Ұлыбританияда өтіп жатқан дәстүрлі Уимблдон турнирінде қазақстандық Зарина Дияс 1/8 финалға жетіп тоқтады. Ол іріктеу кезеңінде алдымен франциялық Кристиан Младеновичті, екінші кезеңде әлемнің 18-ракеткасы испаниялық Карло Суарес Наввароны, ал үшінші кезеңде 2012 жылғы Ausrtalian Open жарысын ұтқан ресейлік Вера Звонареваны жеңген еді.
Соңғы сайысында румыниялық Симоне Халептен жеңіліп, ширек финалға шыға алмай қалса да, WTA рейтингінде (әйел теннисшілер арасында жасалатын рейтинг – ред.) 72-орында тұрған Зарина Дияс 117 мың фунт стерлинг (шамамен 36 миллион теңге) ұтып алды.
Биылғы қаңтарда ол төрт Үлкен шлем жарысының бірі – Australian Open турниріне іріктеу арқылы өтіп, үшінші кезеңге дейін жеткен. Жақында ресейлік Sports.ru сайты Зарина Диясты Уимблонда сенсация жасаған жеті теннисшінің қатарына қосты.
20 жастағы Зарина Дияс Алматыда дүниеге келген. Кейін 10 жасында отбасымен Прагаға көшіп, сол жақта теннис үйірмесіне қатыса бастайды. Алғашқы бапкері – Петер Павло. Дияс өзінің алғашқы теннис турниріне 2009 жылы Прагада қатысып, сол жарыстың ширек финалына дейін жеткен.
Қазақ теннисшісі 2010 жылы Мәскеуде өткен «Кремль кубогында» жанкүйерлерге таныла бастады. 17 жастағы теннисші сол кездегі әлемнің 49-ракеткасы аргентиналық Хисел Дульконы және 7-ракетка сербиялық Елена Янковичті жеңіп кеткен.
2013 жылдан бері Зарина Дияс Қытайдың Гуанчжоу қаласында тұрып, сол жерде жаттығады. Бапкері – қытайлық Алан Ма.
РЕЙТИНГТЕ ӨРЛЕУ
Зарина Дияс 2012 жылы WTA рейтингінде 265-ші орында тұрған. Ал 2013 жылды 152-орында аяқтады. 2014 жылы Австралия ашық чемпионатының үшінші кезеңіне дейін жетіп, 40 саты жоғарылап, 112-орынға тұрақтады. Кейін Гуанчжоудағы ITF жарысында жеңімпаз болып, 86-орынға көтерілді. Биыл мамырда Ноттингемдегі жарыстың финалына шыққаны үшін тағы ұпай алып, қазір 72-орында тұр. Зарина Диястың рейтингтегі ұпайы – 781. Енді Уимблоннның 1/8 финалына шыққаны үшін қосымша 290 ұпай алады. Демек ол 1071 ұпаймен рейтингте тағы жоғарылап, 50-53 орындардың біріне жетуі мүмкін. Жаңа рейтинг шілденің 7-сі күні жарияланады. Зарина Дияс биылғы маусымда әлемнің ең үздік 30 теннисшісінің қатарына енуді мақсат етіп қойғанын мәлімдеген.
Зарина Диястың жарыс жолын бақылап жүрген спорт журналисі Рауан Оқасовтың пайымдауынша, биыл жарақат кедергі келтірмесе, теннисшінің Қазақстанның бірінші ракеткасы атанатын шамасы бар.
«Зарина Дияс – Австралия ашық чемпионатына қатысқан алғашқы қазақ теннисшісі. 20 жаста осындай ірі жетістікке жетуі - көп жаттығудың еңбегі. Зарина Дияс хард және көк шөпте жақсы ойнайды. Қытайлық жаттықтырушысы да мықты. Жарақат алмаса, Дияс биыл жыл соңында отыздыққа енуге күші жетеді. Қазір Ярослава Шведова Қазақстанның бірінші ракеткасы саналады. Бірақ Зарина Диястың да бұл атақты иеленуге мүмкіндігі жоғары» дейді сұхбаттасымыз.
«АСТАНА» КЛУБЫНА КІРГІЗУ ҚАЖЕТ»
Зарина Дияс барлық жарыстарға жеке демеушілер мен турнирлерде ұтып алған ақшалармен қатысатынын айтады. Екі жыл бұрын ол Қазақстан теннис федерациясымен келісім-шартын үзген. Сондықтан белгілі бизнесмен Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерациясы Зарина Диястың жарыстарға қатысуын қаржыландырмайды. Сондықтан ол Қазақстан құрамасының сапына да кірмейді. Қазақстанның теннис федерациясы Ярослава Шведова, Галина Воскобоева, Юлия Путинцева, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев сынды Қазақстан азаматтығын алған, көбінесе Ресейден шақырылған теннисшілердің жаттығуын және жарысқа қатысуын қаржыландырады.
Ал теннис федерациясының баспасөз қызметі «Зарина Дияс федерациямен келісім-шартты өз еркімен бұзған» дейді.
Соңғы уақытта спорт журналистері мен жанкүйерлер Зарина Диясты Қазақстан теннис федерациясының қолдауы керектігін, талантты спортшыны «Астана» президенттік спорт клубы өз қарамағына алу қажеттігін жиі айтып жүр.
«Зарина Диасқа келгенде Қазақстан теннис федерациясы әділетсіздік танытып келеді. Қазір Зарина өзінің мықтылығын әлемдік аренада дәлелдеп жүр. Биылғы Уимблдон мен Australian Open соны айғақтайды. Спортшыны кез келген қолдау жігерлендіреді. Заринаға «Астана» клубының («Самұрық-Қазына» қоры құрған президенттік спорт клубы – ред.) көмегі қажет. Қазір «Астана» кәсіби спорт клубы Илья Ильин мен Денис Тен сияқты мықты спортшылардың жаттығуына қаржы бөліп отыр ғой. Сол сияқты Зарина Диясты да осы клубтың қатарына қосып, қолдау көрсету керек» дейді спорт шолушысы Абай Отар.
Зарина Дияс енді қыркүйек айында өтетін Үлкен шлем санатына жататын және бір турнир US Open турниріне (АҚШ-тың ашық чемпионаты) қатысады.