Accessibility links

Көп тіл білетін жастар


Көп тіл білетін қазақ блогшысы Ертай Нүсіпжанов.
Көп тіл білетін қазақ блогшысы Ертай Нүсіпжанов.
Қазақ жастарының арасында бірнеше тіл меңгерген қыз-жігіттер көп. Полиглоттардың арасында тоғыз шет тілінде еркін сөйлейтіндер де бар.

ТОҒЫЗ ТІЛ БІЛЕТІН НЫҒМЕТ

Қазақ тілінен басқа тоғыз тіл (хинди, араб, парсы, пушту, ағылшын, түрік, урду, тәжік, орыс) білетін Нығмет Нажмуддин ол тілдердің бәрін өз бетімен үйренгенін айтты.
Тоғыз тіл меңгерген Нығмет Нажмуддин. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Тоғыз тіл меңгерген Нығмет Нажмуддин. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

– Ата-анамнің қызметіне байланысты әлемнің көп елінде тұрдық. Бір елден екінші елге жиі көшетінбіз. Көп елдердің мектептерінде оқыдым. Сол кезде тілдерді үйренуге тура келді. Тіл үйренудегі ерекше медотикам – сөз жаттау, интернет арқылы түрлі ұлт өкілдерімен байланыс орнату. Бала кезімнен парсы тілін үйрендім. Қазір тіл үйрену еш қиындық туғызбайды. Қазақстанға келген кезде орыс тілін де тез (бір жылда) үйреніп алдым. Қазір француз, испан тілін оқып жүрмін, – дейді Нығмет Нажмуддин.

Төрт жыл бұрын Түркиядан Қазақстанға қоныс аударған қазақ студент Нығмет осындағы университеттердің біріне ақылы оқуға түсіп, кейін көп тіл білгеннің арқасында грантқа ауысқан.

АЛТЫ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙТІН ӘДІЛБЕК

Ал 19 жастағы Әділбек Қоңырбай алты тілде ойын еш қиналмай жеткізеді. Мектепте француз тілін оқып, кейін курстар арқылы ағылшынша үйренген қазақ жігіті шығыстану факультетіне оқуға түсіпті.
Университетте араб, парсы, урду, пушту тілдерін үйреніп алдым. Бұл тілдерді үйренуге төрт жыл жеткілікті болды.

– Университет қабырғасында араб, парсы, урду, пушту тілдерін үйреніп алдым. Бұл тілдерді үйренуге төрт жыл жеткілікті болды. Осы тілдерде интернеттен материалдар оқып, кейін Иран елінің Тегеран қаласында оқып келдім. Көбіне парсы, француз, пушту тілдерінде кітап оқып, аудармамен айналыстым. Қазір осы тілдерден курста сабақ беремін, – деді Әділбек Қоңырбай.

БЕС ТІЛ БІЛЕТІН АҚМАРЖАН

Студент Ақмаржан Кенжеболат қазақ, орыс тілдеріне қоса ағылшын, қытай, корей, өзбек тілдерін еркін меңгерген. Он сегіз жастағы қыз бұл тілдердің бәрін өз бетімен үйренген.
Ағылшын, корей, қытай, өзбек тілінде еркін сөйлейтін Ақмаржан Кенжеболат. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Ағылшын, корей, қытай, өзбек тілінде еркін сөйлейтін Ақмаржан Кенжеболат. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

– Корей тіліне қатты қызықтым. Корея мультфильмдерін, кейін фильмдерін көру арқылы үйрендім. Әуендерін де жиі тыңдаймын. Осы тілді үйрену үшін қандай да бір курстарға қатысқан жоқпын. Барлығын жеке кітап-дисктермен меңгердім. Ал қытай тілін интернеттегі аудио-курстар арқылы оқыдым. Қазір бұл екі тілде еркін сөйлесіп, жаза аламын. Жаз айында тәжірибе жинау үшін Оңтүстік Корея мен Қытай елінде барып қайттым, – дейді студент.

Ақмаржан Кенжеболат ағылшын мен өзбек тілдерінде де жақсы сөйлейді.

– Ағылшын тілін мектепте үйреніп алдым. Ал өзбек тілін өзбекстандық құрбым арқылы үйрендім. Бұл тілді үйрену үшін жарты жыл уақыт жұмсадық. Жалпы, тіл үйрену үшін интернеттегі онлайн-курстардың көмегі зор. Ешқандай курстарға ақша шығындамай, интернет арқылы оқуға болады, – дейді ол.

Ақмаржан енді жапон және түрік тілдерін өз бетінше оқып жатқанын айтты.

КҮНІНЕ ҚЫРЫҚ СӨЗ ЖАТТАЙТЫН ЖАНАТ

Жанат Қамбарова есімді мектеп оқушысы ағылшын, жапон, моңғол тілдерінде сөйлейді.
Күніне интернеттен елу сөз көшіріп, қоғамдық көлікте жаттап жүрдім... Қазір ағылшынша он мың сөздей білемін.

– Күніне интернеттен қойын дәптеріме елу сөз көшіріп, соны жолда, қолым бос кезде, қоғамдық көлікте жаттап жүрдім. Ұялы телефоныма аудио сөздіктер көшіріп алып, жаттау әдісін қолдандым. Бүгінде шамамен алғанда ағылшынша он мың сөз білемін. Ал күніне жоспарлап, 40 сөз тіркесін жаттаймын. Жапон иероглифтерін де осы әдіс бойынша есте сақтадым. Жалпы, тіл үйрену үшін адамның өзінде құлшыныс болу керек. Ал үйрену әдісі көп. Қазір ұлттық бірыңғай тестіге дайындалып жатырмын. Жапонияға оқуға тапсырмақпын. Негізгі арманым – ұшақта қызмет көрсететін стюардесса болу. Ал ол үшін көп тіл білу керек, – дейді 17 жастағы оқушы.

«ТІЛ ҮЙРЕНУДІҢ ОҢАЙ ЖОЛЫ – СОЛ ЕЛГЕ БАРУ»

Ал Ертай Нүсіпжан қытай тілінде еркін сөйлейді. Екі мыңнан астам иероглиф білетін қазақ жігіті тіл меңгеру үшін бірнеше жыл бойы Қытайда тұрған.

– Қытай тілін үйренуге бір жыл уақытым кетті. Қытайда иероглиф көп. Санын ешкім білмейді. Ал мен бір жылда екі мыңнан астамын үйрендім, – деді ол.

Жиырма жастағы студент Сымбат Жақаева ағылшын, корей тілдерінде еркін сөйлеп, қазір поляк тілін үйреніп жүр.
Корей, ағылшын тілдерін білетін Сымбат Жақаева енді поляк тілін оқып жүр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Корей, ағылшын тілдерін білетін Сымбат Жақаева енді поляк тілін оқып жүр. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

– Корей тілін меңгеру үшін сол елге бардым. Негізі тіл үйренудің ең оңай жолы – сол тілдің отанына бару. Ал ағылшын тілін курстардан оқыдым. Курстарды таңдағанда да сапалысын таңдау керек, – дейді Сымбат.

28 жастағы Мирас Әбдірахим «ағылшын, француз, испан, итальян, неміс, түрік тілдерін сол елдің өкілдерінен үйрендім» дейді.

– Қазақстанда тек ағылшын тілін меңгердім. Кейін жеке бағдарламамен Италияға оқуға барып, төрт айда сол елдің тілін меңгердім. Франция, Испания, Германияда тұрып, барлық елдердің тілдерін үйреніп алдым. Германия мен Францияда түріктер көп, солардан түрікшені оқыдым, – деді Мирас Әбдірахим.

Ол осы алты тілді меңгеру үшін Еуропада бес жыл тұрыпты.

Халықаралық компанияның менеджері Сандуғаш Кенжебаева ағылшын тілінен
Сандуғаш Кенжебаева. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Сандуғаш Кенжебаева. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
бөлек түрік, әзірбайжан, түркімен тілін үйренген. Ол да бұл тілдерді сол тілде сөйлейтін адамдардан үйренгенін айтты.

«ӘЛЕМІМ КЕҢЕЙЕ ТҮСТІ»

Кейбір жастар көп тіл білу адамның мінезіне де, карьерасына да әсер етеді деп ойлайды.

- Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаңашылдыққа, объективті ойлауға жетелейді. Мінез тұрғысынан айтар болсам, ашық болған сияқтымын, бұрын болмаған позитивті ойлар қалыптасты. Еркіндікті көп сезінемін. Әлемім кеңейе түсті, - деп сипаттайды Ертай Нүсіпжан.

Сұқбаттасымыз шет тілін игеру арқылы жұмысқа тұру мүмкіндігі де молайғанын айтты.

- Бір тіл білсең, сол тілде сөйлейтін тұтас бір елді білесің. Ортаң да кеңейеді. Ұсыныстар мен мүмкіндіктер де арта түседі. Мысалы Қытайдың Қазақстандағы бірнеше ірі компаниясы мені жұмысқа шақырды. Бірақ мен өз таңдауымды жасадым. Жұмысым тікелей сол тілге байланысты болмаса да, кейбір жобалар бойынша әлі де Қытаймен араластығым бар, - дейді Ертай.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.

(Материалды әзірлеуге Махамбет Мәмбетов қатысты)
XS
SM
MD
LG