Accessibility links

Полицей «бұйрықты кім бергенін ұмытып қалғанын» айтты


Сот залында отырған айыпталушы полиция қызметкерлері. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.
Сот залында отырған айыпталушы полиция қызметкерлері. Ақтау, 27 сәуір 2012 жыл.

Полицейлерге байланысты өтіп жатқан сотта куәгер полицей: «Бұйрық артқы жағымыздан естілді: «тұр» деді – тұрдық, «отыр» деді – отырдық» деді. Адвокаттардың бірі «есту қабілеті төмен полицейлердің көбейіп кеткеніне қайран қалып отырғанын» айтты.

Ақтау қаласында өтіп жатқан «Полицейлер соты» бүгін, мамырдың 14-інде қайта жалғасты. Сотқа шақырылған куәгерлер – негізінен 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі Тәуелсіздік алаңына қаруланып, сап түзеп барған Маңғыстау облысы қосымша жасағының қызметкерлері.

Куәгерлер жауабынан соң сот төрағасы қамауда отырған бес полицейге өз сөздерін айтуға рұқсат берді. Бірақ олар сөйлеуден бас тартып, арнайы дайындалуға уақыт сұрады. Сот шешімі бойынша сотталушы полицейлер ертең, яғни мамырдың 15-іне сөйлейтін болды.

Сот төрайымы Гүлмаржан Әділсұлтани кейбір куәлардың әлі де келе алмай жатқанын айта келе, айыптаушы прокурорларға жарыссөзді бастай беруге рұқсат етіп, 15 минут үзіліс жариялады. Алайда үзілістен кейін, тағы да бірнеше куәгер полицейдің келгені мәлім болып, олардан да жауап алынды.

«БАСТЫҒЫМНЫҢ АТЫ-ЖӨНІН ДЕ БІЛМЕЙМІН»

Прокурорлар мен адвокаттар куәгер полицейлерден алаңға барған кезде оқ атуға кім бұйрық бергенін, сапты кім басқарғанын анықтауға тырысты. Бірақ куәгер-
Полицейлер соты өтіп жатқан ауданды бақылап жүрген әскерлер. Ақтау, 4 мамыр 2012 жыл.
Полицейлер соты өтіп жатқан ауданды бақылап жүрген әскерлер. Ақтау, 4 мамыр 2012 жыл.
полицейлердің дені «бұйрықты кім бергенін білмейтінін» немесе «ұмытып қалғанын» айтты.

Маңғыстау облысы Қарақия ауданынан келген куәгер полицей Жаңаөзен оқиғасы кезінде «алаңдағылар қарсы шыққан соң қашып кеттік» деп бастады өз сөзін. «Алаңға кім басқарып барды» деген сұраққа ол 2011 жылы қараша айында ғана полиция қызметіне жұмысқа тұрғанын айтып, «бастығымның аты-жөнін де білмеймін» деп жауап берді.
Бұйрық арт жағымыздан естілді: «тұр» деді – тұрдық, «отыр» деді – отырдық.

– Бұйрық арт жағымыздан естілді: «тұр» деді – тұрдық, «отыр» деді – отырдық, – деген полицей қамауда отырған құқық қорғау органының бес қызметкерін де танымайтынын айтты.

Қарақия аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, учаскелік инспектор Мұхамбет Сеңгірбаев та «халықты тоқтатып, тарату керек» деген бұйрықты естігенін, «бірақ оны кім айтқанын білмейтінін» мәлімдеді.

Жәбірленушілердің адвокаты Абзал Құспанов бүгінгі сот процесіне «алаңда айқайлап жүргендердің дауысын еститін, бірақ өздері жақтан атылған қару даусын естімей қалатын полицейлер» тағы да келгенін айтып:

– Есту қабілеті төмен полицейлердің көбейіп кеткеніне қайран қалып отырмын, – деді.

АЙЫПТАЛУШЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ АДВОКАТТАРЫ

Азаттық тілшісі түскі үзіліс аяқталғаннан кейін сотталушы бес полицейдің адвокаттарын жұртшылық шығып жатқан есіктен арнайы күткенімен, кездесе алмады.

Ал түстен кейін сот аяқталысымен сот залына кіріп, қарсы алдарынан шыққанымызда адвокаттар өз пікірлерін айтудан үзілді-кесілді бас тартып, басқа есіктен шығып кетті.

Айыпталушылардың екеуінің – Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің орынбасары Қабдығали Өтеғалиев пен Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Бақытқалиұлының адвокаттары ақпарат құралдары өкілдері алдына шыққысы келмейтіндерін білдірді.

«СУРЕТКЕ ТҮСІРУГЕ БОЛМАЙТЫН» ЕСКЕРТКІШ

Азаттық тілшісі бүгін түске дейін Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне барып, осы департаменттің Жаңаөзен қаласына кураторлық ететін қазіргі жетекшісін іздеген еді.

Бірақ есік алдында отырған күзетші бірнеше адамға хабарласып, ақыры баспасөз
Қаза болған полицейлерге арналған ескерткіш. Ақтау, 14 мамыр 2012 жыл.
Қаза болған полицейлерге арналған ескерткіш. Ақтау, 14 мамыр 2012 жыл.
бөлімімен телефон арқылы сөйлестірді.

Бірақ өзін таныстырмаған әйел адам «бастықтардың бәрі жиналыста отырғанын» айтып, кейін хабарласуды сұрады.

Күзетшілер осы департамент ғимаратының арт жағындағы қоршау ішінде таяуда орнатылған, айналасында жұрт демалатын орындықтары бар ескерткішті суретке түсіріп алуға да рұқсат бермеді – бірақ себебін де айтпады.

Қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полицейлер құрметіне қойылған ескерткіш 9 мамыр күні облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановтың қатысуымен ашылған еді.

Ескерткішті Азаттық тілшісі ішкі істер департаментінің аумағының сыртында тұрып суретке түсіруге мәжбүр болды.
XS
SM
MD
LG