» түрмесі басшылығымен хабарласа алмады.

Тамыздың 4-і күні Азаттық тілшісі хабарласқан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (КАЖК) Солтүстік Қазақстан облыстық департаменті кезекшісі «байланыс қиындығына байланысты «Жамансопкамен» департаменттің өзі әрең хабарласады» деп түсіндірді.

ҚАЖК кезекшісі «Курамшиннің аты-жөні таныс, бірақ оған қатысты жайттың анық-қанығын білмеймін» дейді.

Кезекшінің айтуынша, карантин – тұтқындарды айып изоляторы (ШИЗО) сияқты жазалайтын орын емес. Ол карантинді кез келген түзету мекемесіне этаппен жаңадан түскен немесе Курамшин сияқты қайтып келген тұтқындар өтуі тиіс жалпы процедура деп атайды.

ҚАЖК департаменті кезекшісінің айтуынша, 15 күн карантинде болған кезде тұтқын медициналық тексеруден өтеді, онымен түрлі әңгімелер өткізіледі.

Оның берген ақпаратын ҚАЖК баспасөз қызметінің жетекшісі, полковник Ғалымжан Хасенов те растады. «Қазіргі кезде Курамшин шынымен карантинде жатыр ма?» деген сұраққа жауап беруден бас тартқан полковник Хасенов: «Карантиндегі тұтқындар көбінесе медициналық тексеруден өтеді» деді.

Бұдан бұрын Вадим Курамшиннің сөзіне сілтеме жасаған жақтастары «Жамансопка» түрмесінен Семейдегі түрме-медициналық қалашыққа этаппен бара жатқан жолда, нақтырағы Қарағанды этапында оны Қарағандыдағы аралық түрменің күзетшілері соққыға жығып, кемсітіп, жәбірлеген деп хабарлаған еді. ҚАЖК Азаттық тілшісіне «түрме жүйесі этаппен жөнелтілетін тұтқындардың жағдайына қатысты мәлімет бермейді» деп хабарлағандықтан, бұл ақпаратты тексеру мүмкін болмады.

Семейдегі түрме-медициналық қалашықтан «Жамансопка» түрмесіне кері қайтар алдында Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Вадим Курамшин «Қарағанды арқылы кері қайтар жолда тағы да соққыға жығулары мүмкін» деп уайымдаған. Курамшиннің этаппен Қарағанды арқылы кері өту жайттарын да тексеру мүмкін болмады.

Бұрынғы тұтқындардың айтуынша, мұндай ұзақ мерзімді карантинге жабу себептерінің бірі – «тұтқындар этаппен айдау кезіндегі қатыгездік әрекеттерге қатысты шағымдануы мүмкін» деген сақтықпен түрме жүйесі карантин жариялайды.

Тұтқындар құқығын қорғаушы ретінде танылған құқық қорғаушы Вадим Курамшин «бопсалау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 2012 жылдың желтоқсанында 12 жылға сотталған. Ол тағылған айыпты мойындамайды.

Былтыр Вадим Курамшин адам құқығын қорғау саласындағы Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты болған. Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Курамшинді саяси әрі ар-ұждан тұтқыны деп таниды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG