Биыл «Дорогами судьбы» деп аталған өмірбаяндық кітап жарық көрді. Кітап авторы – Қазақ ССР-інің бұрынғы мемлекет және партия қайраткері Зақаш Камалиденов. Ол бұл кітапта 1986 жылдағы Желтоқсан оқиғасына да өзіндік баға береді. «Қазақстан басшыларына Геннадий Колбинді жарты жыл бұрын таныстырып қойған еді» деп жазады Камалиденов.
Зақаш Камалиденов 1980 жылдары КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) мен Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы болған, сонымен бірге Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің хатшысы болып екі мәрте тағайындалған. Идеологиялық мәселелермен айналысқан.
ИЕСІНЕ ӘРЕҢ ЖЕТКЕН КІТАП
Зақаш Камалиденов Азаттық радиосына берген сұхбатында айтуынша, «Дорогами судьбы» кітабы осы жылдың маусымында, оның 75 жасқа толуы қарсаңында, орыс тілінде жарыққа шықты. Бұл – оның бір жыл бұрын қазақ тілінде басылған «Өмір жолдары» кітабының аудармасы. Орысша басылымға ерекше рең беріп тұрған – жаңартылған фотосуреттер ғана. Қазақ тіліндегі кітаптың тұсаукесері 2010 жылы өткен. Зақаш
Камалиденовтің сөзіне қарағанда, ол «Дорогами судьбы» естеліктер кітабының шығу құрметіне тұсаукесер өткізуді жоспарлап отырған жоқ.
Зақаш Камалиденов орысша кітабына қол қойып, маған сыйға тартты. Байқағаным, есімімді, әкемнің аты мен тегімді еш қатесіз жазыпты. Әдетте алғаш рет жазғанда бұлай бола қоймаушы еді. Зақаш Камалиденов сыйлаған кітабына қалай қол қойса, екі сағаттан артық таусылмаған әңгімесін де дәл солай айтып берді – менің өмірбаянымның елеулі кезеңдерін жақсы білетінін көрсетті.
Зақаш Камалиденов қазақ тіліндегі «Өмір жолдары» кітабын өзінің 70 жылдық мерейтойы – 2006 жылдың маусымының қарсаңына дайындаған екен. Алайда, кітаптағы ақпар бойынша, «Арыс» баспасы Зақаш Камалиденовтың қазақша мемуарларын төрт жыл өткеннен соң ғана басып шығарыпты. «2010 жылдың 10 маусымында ақыры »Өмір жолдары» кітабының алғашқы даналарын қолыма алдым» деп жазады Зақаш Камалиденов орыс тілінде жарық көрген кітаптың алғысөзінде.
Зақаш Камалиденовтің айтуынша, 70 жасқа толған кезінде көруге құштар болған, бірақ тек 75 жылдығына бір жыл қалғанда ғана қолына тиген кітабының қазақша нұсқасын осыншама ұзақ күтуге мәжбүр болған себебі – «кітапта біршама өткір, қазір көзі тірі, әрі әлі күнге дейін елдің саяси өміріне ықпалы жүріп тұрған адамдарға қатысты» пікірлер бар. Зақаш Камалиденовтің ойынша, 1986 жылдың Желтоқсан оқиғаларына баға беру – бірден-бір өзекті мәселе болып қала бермек.
«ГОРБАЧЕВТІҢ ҚАТЕЛІГІ»
Зақаш Камалиденов «Желтоқсан оқиғасының түп-тамыры қайда жатыр?», «Жастар аязға қарамай, нені көксеп алаңға шықты, неге екі күн, екі түн тікелерінен тік тұрды?», «Неге студенттер жоғарғы оқу орындарындағы
Брежнев атындағы алаңға шыққан қазақтың бойжеткенін милиция мен әскерилер ұстап әкетіп барады. Желтоқсан, 1986 жыл. (Болатбек Төлепбергеннің «Біз білмейтін желтоқсан» кітабындағы сурет).
білімге наразылық білдірді?» деген сұрақтарға кітабында жалғыз жауап айтады: «Желтоқсан оқиғасы– Горбачевтің үлкен қателігі».
«Оқиғаның астарына үңілсек, қателік 1985 жылдың сәуірінде, Горбачевті КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы етіп тағайындағанда-ақ басталды. Горбачев енгізген «қайта құру», «демократия» түсініктерін жұрт түсінбеді, қабылдамады» деп жазады Зақаш Камалиденов.
Михаил Горбачевті КПСС Орталық комитетінің бас хатшысы етіп тағайындағаннан кейін «Совет одағының барша аумағында адал да жанкешті коммунистерді қудалау басталды» деп жазады автор.
«Оның мақсаты біреу ғана еді. Ол – Қонаевты қызмет орнынан тайдыру. Сондықтан Қазақстан туралы жағымсыз пікірлер айтты. Аузынан Қазақстанға қатысты бірде бір жақсы сөз шықпайтын» дейді Зақаш Камалиденов.
«Горбачевтың басты міндеті Қазақстанды құрту емес еді» деп нық сеніммен жазады «Дорогами судьбы» естеліктер кітабының авторы.
«Оның құпия мүддесі – коммунистік жүйені, Совет одағын жою. Мысықтабандап, аңдап басып, бар болғаны 5-6 жылдың ішінде мақсатына жетті. Меніңше, Горбачев барлығын өз бетімен болжап, осыншалықты мінсіз сценарий жазып шыға алмас еді. Ол – мұхиттың ар жағындағы
Азаттық радиосының Орыс қызметіне сұқбат берген Михаил Горбачев Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы жайлы ләм-мим демеді. Мәскеу, 20 қазан 2009 жыл.
саяси технологтар жазып берген сценарийдің шебер орындаушысы, мұхиттың арғы бетінде туған идеяларды жүзеге асырғанға көбірек ұқсайды» дейді Зақаш Камалиденов осы кітабында.
ГЕННАДИЙ КОЛБИННІҢ «БЕТАШАРЫ»
1985 жылдың қазанында-ақ, Целиноградтағы республика мен облыс басшылары бас қосқан атақты жиналыстың кезінде «Орталықтың Д.А.Қонаевқа деген көзқарасының біршама өзгергенін, бұрынғыдай еместігін байқадық» дейді Зақаш Камалиденов. Автордың айтуынша, бұл жаңа тағайындалған советтік басшы Михаил Горбачевтің Қазақстанға келген бірден бір сапары болатын. Бірақ Горбачев бас қала – Алматыға емес, шет аймақтағы Целиноградқа барып қайтты. Горбачев билікте ширек ғасырдай отырған Қонаевты биліктен тайдыруға кіріскендей болды.
«М.С.Горбачев Қазақстан аумағында жиналыс өткізіп отырса да, Д.А.Қонаевқа сөз бермеді. Мұның бәрі өсек-аяң, бос әңгіме, жел сөздің үдеуіне себеп болды. Димекеңнің орнына басқа кандидатураның қарастырылып жатқаны сезілді» деп жазады Зақаш Камалиденов.
Ол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына байланысты аты шыққан Геннадий Колбинмен алғаш кездесуін былай сипаттайды:
«1986 жылдың маусымында СССР Жоғарғы Кеңесінің отырысы өтті. Отырыс уақытында М.С.Горбачев өзінің жанына Н.Ә.Назарбаевты, О.С.Мирошхинды және мені залдан шақырып алды. Қабылдау бөлмесінде бірталай республика мен облыс басшылары болды, біз бәрімен амандастық. Алыстау тұрған бір адам бізге жақындап келіп: «Мен – Колбинмін, Ульяновск обком партиясының бірінші хатшысымын» деп, өзін таныстырды. Біз ол кезде ештеңені елемедік, бірталай уақыт өткен соң бір-ақ түсіндік. Бұл оның бізбен алғашқы таныстығы екен».
Зақаш Камалиденов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты Михаил Горбачевті сөз етіп отырып, Геннадий Колбинмен алғаш кездескен сәтін тағы да еске түсіреді: «Жоғарыда айтқан едім, 1986 жылдың маусымында ол бізді ойда-жоқта Г.В.Колбинмен таныстырды. Мұнысы несі? Бұл Горбачевтың кейіннен іске асырған жоспарын жарты жыл болмай тұрып, ойластырып қойғанын көрсетеді».
Геннадий Колбиннің тұсында Қазақстан билігіндегі қызметін зерттеушілер әрқалай бағалайтын Зақаш Камалиденовтің өзі осылай ой түйеді.
Мәскеулік эмиссар Колбин Советтік Қазақстанды басқарған кездің алғашқы жартысында Желтоқсан оқиғасына қатысқандарға қарсы, орталықтағы және жер-жерлердегі кадрларға қарсы репрессиялар жүріп жатқан еді. Қазақстанға Горбачевтің қайта құруының иісі де келмегендей – мемлекеттік аппаратты «қарқынды тазалауға» кіріскен. Колбинді 1989 жылы Мәскеуге ауыстырған соң ғана Қазақстанды қайта құрудың жаңа сатысы басталды.