Accessibility links

Курамшин Семей колониясына жіберілді


Вадим Курамшин, сотталған құқық қорғаушы.
Вадим Курамшин, сотталған құқық қорғаушы.

Түрмеде жазасын өтеп жатқан құқық қорғаушы Вадим Курамшин Семейдегі санитарлық қалашыққа емдеуге жіберілді. Ал осы апта Ирландия парламентінде оның жағдайына қатысты тыңдау өтті.

Адвокат Дмитрий Баранов шілденің 4-і күні Азаттық тілшісіне құқық қорғаушы Вадим Курамшиннің Семейдегі колонияға жіберілгенін хабарлады. Курамшинді дүйсенбі күні кешкісін этаппен алып кеткен.

«Қазір ол жолда, Семейге осы аптаның соңында немесе дүйсенбі күні жетіп қалатын шығар» деп жорамалдайды адвокат.

Қорғау тарабы көптен бері Курамшиннің денсаулығына қатысты шағымданып жүр. Туыстары мен адвокаты оған түрме әкімшілігінің медициналық көмек жасауға рұқсат бермей отырғанын айтып келген. Түрме әкімшілігі Курамшиннің емге зәру емес екенін мәлімдеген. Маусым айының басында Курамшин медициналық көмек беруді талап етіп, аштық жариялағаннан кейін ғана оның өтініші орындалған.

Жақындары мен адвокаты аштық акциясынан кейінгі Вадим Курамшиннің жағдайын «денсаулығы нашар, өте әлсіз, жүдеу» деп сипаттайді. Бірақ адвокаты енді Семей колониясындағы санитарлық қалашыққа жөнелтілген соң оның денсаулығы жақсарады деп үміттенеді.

«Оның жүйкесі тозған, температурасы төмендеп, салмақ жоғалтқан болатын. Енді оның жағдайын уақытша болса да сәл жеңілдетіп жатыр. Ол жақта медициналық тексеруден өтуі тиіс. Оның жағдайы жақсаруы керек деп есептейміз» деді Дмитрий Баранов.

Адвокат Вадим Курамшин жолда қандай да бір арандату әрекетіне ұшырамауы үшін колонияға жеткенше бақылап отыратынын айтты.

Әзірше Семей қаласындағы санитарлық қалашықтан мәлімет алу мүмкін болмай тұр.

Джо Хиггинc Еуропарламент депутаты кезінде адам құқықтарын қорғау акциясында сөйлеп тұр. Алматы, 26 қазан 2010 жыл.
Джо Хиггинc Еуропарламент депутаты кезінде адам құқықтарын қорғау акциясында сөйлеп тұр. Алматы, 26 қазан 2010 жыл.

​Түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметі арқылы танылған қоғамдық белсенді Вадим Курамшин 2012 жылғы желтоқсанда «бопсалау» бабы бойынша айыпты деп танылып, 12 жылға сотталған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Курамшин бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы жұрт «Жамансопка» деп атап кеткен тәртібі қатал ЕС 164/4 түрмесінде жазасын өтеп келген болатын.

Жергілікті бірнеше құқық қорғау ұйымы «саяси тұтқын» ретінде таныған Вадим Курамшиннің жағдайы халықаралық қауымдастықтың да назарынан тыс қалмай келеді. Шілденің 2-сі күні Ирландия парламентінде социалистік партия жетекшілерінің бірі Джо Хиггинстің бастамасымен Вадим Курамшиннің жағдайына арналған тыңдау өткені хабарланды. Ирландия социалистік партиясынан сайланған төменгі палата депутаты Джо Хиггинс Курамшиннің ісінде «саяси астар барын» айтып, үкіметтен Курамшиннің жағдайы бойынша Қазақстан билігіне ықпал жасауын сұраған. Оның сұрағына жауап берген Ирландияның Еуропа істері бойынша министрі Паскаль Донахью құқық қорғаушының жалпы жағдайынан, медициналық көмекке деген мұқтаждығынан хабардар екенін, мәселені қадағалап отыратынын айтқан.

Вадим Курамшин Адам құқығы саласында Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың 2013 жылғы иегері атанған еді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG