Бұдан бір айдан аса уақыт бұрын қазақстандық блоггерлер Wordpress-тегі өз парақшаларын аша алмай қалды. Парламент депутаты Мұрат Әбенов те алғашқылардың бірі болып желідегі түйткілді қозғап, Қазақстандағы интернет провайдері «Қазақтелеком» компаниясынан осы мәселеге қатысты жауап беруін сұраған.
«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМНЫҢ» ХАТЫ
Мұрат Әбенов сол кезде Азаттық радиосына қазақстандық блоггерлер провайдердің техникалық ақауынан қолайсыздық көріп жүрген болуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ ол өзінің Facebook парақшасында жариялаған, «Қазақтелекомнан» келген ресми жауап хатта азаматтық істің қозғалғаны баяндалады. Ресми хат бойынша, осы жылдың ақпан айында Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты Қазақстан территориясында www.djamat.wordpress.com және www.caucase.wordpress.com ресурстарының таралуына тыйым салған.
Ресми хатта бұл екі блогта Қазақстанның заңнамаларына қайшы келетін ақпараттардың болғандығы айтылады.
Wordpress.com сайтындағы барлық блогтардың IP-адресі бірдей болғандықтан «Қазақтелекомда» жеке блогтардың қызмет етуін тоқтататын мүмкіндік жоқ. Сол себепті сайттағы барлық блог-платформаға кіруді бірдей бұғаулауға мәжбүр» делінген хатта.
БЛОГГЕРЛЕР МЕН КЕДЕНДІК ОДАҚ
Бұл ақпаратты қазақстандық блоггерлер әртүрлі қабылдады. Кейбіреулері бұған өкініш білдірсе, енді бірі одан саяси астар іздей бастады. «Wordpress – әркім парақша аша алатын блог-платформа. Парақшаны ашу тегін, блог-платформалар әртүрлі тілде, оның ішінде қазақ тілінде де болды. Құрылымы, виджеті де оңай. Қысқасы, тамаша болатын» деп жазады Ардақ Қатарбаев Facebook әлеуметтік желісінде.
«Қазақстан пираттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Мүлкібаевтың пікірінше, Wordpress блог-платформасын билікті сынай ма деген қауіппен бұғаулаған.
– Wordpress-те шамамен 500-ге жуық қазақтілді блоггерлердің блогы болды. Ол блогтарда материалдар көп болатын. Енді олар оны
«Қазақстан пираттық партиясы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марат Мүлкібаев. Алматы, 16 маусым 2011 жыл.
толыққанды пайдалана алмайды, басқа порталға көшуге тура келеді. Менің ойымша, билік алдын-ала сақтану шарасын қолға алды. Көпшілігі блогтар БАҚ-тарға жатпайды деп ойлайды. Ал блогтар қазірдің өзінде оқырмандардың көңіл-күйіне қатты әсер етіп отыр. Wordpress-ті бұғаулау Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіруінің қарсаңында болды. Меніңше, бұл екі нәрсе тектен-тек қатар келіп отырған жоқ. Қазақстанда елдің Ресеймен жақындасып, қосылып кетуіне қарсылар тым көп. Билік алдын-ала ескерту жасады деп ойлаймын, – дейді Марат Мүлкібаев.
Блоггердің сөзінше, қазір Қазақстанда интернеттегі негізгі пікірталас алаңы Facebook пен Twitter әлеуметтік желісі болып отыр.
«ЕКІ БЛОГҚА БОЛА БҮКІЛ ПОРТАЛДЫ ЖАУЫП ТАСТАУ»
«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның ойынша, «Қазақтелеком» компаниясы интернет пайдаланушыларға зардап келтіріп, сот шешімін асыра пайдаланып жіберген.
– Компания ешқандай құқы болмаса да, тұтастай бір желіні үзіп тастап отыр. Сот шешімінде тұтастай блог-порталды емес, тек екі блогты бұғаулау туралы айтылған. Қайдағы бір заң бұзған екі блогқа бола тұтастай порталдың жұмысын тоқтатып тастады. Бұл мүлдем әдепке
жатпайды. «Қазақтелеком» компаниясы не жекелеген блогтарды жойып жіберетін жаңа бір техникалық мүмкіндіктерді ойлап тапсын, я болмаса бәріне бірдей төзімділік танытсын. Бірақ екі блогқа бола бір проталды түгелдей бұғаулап тастау деген... Мен мұны заң бұзушылық емес, адамның ақпарат алу құқығына қол сұғушылықтың сорақы түрі деп санаймын, – деді Тамара Калеева Азаттық радиосына.
Тамара Қалееваның пікірінше, егер парламент депутаты Мұрат Әбенов болмағанда, қазір блоггерлер Wordpress порталына не болғанын әлі білмей отырар еді. Құқық қорғаушы Қазақстанда сот шешімімен жұмысы тоқтатылған интернет ресурстарының тізімі жарияланып тұратын арнайы сайт болу керек деп санайды. «Егер ондай сайт болмаса, интернет пайдаланушылар жұмысы тоқтатылған интернет ресурстарына не болғанын біле алмай отыра беретін болады» дейді Тамара Қалеева.
Ал бүгін байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз хатшысы Wordpress.com қайтадан жұмысын жандандыратынын мәлімдеді.
«Қазір заңға қарсы контенті бар материалдар өшірілді. Таяу арада «Wordpress.com» платформасы әдеттегідей жұмыс істейді» дейді министрліктің хабарында.