Accessibility links

«Екпе дертінің» емін сайлауға дейін табуды сұрайды


Жедел медициналық жәрдем қызметкері Сәндібай Қалмырза (сол жақта) қызылшаға қарсы екпеден соң дертке шалдыққан мектеп оқушысы Маусымжан Әділханованың (жатқан) қан қысымын тексеріп отыр. Қызылсай ауылы, Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.
Жедел медициналық жәрдем қызметкері Сәндібай Қалмырза (сол жақта) қызылшаға қарсы екпеден соң дертке шалдыққан мектеп оқушысы Маусымжан Әділханованың (жатқан) қан қысымын тексеріп отыр. Қызылсай ауылы, Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.

Жаңаөзендік ата-аналар екпеден соң оңалмаған балаларын шетелге қаратуға биліктен жәрдем талап етті. Жергілікті басшылар балалар денсаулығына алаңдайтын ештеме жоқ дейді.

Наурыздың 26-сы күні Жаңаөзеннің іргесіндегі Қызылсай ауылында 10-сынып оқушысы Маусымжан Әділханова аяқ асты дем жетпей, аяқ-қолы құрысып құлап қалды.

«Ауа жетпей жатыр, басым, аяғым-ай!» деп едендегі кілем үстінде өн-бойын тер басып жатқан қызға үй-іші жедел жәрдем шақыртты. Жарты сағаттан соң келген Жаңаөзен қалалық аурухана фельдшері Сәндібай Қалмырза Маусымжанды қараған соң, «қан қысымы қалыпты мөлшерде, жалпы жағдайы – орташа ауыр» деп бағалады.

– Оны ауруханаға алып кетеміз, невропатологтың кеңесін алуы керек. Жалпы, қорқынышты ештеңе жоқ, - деді ол.

Анасы Амангүл Айдарбаева қызы Жаңаөзен қалалық ауруханасына жатып шыққалы бері осымен үшінші мәрте осындай жағдай қайталанып отырғанын айтады.

– Қызыма 17 ақпанда екпе салған. Ақпанның 21-і күні жағдайы нашарлап ауруханаға түсіп, одан наурыздың 2-сінде шықты. Аяғын баса алмай таяққа сүйеніп қалды. Дәрігерлер бізге «оны ауру дей бермеңдер» дейді. Егер рас солай болса, қалай демейміз? - дейді әйел.

Әкесі Қартқожа Түлесінов қызының аяқ астынан ауруға шалдығуына не себеп болғанын дәрігерлердің бір жарым айдан бері анықтай алмағанына ренішті.

– Қызымның денсаулығын құртты. Жүрегінен жүрек қалмады, - деді ол селкілдеп жатқан баласына қарап тұрып.

Маусымжан Әділханованың денсаулығы тағы нашарлады

Маусымжан Әділханованы ауруханаға қайта жатқызды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:53 0:00

Жаңаөзен қалалық емханасының бас дәрігері Саламат Бекназаров ауруханадан емделіп шыққан балалар ары қарай да дәрігерлердің қадағалауында екенін айтады.

– Ауруханадан шыққан балаларды қарап, бақылап жүрміз. Сәуірдің 1-інде бәрі сабаққа оралады. Қазір Маусымжан Әділханова қалалық аурухананың терапия бөлімінде ем алып жатыр, жағдайы қалыпты, - деді ол Азаттыққа.

ӘКІМДІКТЕГІ КЕЗДЕСУ

Маусымжан Әділханованың денсаулығы қысылып қалған кезде анасы Амангүл Айдарбаева өзге ата-аналармен бірге Жаңаөзен әкімдігі алдында тұрған еді. Олар қала әкімі Серікбай Тұрымов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева және облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Руслан Бектібаевтың қатысуымен өткен жиынға барған. Ата-аналар балаларына жасалып жатқан емге көңілдері толмайтындарын айтып, биліктен оларға дұрыс медициналық көмек көрсетілуін талап еткен.

Жаңаөзен тұрғыны Құдайберген Дүйсенбаев. Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.
Жаңаөзен тұрғыны Құдайберген Дүйсенбаев. Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.

Азаттық тілшісін бұл жиынға әкімдік күзетшілері кіргізбеді. Кездесуге қатысқан Теңге ауылының тұрғыны Құдайберген Дүйсенбаевтың айтуынша, ата-аналар билікке нақты талап қойған.

– Балаларымызды не шетелге емдетуді, не ақшалай жәрдем бөлуді сұрадық. Ал басшылар «бұл психологиялық нәрсе, үш-төрт айда жазылады» деп жауап берді, - дейді ол.

Ата-аналар кездесуде шенеуніктерден естіген жауапқа қанағаттанбағандарын айтады.

– Олар бізге «мәселе екпеде емес – балаларда» деп отыр. Мұнымен қалай келісуге болады? Кінәрат балаларымыздың денсаулығында болса, неге осы уақытқа дейін мұндай жайттар байқалмады? - дейді Құдайберген Дүйсенбаев.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева жиында «бәрі жақсы болады, балалар жазылып кетеді» деп ата-аналарды сабырға шақыруға тырысты.

«САЙЛАУҒА ДЕЙІН ШЕШЛСІН»

Наурыздың 26-сы күні түске дейін қала әкімі Серікбай Тұрымовпен кездесуде ата-аналар «Жаңаөзенде төтенше жағдай болса жетіп келетін үкімет адамдары мынадай жағдайда неге келмейді?» деген сауал қойған. Олар бұл мәселені «сайлауға дейін шешу» (кезектен тыс президент сайлауы - ред.) керектігін айтқан.

Жаңаөзен әкімімен кездесуден түсірілген әуесқой видео

Ата-аналар «екпе дертінің» емін табуды сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:04 0:00

Ата-аналар қызылшаға қарсы екпеден кейін жабысқан дерттен балаларының Ақтау, Астана мен Алматыда ем алып келсе де арылмағанын айтады. Екпеден соң аяқ-қолы жансызданып қалған Жаңаөзен медицина колледжінің 1-курс студенті Гаухар Қармысованың ағасы Нұрболат Қармысовтың сөзінше, Алматыдан емнен оралған соң қарындасы туысқандарын танымай қалған.

– Ол Жаңаөзенге 20 наурызда Алматыдан келді. Өзінің үй-ішінен басқа жақын туыстарының ешбірін танымайды, - дейді ағасы.

Әкімдікке жиналған ата-аналар балаларының денсаулығына үкімет дұрыс көңіл бөлмей отыр деп санайды.

Қызылшаға қарсы екпеден соң балалары дертке шалдыққан ата-аналар Жаңаөзен қалалық әкімдігі алдында тұр. Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.
Қызылшаға қарсы екпеден соң балалары дертке шалдыққан ата-аналар Жаңаөзен қалалық әкімдігі алдында тұр. Маңғыстау облысы, 26 наурыз 2015 жыл.

– Шенеуніктер біз өтемақы талап еткенде ақшаға құнығып отыр деп ойлайды. Бізге ақша емес, балаларымыздың өмірі қымбат. Олар бізге бір тиын бермей-ақ қойсын, бірақ өздері келісіп, шетелдегі дұрыс емханаларға апарып көрсетіп, денсаулығын түзеп берсін, - дейді Гаухар Қармысованың әкесі Қармыс Разбай.

Маңғыстау облысында қызылшаға қарсы екпе салу ақпанның 16-сы күні басталып, ақпанның 19-ы күні тоқтатылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, осы уақыт аралығында Маңғыстау өңіріндегі орта мектептердің 9-11 сыныптарында оқитын 14 мыңнан аса оқушыға екпе салынған.

Жалпы, ақпанның 16-сы мен 28-і аралығында 34 мың 900 оқушыға екпе егілуі тиіс болған. Екпеден соң Жаңаөзен ауруханасына денсаулығының нашарлағанына шағым айтып 86 оқушы түскен. Бұдан соң қызылшаға қарсы екпе салуды Қазақстан бойынша наурыздың 2-сіне дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданған. Кейін Ұлттық экономика министрлігі бұл мерзім мамырдың 4-іне дейін, вакцина сапасына жүргізілген сараптама қортындысы шыққанша созылғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG