Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасы туралы жаңа видео


Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу

YouTube сайтындағы Жаңаөзен оқиғасы туралы видео.

YouTube сайтында Жаңаөзендегі оқиғаның алғашқы күні, желтоқсанның 16-сында түсірілген видео пайда болды. Бұл видеода арнайы жасақтың қарусыз тұрғындарды қалай ата бастағаны бейнеленген. Кәмелетке толмаған балаларға көрсетпеулеріңізді өтінеміз.


YouTube сайтындағы бұл
видеороликте қарусыз қарапайым тұрғындардың өздерін тықсыра оқ жаудырған полициядан қашқан сәті анық көрінеді.

Жаңаөзенде әуелгі оқты ереуілшілер мен полицияның қайсысы атты, қарапайым халықты атуға арнайы жасаққа кім бұйрық берді деген сауал қойғанда, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов:

- Оқу атуға ешкім бұйрық бермеген. Сол күні Жаңаөзендегі алаңда болған полицейлер оқ атудан басқа амалы қалмайтын қиын жағдайға тап болған. Оқиға басталған кезде полицейлерде қару болмаған. Оқиға басталған соң полицейлердің бір бөлігі ішкі істер басқармасына келіп, Калашников автоматтары мен әскери оқ-дәрі алған, - деп жауап берген еді желтоқсанның 18-інде.

Одан бір күн бұрын, желтоқсанның 17-сінде бас прокуратура өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков:

- Тәртіпсіз топ оқ атып ескерткенге қарамай, полиция қызметкерлеріне шабуылдай берді. Полицейлер әкімшіліктің ұсталып қалған қызметкерлерінің, құқық қорғау орындары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау үшін, қару-жарақ бұзақылардың қолына түспеуі үшін табельді қару қолдануға мәжбүр болды. Сондықтан тәртіпсіздік белсенділері жараланды, - деп хабарлады.

Желтоқсанның 17-сінде Астанадағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «полиция Жаңаөзенде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру барысында заң шегінен шыққан жоқ, өздеріне берілген өкілеттік аясында қимыл-әрекет етті» деп мәлімдеген.

- Тәуелсіздік тойын мерекелеу үшін орталық алаңға келген бейбіт азаматтар бұзақылардан құралған топтың шабуылына ұшырады.Қоғамдық тәртіпті бұзған бұзақылар полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап, мерекеге тігілген киіз үйді қиратып, полицияның автобусын өртеді. Басбұзар топ заңсыз әрекетті тоқтатуға шақырған құқық қорғау органдарының ескертулерін тыңдамай, қаруларын тартып алу мақсатында тәртіп сақшыларына шабуыл жасады.Полиция қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін қалтқысыз орындады және заң бойынша өз өкілеттіктері аясында әрекет жасады, - деген еді президент Назарбаев.
XS
SM
MD
LG