ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМГЕ ҚАРАЙ БІР ҚАДАМ
Оған сәйкес, екі елдегі ядролық оқтұмсықтардың санын алдағы жеті жылдың ішінде 1550-ге дейін қысқарту көзделген. Келісімде сондай-ақ екі елдің иелігіндегі бомбалаушы ұшақтар мен зымырандар саны 700-ге азайтылуы тиіс, бұл жылына 18 рет тексерілетін болады делінген.
Чехия астанасында қол қойылған маңызды құжат 1991 жылғы Стратегиялық қаруларды қысқарту туралы келісімді алмастырады. Ескі келісімнің мерзімі желтоқсан айында аяқталған болатын. Жаңа келісім өз күшіне енуі үшін оны екі елдің заңшығарушы органдары бекітуі тиіс.
Осыдан бір жыл бұрын президент Обама Прагада сөз сөйлеп, ядролық қарусыз әлем құруға шақырған болатын.
Обаманың айтуынша, бұл келісімнің жасалуы АҚШ пен Ресейдің басқаларға үлгі болуға дайын екенін көрсетеді.
«Ядролық қарусыз әлемге жақын арада әрине қол жеткізе алмаймыз. Дегенмен мен сол бағытта жұмыс істеу үшін, яғни ядролық қарулардың таратылуын тоқтату мен лаңкестердің ядролық материалдарға ие болуының алдын-алу мақсатында және ядролық арсеналдарды азайту бағытында жан-жақты жоспарлар жасап отырмын. Ресеймен стратегиялық қаруларды қысқарту жөніндегі келісім мұның негізгі бөлігі боп табылады», - дейді Обама.
Бейсенбі күні Ресеймен арадағы келісімге қол қою рәсімінен кейін Барак Обама былай деп мәлімдеді.
«Бүгін ядролық қауіпсіздік пен ядролық қаруды таратпауға байланысты және АҚШ-Ресей қарым-қатынастары үшін де өте маңызды қадам жасалды. Стратегиялық қаруларды азайту туралы келісімнің жасалуы ортақ мақсаттарды, оның ішінде екі елдt орналастырылатын ядролық қарулардың санын айтарлықтай қысқартуды көздейді», - дейді Обама.
Айта кету керек, алдағы аптада АҚШ президенті Барак Обама Вашингтонда ядролық қауіпсіздік туралы саммит өткізеді. Оған әлем елдерінің жетекшілері қатысады.
АМЕРИКАНЫ АЙЫПТАМАУҒА НЕГІЗ
Сарапшылардың айтуынша, жаңадан жасалған келісім қауіпсіздіктен гөрі саясат үшін маңыздырақ боп табылады. Әскери сарапшы Александр Гольтц мынадай пікірін білдірді.
«Бұл келісім екі елдің көптеген мәселе бойынша, оның ішінде Ауғанстан, Иран және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша екі жаққа да тиімді ынтымақтастыққа мүмкіндік туғызады», - дейді Гольтц.
Ал сыртқы саясат сарапшысы Георгий Мирскийдің пікірінше, жаңа келісім екі ел қарым-қатынастарының сипатын өзгертуге де көмектеседі.
«Енді Америкаға қарсы адамдардың көбі барлық нәрсе үшін АҚШ-ты айыптай бермейтін болады», - дейді Мирский.
Барак Обама Прагада Чехия жетекшілерімен келіссөз өткізгеннен кейін жұма күні сапарын аяқтайды. Ал Медведев бейсенбі күні еліне қайтады.
Ресей-АҚШ президенттерінің саммитіне байланысты Чехия астанасында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.