Жастарды білікті кадр ретінде шетелде даярлау мақсаты үшін «Болашақ» үлкен мүмкіндік болды» дейді бағдарламаның 1999 жылғы стипендиаты, Страсбург университетінде оқып келген Танакөз Толқынқызы. Оның пікірінше, бағдарламаның арқасында «қазақ студенттері үшін үлкен кеңістік ашылған».
– Әрбір шетелде оқыған студент Қазақстанға сырт көзбен қарайды. Өзінің білім деңгейін, маман ретінде қаншалықты көтерілуі керектігін басқалармен салыстыра отырып бағалады. Қазақстанның даму деңгейін бағалады. Жетік біліммен бірге өмір тәжірибесін де ала келді, – дейді Танакөз Азаттық тілшісімен сұқбатында.
Мәскеу энергетикалық институтында білім алып келген Бахтияр Қалиевтің ойынша, «Болашақ» – әлемнің ең жақсы университеттеріне түсіп, білім алу үшін жақсы мүмкіндік.
«БАЙ-МАНАПТЫҢ БАЛАЛАРЫ»
Біз сөйлескен «болашақтықтар» оқу барысында бағдарламаның кемшіліктерін де байқағандықтарын айтады. Мәселен, Танакөз Толқынқызы өзі оқуға түсердің алдында «бай-манаптың балалары өтіп кетіп, кейін қайтуға мәжбүр болғанын» еске алады.
Бұл жайтты кезінде Қазақстанның мемлекеттік хатшысы, шетелдерде кадр дайындау жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Оралбай Әбдікәрімов те растаған еді.
– Ол кезде мен президент әкімшілігінде басшылардың бірі едім. Кейбір лауазым иелері сынақ кезінде балаларының алған балы төмен болса да, шет елдерге оқуға жіберген. Ал жақсы көрсеткішке ие болған былайғы жұрттың балалары шетте қалып қойған, – деді Оралбай Әбдікәрімов 2007 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында.
Мәскеуде білім алған Бахтияр Қалиев оқуын әрі қарай жалғастырғысы
Кейбір лауазым иелері сынақ кезінде балаларының алған балы төмен болса да, шет елдерге оқуға жіберген. Ал жақсы көрсеткішке ие болған былайғы жұрттың балалары шетте қалып қойған.
келеді. Дегенмен оны мазалайтын жайттар баршылық.
– Бағдарлама бойынша бір ғана ғылыми дәреже аласың. Оқуыңды жалғастырып, келесі дәрежеге жету қарастырылмаған. Бұл – өкінішті жайт. Себебі келісім-шарт бойынша бір ғылыми дәреже алғаннан кейін, елге келіп 5 жыл жұмыс істеуің қажет, - дейді Бахтияр Қалиев.
Ал Танакөз Толқынқызы бағдарламаның әлі де «қарапайым қазақ баласының қолы жететін жоба емес» екенін айтады.
– Қазақ тілді балаларға басымдық бермейді. Стипендиаттардың 70-80 пайыздайы үнемі «ақ жағалы» отбасынан шыққан, орыс тілді топтан құралады, – дейді Танагөз.
«Болашақ» бағдарламасына құжат тапсыруды, әсіресе, ауылдан шыққан жастар үшін қиындата түсетін тағы бір жайт бар. Тиісті сынақтардың барлығынан өткен үміткер өзінің оқуына жұмсалатын қаржыға пара-пар жылжымайтын мүлікті кепілдікке қойып кетуі тиіс. Ол оқуын бітірген соң елге оралып, мемлекеттің өзіне жұмсаған қаржысын қайтарып бергенше кепілде тұрған жылжымайтын мүлкін ала алмайды. Ал ауылдың жағдайында кепілге лайықты жылжымайтын мүлік табу да оңай емес.
«САЯСАТТАН АУЛАҚПЫЗ»
«Болашақ» стипендиясының алғашқы түлектерінің бастамасымен Қазақстанда осы бағдарлама түлектерінің қауымдастығы 2001 жылы құрылған.
– Ең негізгі мақсат – «Болашақ» стипендиясымен бітіріп келген қазақстандық жастарды біріктіру. Сол бірігудің арқасында «болашақтықтарды» Қазақстанның экономикасына, жалпы дамуына қосатын үлесін арттыру, – дейді қауымдастықтың ұйымдастыру-әдістеме бөлімінің меңгерушісі Аян Әлжанов.
Оның сөзінше, қазір қауымдастыққа 400-дей түлек мүше болып кірген. Олардың негізгі жұмыстары – жастарға арналған семинарлар мен «бизнеспен айналысқысы келген жастарға ақпараттық көмек көрсету» дейді сұқбаттасымыз. Астанадағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында орналасқан қауымдастықтың саяси ұстанымын сұраған Азаттық тілшісіне, Аян Әлжанов былай деді:
– «Болашақ» қауымдастығы – саяси ұйым емес, жастар ұйымы. Иә, кеңсеміз «Нұр Отанның ішінде». «Жас Отанмен» бірлесіп өткізген шараларымыздың да, жүзеге асырған жобаларымыздың да бар екенін жасырмаймыз. Оның ірісі – «Жастар кадрлық резерві» жобасы. Дегенмен біз саясатқа мүлдем араласпаймыз.
ОТАНҒА ОРАЛМАҒАНДАР
«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған 50-ден астам жас маманның отандарына оралмағандығы жайлы Азаттық жазған болатын. Олардың кейбірі елде жұмысқа орналасудың қиындығын алға тартады.
Қазақстандағы «Халықаралық бағдарламалар орталығының» сол кездегі
Қазақстанда бізге ұсынатын ұсынысты тек энтузиазистер ғана қабылдай алады. Мәселен мәскеулік техникалық жоғары білімі бар адам 25 мың теңге жалақы төлейтін мемлекеттік қызметке қанағаттана ма, өзіңіз ойлап көріңізші?
өкілінің сөзінше, президенттік «Болашақ» бағдарламасының 50-ден аса түлегі шетелден оралмаған. «Халықаралық бағдарламалар орталығындағы» қызметкерлер шетелден қайтпай қалған «болашақтықтардың» саны жыл сайын көбейгенін айтқан еді.
Кейбір «болашақтықтар» оның себебін былай түсіндіреді.
– Қазақстанда бізге ұсынатын ұсынысты тек энтузиазистер ғана қабылдай алады. Мәселен, мәскеулік техникалық жоғары білімі бар адам 25 мың теңге жалақы төлейтін мемлекеттік қызметке қанағаттана ма, өзіңіз ойлап көріңізші? – дейді Бахтияр Қалиев.
Бахтияр жұмыс тапқанын, бірақ өзі танитын бірқатар «болашақтықтардың» жұмыссыз жүргенін айтады. Сондықтан, оның пікірінше, стипендия тағайындау кезінде «елге қажетті мамандықтарға басымдылық беру қажет».
«Болашақ» халықаралық стипендиясына орта мектепті немесе жоғары оқу орнын үздік бітірген кез-келген Қазақстан азаматы үміткер бола алады. Ал 2008 жылдан бастап стипендия алу үшін ауыл жастарына, мемлекеттік қызметкерлерге, мемлекеттік білім және ғылым мекемелерінің ғылыми және педагогикалық қызметкерлеріне квота бөлінеді.