Accessibility links

«Экстремистерді жойыңдар» деген бұйрықты кім береді?


Арнайы операция өткен "Көктем" ықшам ауданындағы әскери техника. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.
Арнайы операция өткен "Көктем" ықшам ауданындағы әскери техника. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.
Терроризмге қарсы операцияларға қандай бөлімшелер қатысып, қару қолдануға кім бұйрық береді? Бұл сауалдарға ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағалары мен сарапшылар түсінік берді.

«Қарулы экстремистерді» ұстау жөніндегі арнайы операциялар Қазақстанда жиі өтетін болды. Осыдан екі жыл бұрын мұндайды мүлде естімеуші едік. Бір қызығы, қарулы топтардың мүшелерінің барлығы дерлік (ресми мәлімет бойынша, «қарсылық таныту кезінде») түгел жойылады. Осы уақытқа дейін «экстремист» деген бір ғана күдікті тірідей қолға түсті. Жарылғыш затты қосып, ауыр жарақаттанған ол қазір Атырау ауруханасында жатыр.

«Мұндай операциялар кезінде күдіктілердің көзін жоюға кім және қалай бұйрық береді?» деген сауалға Қазақ ССР КГБ-сының бұрынғы және Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) алғашқы төрағасы Болат Баекенов, Қазақстан ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев, саясаттанушы Ерлан Қарин және парламент сенатының қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ғани Қасымов жауап берді.

АРНАЙЫ ОПЕРАЦИЯЛАРҒА КІМ ҚАТЫСАДЫ?

Парламент депутаты Ғани Қасымовтың айтуынша, ҰҚК, ішкі істер министрлігі (ІІМ) және армияда терроризмге қарсы жасақталған арнайы бөлімшелер бар. Депутат олардың антитеррорлық операцияға қатысу мәселесі ұлттық қауіпсіздік туралы, ІІМ және армия туралы заңдармен реттелгенін айтады.
Парламент депутаты Ғани Қасымов. Алматы, 1 маусым 2011 жыл.
Парламент депутаты Ғани Қасымов. Алматы, 1 маусым 2011 жыл.

– Ал арнайы операцияны өткізу кезінде ішкі-сыртқы қорғау сияқты міндеттердің кімге жүктелетіні жайына келсек, бұл мәселенің анық-қанығын әлі анықтау қажет. Мен бұл жағдайды жетік білмеймін, – деді Ғани Қасымов.

ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев «бұл арада ең алдымен қоғамдық тәртіп бұзылады, сондықтан мұндай арнайы операцияларға ІІМ әскери жасақтары тартылады» дейді.

– Егер террорлық топ белгілі болып, оны ұстау мен көзін жою қажеттілігі туса, ІІМ-нде «Сұңқар» деген арнайы жасақ бар, – деді ол.

ҰҚК-нің «Арыстан» жасағы да барын айтқан Нартай Дүтбаев:

– «Арыстан» арнайы жасағы әу бастан терроризммен күресу үшін құрылған болатын. Бірақ арнайы бөлімше ретінде оның атқаратын жедел әрекет ету жұмысы да бар, – деді.

Бұрынғы төрағаның айтуынша, ҰҚК-де терроризмге қарсы орталық құрылған.
ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.
ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.

– Терроризмге қарсы орталыққа барлық күштік құрылымдардың өкілдері енген. Терроризммен күреске арналған күштердің нақты міндеттерін белгілеп отыру үшін орталықта терроризммен күрестің стратегиясы мен тактикасы жасалып, Қазақстандағы ахуалдың жай-жапсары бақыланып отырады, – дейді Нартай Дүтбаев.

Дүтбаевтың түсіндіруінше, арнайы қызметке ол басшылық жасаған кезде антитеррорлық орталықтың құрамына күштік құрылымдардың бірінші басшылары кірген. Бұл орталықты басқаратын ҰҚК төрағасының терроризммен күрес мәселелері жөніндегі шешімдерін басқалары бұлжытпай орындауы тиіс.

Нартай Дүтбаевтың айтуынша, «терроризммен күрес – терроризммен байланысты барлық қылмыстық істерді тергеумен заң жүзінде айналысуы тиіс ҰҚК-нің құзырында».

Қазақ ССР КГБ-сының бұрынғы төрағасы, егеменді Қазақстан ҰҚК-сінің алғашқы төрағасы Болат Баекеновтің айтуынша, «ҰҚК – терроризммен күрес жөніндегі үйлестіруші орган, комитеттің жанынан антитеррорлық орталық құрылған».
Қазақ ССР КГБ-сының бұрынғы төрағасы, егеменді Қазақстан ҰҚК-сінің алғашқы төрағасы Болат Баекенов. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.
Қазақ ССР КГБ-сының бұрынғы төрағасы, егеменді Қазақстан ҰҚК-сінің алғашқы төрағасы Болат Баекенов. Алматы, 5 сәуір 2012 жыл.

– Барлық антитеррорлық операцияларды ұйымдастыруға ҰҚК басшылық жасайды және оған ішкі істер органдары мен басқа құрылымдардың органдары тартылады, – дейді Болат Баекенов.

Оның айтуынша, әдетте армия терроризмге қарсы операцияларға тартылмайды.

– Жалпы, шешім жағдайға қарай қабылданады. Егер антитеррорлық операция ауыр техника, бронетехниканы қатыстыру арқылы өткізілетін болса, армияның күшін де тарту қажеттігі туады. Алайда мұндай жағдайлар өте сирек болады, – деді Болат Баекенов.

БІРТҰТАС ҚҰРЫЛЫМДЫҚ БӨЛІМШЕ БАР МА?

Саясаттанушы Ерлан Қариннің сөзінше, «әр күштік құрылымның арнайы бөлімшесі кіретін тұрақты жеке бір антитеррорлық бөлімше жоқ, алайда ҰҚК жанынан құрылған терроризмге қарсы орталық бар».

– Терроризммен күрес саласында түрлі мемлекеттік органдардың жұмысын жоспарлау, бақылау және үйлестіру үшін бұл орталық Қазақстан президентінің жарлығымен 2003 жылы құрылды. Яғни ол көбінесе стратегиялық жұмыспен айналысуы тиіс. Менің білуімше, соңғы кезде орталық жедел әрекет ету қызметіне басымдық беруде. Бізде антитеррорлық жұмысты жүргізуге арналған біртұтас бөлімше жоқ, – деді Ерлан Қарин.
Саясаттанушы, "Нұр Отан" партиясының хатшысы Ерлан Қарин. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл,
Саясаттанушы, "Нұр Отан" партиясының хатшысы Ерлан Қарин. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл,

Саясаттанушының айтуынша, «бұрын ІІМ мен оның аймақтық құрылымдарында экстремизм және терроризммен күрес жөніндегі басқарма немесе бөлімдер болған. Кейін олар таратылып, міндеттері басқа органдарға жүктелген».

– Бірақ былтырғы жағдайдан кейін бұл құрылымдар қайтадан ашыла бастады. Олар ІІМ қарамағында, – дейді Ерлан Қарин.

Саясаттанушының пікірінше, терроризммен күрес мәселесі Қазақстанда заң жүзінде реттелген:

– Терроризммен күрес туралы заңды Қазақстан алғашқылардың бірі болып, 1999 жылы қабылдады. Көршілеріміз мұндай заңдарды бізден кейін қабылдай бастады. 2003 жыл терроризмге қарсы орталық құрылды. Біздің елімізде терроризммен күресті жетілдірудің осындай белгілі бір ұйымдастырушылық сипаттағы және басқа шаралары қабылданды, – деді ол.

Қариннің пікірінше, қазір терроризм қаупінің сипаты өзгеріп, террористік ұйымдар өзінің стратегиясы мен тактикасын өзгертуде.
Олардың қолында қарудың жаңа түрлері пайда бола бастады. Біз қазір террорға қарсы күресті жаңа жағдайды, жаңа қауіпті ескере отырып жүргізуге тиіспіз.

– Олардың қолында қарудың жаңа түрлері пайда бола бастады. Біз қазір террорға қарсы күресті жаңа жағдайды, жаңа қауіпті ескере отырып жүргізуге тиіспіз. Бұрынғы жүйе террористік қауіп-қатердің бетін қайтарып, оған жол бермеуде тиімді болды. Бірақ енді біз террористік қауіп-қатердің сипаты өзгергенін көріп отырмыз, – деді Қарин.

Саясаттанушының айтуынша, бұрын Қазақстанда терроризмге сырттан төнетін әлдебір қауіп ретінде қарайтын.

– Сондықтан шаралар да осыған сәйкес, бұл қатердің сырттан төнбеуіне қарсы бағытталатын. Мысалы, көші-қон процесін бақылауды күйшейттік. Алайда бұл қатердің елдің ішінде туындауына ықпал ететін алғы шарттарды байқамай қалдық, дұрыс бағаламадық. Сондықтан осы күнге дейін болған терроризммен күрес жүйесі бұл қатердің беталысын ескере отырып, қайта қаралуы тиіс, – деді ол.

Ерлан Қариннің пікірінше, қазіргі кезде елде терроризммен күрес жөніндегі біртұтас нақты бір құрылым жоқ.

АТУҒА КІМ БҰЙРЫҚ БЕРЕДІ?

Парламент депутаты Ғани Қасымов «арнайы операция кезінде соғыс уақытының заңы әрекет етеді, сондықтан оқ атуға қалыптасқан жағдайды барлап отырған антитеррорлық жасақтың командирі бұйрық бере алады» дейді.

ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев террористік шабуылды тойтару үшін күштік құрылымдар басшылыққа алатын жалпы тактика барын айтты.
"Көктем" саяжайында арнайы операцияға қатысқан әскери жасақ. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.
"Көктем" саяжайында арнайы операцияға қатысқан әскери жасақ. Атырау, 21 қыркүйек 2012 жыл.

– Сіздер, сірә, «Неге террористерді бірден қырып салады?» деп ойлайтын боларсыздар. Айталық, террористердің тобы анықталды. Олар бір үйге бекініп алып, бейбіт халыққа қатер төндірді. Олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Олар берілмей, біздің сарбаздарымызға қарсы оқ жаудырды. Терроризммен күрес тактикасына сәйкес, олардың көзін жоюдың осы тұста тиісті шарасы қолданылады. Олардың берілгені, ұсталғаны жақсы-ақ, әрине. Мүмкін, бізге келіссөз жүргізетін тәжірибелі мәмілегерлер жетіспейтін шығар. Терроризммен күресте оларды берілуге көндіре білетін, сөзі өтімді мамандардың болуы аса маңызды, – деді Нартай Дүтбаев Азаттыққа берген сұхбатында.

Саясаттанушы Ерлан Қариннің ойынша, «террорлық топты жою туралы мәселесі қозғалғанда олардың кәдімгі қылмыскерлер емес екенін де ескерген жөн».

– Кәдімгі қылмыскерлерді, рецидивистерді ұстаған немесе қоршауға алған кезде олардың көбі әдетте өз еріктерімен қаруын тастап, беріледі. Ал террористер көбінесе берілмейді. Сондықтан кәдімгі қылмыскерлерді ұстау тәртібі мен ережесі терроризмге қатысы бар деген күдіктілерге қарсы арнайы операцияның тактикасынан өзгешелеу, – дейді Ерлан Қарин.
"Терроризмге қатысы болуы мүмкін бес күдікті жойылған" оқиға орнында тұрған арнайы әскери көлігі. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 17 тамыз 2012 жыл.
"Терроризмге қатысы болуы мүмкін бес күдікті жойылған" оқиға орнында тұрған арнайы әскери көлігі. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 17 тамыз 2012 жыл.

Саясаттанушының пікірінше, арнайы операция кезінде терроризмге қатысы бар деген күдіктілерді ұстаудан басқа, ең басты міндеттердің бірі – бейбіт тұрғындар мен арнайы жасақтың қызметкерлерінің басын қатерге тікпеу.

Ерлан Қариннің айтуынша, атыс басталып, бейбіт тұрғындар мен арнайы операцияға қатысушы сарбаздардың оққа ұшу қатері туған кезде белгілі бір жедел шешім қабылдануы тиіс.

– Арнайы қызмет те, күштік құрылымдар да қандай жағдай болын өз жұмысын атқарады: олардың негізгі міндеті – террористердің көзін жою. Бізді ең алдымен «Бұл жағдай неге болды? Неліктен жастар қолына қару алды?» деген сұрақтар мазалауы тиіс. Ең бастысы, бүгін көзі жойылған 10-20 адамның орнын ертеңгі күні тағы сонша немесе одан да көп адам басуына жол бермеу керек, – деді Ерлан Қарин Азаттық тілшісіне.

ҰҚК ТЕРРОРҒА ҚАРСЫ ОРТАЛЫҒЫ

ҰҚК төрағасының орынбасары, ҰҚК-нің терроризмге қарсы орталығының жетекшісі, генерал Қабдылкәрім Әбдіказымовқа жолығып, жоғарыдағы сауалдарды қоюдың сәті түспеді. Онымен тым болмаса телефон арқылы сұқбаттасудың да сәті түспеді.
12 қыркүйекте Құлсарыдағы арнайы операция кезінде қаза болған Елеман Отарбаевтың анасы Бақсұлу Отарбаева. Атырау облысы, 14 қыркүйек 2012 жыл.
12 қыркүйекте Құлсарыдағы арнайы операция кезінде қаза болған Елеман Отарбаевтың анасы Бақсұлу Отарбаева. Атырау облысы, 14 қыркүйек 2012 жыл.

ҰҚК сайтында «Терроризмге қарсы орталық терроризм мен экстремизмнің басқа түрлеріне қарсы әрекет ету саласында мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге арналған ведомствоаралық тұрақты кеңес болып табылады» деп жазылған.

Терроризмге қарсы орталықтың құрамына лаңкестікке қарсы тұру мәселесі құзырына жататын 10 мемлекеттік орган (ұлттық қауіпсіздік комитеті; президенттің күзет қызметі; ішкі істер, қорғаныс, төтенше жағдайлар, әділет, мәдениет, байланыс және ақпарат, көлік және коммуникация министрліктері; қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитеті) кіреді.

Сайтта орталықтың негізгі міндеттері ретінде мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы қызметін үйлестіру; террористік және басқа да экстремистік қауіп-қатер туралы ақпаратты жинау мен талдау; террорлық қауіп-қатер төне қалған жағдайда мемлекеттік органдардың әрекет етуге әзірлігін қамтамасыз ету; ақпараттық-насихат жұмысын ұйымдастыру және жүргізу; нормативті актілер мен бірлескен жоспар-бағдарламалар құру; халықаралық орталықтар мен ұйымдармен ынтымақтастық; террорға қарсы іс-шараларды дайындап, өткізу міндеттері көрсетілген.

ҰҚК сайтындағы бұл деректер 2011 жылдың 28 мамыры күні, яғни арнайы қызмет Қазақстанның батысында, Алматы облысы мен басқа өңірлерінде арнайы операция өткізгенге дейін жарияланған. Мұндай алғашқы операциялар былтыр жазда Ақтөбе облысында басталды. Осы мерзім ішінде ондаған адам қаза тауып, жараланды.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG