Қырғызстандағы креативтер агенттігі браузерде қолдануға болатын арнайы қызмет ойлап табу арқылы Ресейдің отарлығында өткен қырғыз тарихының шегін белгілеп қана қойған жоқ, ол келмеске кеткенін бадырайтып көрсетті.
Бішкектегі Birtops Group компаниясы маусым айының басында Минскіде өткен "Белый квадрат" ірі өңірлік маркетинг фестивалінде алтын медаль жеңіп алды.
Олар бұл жүлдені кез келген онлайн жағдайда "Киргизия" (Қырғызстанның совет кезінен қалған колониал атауы) сөзі қолданылғанда оны бірден "Кыргызстан" деп түзейтін "Мы – Кыргызстан" атты веб-плагин ойлап тапқаны үшін алған.
Бұл – "Киргизия" атауын ұнатпайтын қырғыздар үшін үлкен жетістік. Бағдарлама авторларының айтуынша, жобаның мақсаты – Қырғызстанның ұлттық мақтанышы мен егемендігін қорлайтын мәселеге назар аудару.
– Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, елімізді әлі күнге дейін "Киргизия" деп атайтындарға қарсылығымызды осылай білдірдік, – деді Birtops Group компаниясының креатив директоры Нұрсұлтан Бақыт.
Google Chrome браузеріне – "Мы – Кыргызстан" плагинін жүктеп алғысы келген қолданушыларға петиция ашылады. Онда орысша жазатын қолданушыларға елді ресми атауымен "Кыргызская Республика" немесе "Кыргызстан" деп атау ұсынылған.
Жүздеген адам қол қойған петиция желіге сәуірдің аяғында жарияланған. Бірақ көп ұзамай петицияны бұғаттап тастады. Нұрсұлтан Бақыт мұны орыстардың шағымынан көреді.
– Интернеттің іздеу жүйесіне жазып қарасаңыз немесе елімізге келген блогерлердің бейнероликтерін көрсеңіз, "Киргизия" сөзі қаншалық жиі қолданылатынын түсінесіз, – дейді ол.
Компания өкілінің айтуынша, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл мәселе тіпті ушыққан. Мобилизациядан қашқан мыңдаған ресейлік Қырғызстанды паналады.
"КИРГИЗИЯ" АТАУЫНЫҢ НЕСІ ЖАМАН?
Бұрын Совет Одағының құрамында болған елдерде жер-су атаулары – әлі күнге даулы мәселелердің бірі. 2014 жылы Ресей Қырымды тартып алып, былтыр Украинаға басып кіргеннен кейін совет дәуірінен қалған әртүрлі атауларға қатысты талас тіпті күшейген.
Украинаның сыртқы істер министрлігі интернет-науқан бастап, орыс тіліндегі айтылуына қарай жазылған Kiev сөзін украин тіліндегі дыбысталуына байланысты Kyiv деп өзгертті.
Украина ішінде болып жатқан оқиғаларды орыс тілінде баяндағанда, әдетте дербес ел атауына қатысты қолданылатын "в" предлогінің орнына, "на" дегенді қолдану да украиндерге ұнамайтын.
Қазақстандағы Алматы қаласы Совет Одағында Алма-Ата деп аталған. Ресей бұл қаланы әлі күнге солай таниды. Бұл да – көп адамның қытығына тиетін нәзік тақырып.
Қаланың тарихи атауы – Алматау. Бұл жер алманың көп болуына байланысты осылай аталса керек. Сонда да Алматының кей тұрғындары қазір "Алма-Ата" деген советтік атау айтылғанын қаламайды.
– Біреулерге "Алма-Ата" өткенді еске салатын, жағымды естелік болып көрінетін шығар. Мен бұл атауды мәдениетімізді жойып, орнына қазақылықтан жұрдай, мағынасыз, жаңа мәдениет енгізуге тырысқан Совет Одағымен байланыстырамын, – дейді белсенді Айдана Айдархан.
Ол совет дәуірінен қалған атауларға қатысты даудың астарында әлдеқайда салмақты мәселе жатқанын айтады.
– Олар әуелі атауға қарсы шығады, кейін тәуелсіздігіңді мойындамайды, – дейді Айдархан.
ОРЫС ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІНЕ АЛАҢДАУ
Қырғызстанның ресми атауы – Қырғыз Республикасы. Қырғызстан – ресми қолданылып жүрген балама атау. Ресей ресми атауды "Киргизская Республика" ("Кыргызская Республика" дегеннің орнына) деп жазады.
Мәскеу қолданатын нұсқаға қарсы азаматтар "киргиз" немесе "Киргизия" деп жазуға тіл сылтау емес, өйткені Қырғызстанда орыс тілінің мемлекеттік қырғыз тілімен қатар қолданылатын конституциялық мәртебесі бар дейді.
Орыстардың "Киргизия" немесе "киргиз" деуі жанына бататындар Конституцияның орысша нұсқасында "Кыргызстан" және "Кыргызская Республика" деп жазылғанын, ал орыс тілі қос мемлекетке де ортақ екенін айтады. Қырғыздардың пікірінше, Ресей азаматтары елдің ресми атауын қолданудан бас тарту арқылы Қырғызстанның өз атауы қалай жазылатынын таңдау құқығына қарсы шығып отыр.
Мәскеуге Қырғызстандағы орыс тілінің мәртебесі маңызды.
Бұл өткен аптада Ресей сыртқы істер министрлігінде өткен брифингіде белгілі болды. Ведомствоның баспасөз хатшысы Мария Захарова Қырғызстанның мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдап, қырғыз тілінің қолданыс аясын кеңейту жоспары туралы журналистердің сұрағына жауап берді.
2 маусымда Захарова "Ресей одақтасы "Киргизия" тіл саясатында "тепе-теңдік" сақтайды деп үміттенеді" деді.
Ол "мемлекеттік тіл туралы заң қырғыз тілін білмейтін азаматтарға қиындық туғызуы мүмкін" деп алаңдады.
"Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие болып тұрғанда еліміз "Кыргызстан" деп аталады. Орыс тілі конституциялық мәртебесінен айырылған кезде Қырғызстанды қалағандарыңша атай беріңдер" – деп жазды Захарованың Twitter-дегі жазбаларына жауап берген қолданушылардың бірі.
Әзірге Қырғызстанның орыс тілін ресми тіл мәртебесінен айыру ниеті байқалмайды. Олай бола қалса, орыс тіліне қатысты өзгеріс қос мемлекет арасында дағдарыс туғызары анық.
Bulak.kg жаңалықтар сайтының бас редакторы Семетей Аманбековтің айтуынша, "Киргизия" сөзін қолдану Мәскеудің Қырғызстанға қатысты құрметін жоққа шығарып отыр.
Қырғызстанның ресми атауын елемейтіндер қатарында Кремль мен ресейлік мемлекеттік басылымдар ғана емес, тәуелсіз ақпарат құралдары да бар.
"Медуза" сияқты қуғында жүрген тәуелсіз медианың өзі колониал терминдер қолданғаны үшін сынға қалған.
2018 жылы "Медуза" сайты әлеуметтік желіде Украинаның ішіндегі жағдайға "на" предлогін қолданып, көптің ашуын туғызды. Кейін редакция "Белоруссия, Киргизия, Молдавия. Бәрің кешіріңдер" деп жазып, советтік атаулар үшін тағы сөз естіді.
Осы оқиғадан кейін "Медуза" жоғарыда аталған төрт мемлекет атауын дұрыс жазатын болды. Басылым Алматы қаласын да тәуелсіздік жылдары берілген атымен атап жүр.
Семетей Аманбековтің пікірінше, Мәскеу "Киргизия" терминінен бас тартпауы мүмкін.
– Ресей қайраткерлері Бішкектің тіл саясатына қатысты шағым айтып жүргеніне қарағанда, Мәскеу Қырғызстанды өз дегенін істетіп, ықпалын жүргізе алатын мемлекет көреді, – дейді Аманбеков.
ПІКІРЛЕР