Жаңаөзен қаласының уақытша оқшаулау изоляторындағы ұрып-соғу, азаптаудан кейін 2011 жылы желтоқсанның 16-сы Жаңаөзен қаласында тұтқындалған Базарбай Кенжебаев қайтыс болған еді.
Сотқа бақылаушы ретінде қатысып отырған тәуелсіз блогшы Андрей Цуканов:
- Базарбай Кенжебаев ешқандай да қылмыскер емес. Оны абақтыда ұрып-соғып, сол соққылардан ол қаза тапты. Оны полицейлер қылмыскер, тонаушы жасамақ болған. БАҚ-тың арқасында ғана, оның ішінде Азаттық радиосының көмегімен бұл іс жарияға шықты. Билік Базарбай Кенжебаевты полицейлер құрбаны ретінде мойындауға мәжбүр болды, - дейді.
Бұдан бұрын ақпарат агенттіктері Жеңісбек Теміровтің үстінен қызметін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
«ҚҰРБАНДЫ ҚЫЛМЫСКЕРГЕ АЙНАЛДЫРУ»
Азаттық радиосы Маңғыстау облысының Қызылсай ауылының тұрғыны Базарбай Кенжебаевтың 2011 жылы желтоқсанның 16-сы жас босанған кенже қызы Жадыра мен немересін перзентханадан шығарып алуға барғанын, бірақ оны сол күні көшеде келе жатқан жерінен полицейлер Жаңаөзен қаласының уақытша оқшаулау изоляторына алып кеткенін жазған еді. Ол бірнеше күн осы абақтыда азап көріп, үйіне келген соң қайтыс болды.
Базарбай Кенжебаевтың қыздары билік әкелерінің полицияның қолынан өлгенін жасырғысы келді, бірақ бұған бұқаралық ақпарат құралдары жол бермеді деп ойлайды. Шынында да билік марқұмның өлімін бұзақыларға жапқысы келді. Мәселен, 2011 жылы желтоқсанның 22-сі бас прокуратура «2011 жылы желтоқсанның 21-інде 1961 жылы туған Кенжебаев Базарбай Жанабаевич жаппай тәртіпсіздік кезінде алған соққылардан үйінде қайтыс болды» деп хабарлады. Бұл баспасөз хабарламасында оны полиция ұрып-соққаны айтылмады.
Бұдан бөлек, бас прокуратура «Кенжебаев Б. Ж. 2011 жылы желтоқсанның 16-сы қалалық ауруханаға жеткізілді, алайда алғашқы медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін, ол ауруханаға жатудан және ары қарай ем алудан өз еркімен бас тартып, үйіне жіберілді» деген ақпарат таратты.
Бірақ бас прокурор Асхат Дауылбаев Базарбай Кенжебаевтың өлімі туралы БАҚ-та жарияланған мәліметтерден кейін басқаша сөйлеуге мәжбүр болды.
Базарбай Кенжебаев өлер алдында Жаңаөзен изоляторында полицейлердің «Мойында!» деп қалай ұрып-соққанын айтып кеткен болатын. БАҚ-тағы осы тектес мақалалардан кейін бас прокурор мәлімдемесінде «Тергеуге туыстарының берген жауаптары бойынша Базарбай Кенжебаевтың өліміне Жаңаөзен қаласының уақытша оқшаулау изоляторында алған соққылар себеп болған...Бұл факті бойынша Кенжебаевты заңсыз қамағаны және оған дер кезінде медициналық көмек көрсетпегені үшін Жаңаөзен қаласының уақытша оқшаулау изоляторының бастығы Теміровтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, оны ұрып-соғуға қатысы бар тұлғаларды анықтау шаралары жүріп жатыр» деп хабарлады.
КЕНЖЕБАЕВТЫ ҰРҒАНДАР ТАБЫЛДЫ МА?
Сот бүгін ғана басталды. Әзірге марқұмның өліміне себепші болған полицейлердің анықталған-анықталмағаны белгісіз. Бір анығы – Жаңаөзен уақытша оқшаулау абақтысының бұрынғы басшысы сот алдында жауап бергелі отыр.
Сәуірдің 24-і Азаттық тілшісі Базарбай Кенжебаевтың қызы Әсемге хабарласқан еді. Әсем Кенжебаева анасы екеуінің бұл сотқа қатысқалы отырғандарын айтты.
Бұдан бұрын Әсем Кенжебаева Азаттық радиосына әкесін өлтірген адамдардың табылып, тиісті жазасын алғанын қалайтынын айтқан еді. Әзірге жалғыз Теміров қана айыпталып отыр. Оның өзі тергеу абақтысына қамалған жоқ.
Ал Жаңаөзен оқиғасын зерттеу үшін құрылған қоғамдық комиссияның мүшесі Макс Боқаев 37 айыпталушының үстінен Ақтауда өтіп жатқан сотты мысалға келтіре отырып:
- Мәселен, айыпталушы Аминов сотта Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің қызметкері Данияр Адиловтың Жаңаөзен қаласының уақытша оқшаулау изоляторында өзін ұрып-соққанын айтты. Ал Адилов бұл сотқа куәгер ретінде қатысып отыр. Шамов деген айыпталушы да Адиловтың Жаңаөзен қаласының уақытша оқшаулау изоляторында өзін полицейлердің ұрғанын айтты. Айыпталушы Сарыбаев та сол абақтыда полицейлердің басына пакет кигізіп тұншықтырғанын, естен танып қалғанын мәлімдеді. Ол есін жиғанда изолятор бастығы оны еден жууға мәжбүрлеген. Айыпталушы Қосбармақов та полицейлердің қол жұмсағанын, «изолятор бастығы үнемі дубинканы құшақтап жүретінін, осыны бір жеріңе тығам деп қорқытқанын» айтты, - деді.
Макс Боқаевтың айтуынша, Жаңаөзен оқиғасына қатысты өтіп жатқан сотта сөйлеген «Қайрат Алпысбаев» деген анонимді куәгер де өзін Жаңаөзен қаласының уақытша оқшаулау изоляторында полицейлердің ұрып-соққанын айтқан. Макс Боқаев «Бүгін басталған бұл сотта Жаңаөзен изоляторында соққы жеген азаматтардан жауап алынса әділдік болар еді» дейді. Өйткені, әзірге бұл сотта жәбірленуші тек марқұмның туыстары ғана болып тұр.
Маңғыстау облысының Қызылсай ауылының тұрғыны Базарбай Кенжебаев 2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзенде полиция халыққа қарата оқ жаудырып, одан кейін жаппай тұтқындау басталған кезде қамауға алынған. Жаңаөзен мен Шетпедегі толқуда полицияның оғынан 17 адам қаза тауып, жүзден аса адам оқ тиіп жараланды. Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының ішінде Базарбай Кенжебаев та бар.
Бүгін басталған сотқа қатысты видеоны мына жерден көре аласыз: