Алматыда композитор Еркеш Шәкеевтің ұлын – 25 жастағы Сафар Шәкеевті бірнеше күннен бері іздеп жатыр. Шілденің 16-сы күні таңғы сағат 7-де қаладағы банкоматтардың бірінде ақша алып тұрған сәті видеоға түсіп қалған жігіттен одан кейін хабар жоқ. Алматы қаласы ішкі істер департаментінің дерегінше, қазір Сафар Шәкеевті 110 полицей мен 60 ерікті іздеп жүр.
Байқоңыр қаласының тұрғыны Жәнібек Байлепесов те – туысы жоғалған адамдардың бірі. Ол жасы 40-тан асқан ағасын алты айдан бері іздеп жүр.
- Көзіне елестер көрініп, түстер көріп ауыратыны бар еді. Қаңтарда үйден шығып, оралмады. Іздестіріп жатырмыз. Хабар жоқ, – дейді ол.
«ЖОҒАЛҒАНДАРДЫҢ КӨБІ ТАБЫЛАДЫ»
Қазақстанда жоғалған адамдардың көбі ақыл-есінде ауытқушылығы бар жандар мен қарт кісілер және балалар екенін полиция өкілі Дархан Көпжанов та айтады.
- Кәмелетке толмаған балалардың көбі ата-анасымен келіспей, үйден кетіп қалады. Жоғалатындар арасында маскүнемдер мен есірткі шегетіндер де бар. Көп жағдайда іздеудегі адамдар табылады. Өкініштісі – біразының мәйітін табамыз. Кейде жоғалғандардың сүйегі бір-екі жылдан кейін табылып жатады, – дейді ол.
Дархан Көпжанов адам жоғалғаны туралы күдік пайда болса, бірден полицияға хабарлау керек деген кеңес береді.
- Іздестірілу жұмыстары арыз түскеннен басталады. Одан кейін заң бойынша іс қозғалады. Оған тергеу ісін ашады. Тергеу ісі ашылғаннан кейін іздеу басталады. Одан кейін айғақтар арқылы іс одан әрі жалғаса береді, – дейді ол.
Қазақстанда жоғалған адамдарды негізінен полиция мен ерікті топтар іздестіреді, кейде төтенше жағдай қызметі мамандары да қосылады. Жоғалған жандарды іздеумен айналысатын сондай еріктілер тобының бірінің жетекшісі Яшар Багиров «адам жоғалды» деген хабарды естіген соң бірден оның жақындарына хабарласатындарын айтады.
- Туысқандарынан жоғалған адамның толық аты-жөні, түрлі суреттері, тұрғылықты мекен-жайы, не нәрсеге қызыққаны, немен айналысатыны туралы толық ақпарат аламыз. Әлеуметтік желідегі жазбаларын, хаттарын қарап шығамыз. Полицияға іздеу туралы арыз түсірмесе, көмектесеміз, – дейді ол.
Яшар Багиров жоғалған адамды іздестірген кезде полициямен бірге жұмыс істеуге тырысады.
- Тәжірибе көрсеткендей, полиция еріктілерге қарағанда бір қадам алда жүреді. Себебі олардың іздеу тәсілдері бар. Бірақ еріктілер полицияға қарағанда еркін жұмыс істейді. Адамдардан ақпарат сұрастырғанда да еркін формада сөйлесеміз, – дейді ол.
Жоғалған адамдарды іздестіретін еріктілер тобының енді бір мүшесі Қайнар Мұратовтың сөзінше, адамдардың жоғалуына қылмыстық оқиғалардың да қатысы болады.
Бір адамды бір айдан кейін Алматы шетінен өлі күйінде тапты. Оның бір бүйрегін алған.
- Бір адамды ұрлап кетіп, ақша талап еткендер де болды. Бір адамды бір айдан кейін Алматы шетінен өлі күйінде тапты. Оның бір бүйрегін алған. Бұл қылмысқа алдын-ала дайындалған сияқты. Адамдарды құлдыққа салу үшін немесе жезөкшелік жолмен ақша таптыру үшін ұрлап кететін деректерді де кездестірдік, – дейді ол.
Бас прокуратураға қарасты құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің дерегінше, Қазақстанда 2015 жылы 3 мың адам іс-түссіз жоғалған, ал 2016 жылдың шілде айындағы статистика бойынша 2 мың 661 адам (181-і – кәмелетке толмағандар) іздеуде жүр. 2015-2016 жылдары жоғалды делінген адамдардың 1418-інің қайда жүргені анықталған, 157 адамның сүйегі табылған (оның 16-сын қинап өлтіргені анықталған), 10 жылдан бері табылмаған 40 адам өлі деп танылған.
Бас прокуратура мәліметінше, жоғалған адамдардың басым бөлігі – ер адамдар. Ресми орган «ақыл-есінде ауытқушылығы бар адамдар мен жас балаларды көзден таса етпеу керек, жасспірімдердің қылмыстық және субмәдени топтарға не секталарға кіріп кетпеуін бақылау қажет» деген ақыл айтады.