Бұған дейін интернетте бір әйелдің балабақшадағы балаларды ұрып-соғып, жұлқылап жатқаны туралы видео тараған еді. Кейінірек видеоның Қырғызстанның Жалалабад қаласындағы балабақшалардың бірінде қарашаның 15-і күні түсірілгені анықталды.
Ата-аналардың бірінің шағымы негізінде Жалалабад қаласының милициясы қылмыстық іс қозғап, мәселені зерттей бастады.
- Ата-ана шағымынан соң милиция "денсаулыққа зақым келтіру" фактісі бойынша арызды тіркеді. Баланы №21 балабақшадағы 29 жастағы тәрбиеші ұрған. Аталған факт бойынша Қырғызстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 161-бабына сай ("Кәмелет жасқа толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндетін орындамау") қылмыстық іс қозғалды. Қазір тәрбиеші үйқамақта отыр, тергеу амалдары жүріп жатыр, - деді облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Мықтыбек Турдубеков.
Видеода тәрбиеші ұрған бала Жалалабад қаласының тұрғыны Дилфуза Ташматованың қызы болып шықты. Қыздың анасы балаларды ұрған қызметкер жазалануы керек деп есептейді.
- Қызымды 2018 жылдың сәуірінде балабақшаға бердік. 15 күннен соң сол жерде қолын сындырды. Мен барғанда жерде жылап жатыр екен. Өзі байқаусызда құлап, сындырып алған болар деп ойладым, ешкімді айыптамадым. Кейін оның басы мен бетінен тағы қан көрдім. Тәрбиешіден "не болды?" деп сұрағанымда "құлап қалды" дей салды. Бірақ мына видеоны көргенде мүлде шыдай алмадым. Балалардың не жазығы бар? Қызым небәрі үш жаста, ол қатты шошығандықтан сөйлей алмай қалса, кім жауап береді? Тәрбишінің баланы ұруға құқығы жоқ, - дейді Дилфуза Ташматова.
Осы жағдайдан соң Жалалабад қаласының халыққа білім беру басқармасы балабақшаның екі қызметкерін – видеодағы тәрбиеші мен оны түсірген адамды жұмыстан шығарды. Ал балабақшаның директорын тергеу аяқталғанша уақытша қызметтен шеттетті.
- №21 балабақша тәрбиешісін дереу жұмыстан шығардық. Онымен бірге балабақшаның тағы бір қызметкері жұмысынан кетті. Қаладағы барлық мектепке дейінгі білім беру мекемесі басшыларын жинап, ұжымға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырдық, - дейді басқарма басшысы Рысбек Калчаев.
Балаларды ұрғаны үшін айыпталған 29 жастағы тәрбиеші №21 балабақшада бес жыл бойы жұмыс істеген. Онымен немесе оның заңгерімен байланысу мүмкін болмады. Бірақ оның пікірін басқан кейбір БАҚ өкілдері видеоның қолдан құрастырылғанын жазды.
Балабақшадағы жағдай Жогорку Кенеште де талқыланды. Депутат Торобай Зулпукаров елдегі барлық балабақшаны тексеруді талап етті.
- Жалалабадтағы балабақша тәрбиешілерінің балаларға дөрекі қарым-қатынас жасайтыны белгілі болды. Видеоға қарасаңыз, жүрегіңіз ауырады. Мектепке дейінгі білім беру мекемесіндегі жағдайды жақсартумен бірге мемлекет оларды бақылауды да ұмытпауы керек. Құрметті спикер, осы мәселе бойынша хаттамалық тапсырма беріңіз. Қалалық және аудандық білім беру бөлімі балабақшаларды тексеруге тиіс. Оларға бейнебақылау камерасын орнату мүмкіндігін қарастырайық, - деді Торобай Зулпукаров.
Жалалабад қалалық кеңесінің депутаттары да бұл мәселені қарашаның 22-сі күні қаладағы барлық балабақша директорларының қатысуымен талқылады. Жиын соңында келер жылдың бюджетіне балабақшаларға видеокамера орнату жоспары енгізілді, ал халыққа білім беру басқармасы жобаның сметалық құнын есептейтін болды.
Қазіргі таңда Жалалабадта 22 балабақша бар. Оған 4,5 мың бала барады. Бірақ балабақшалардың ешбірінде бақылау камерасы жоқ. Дерек бойынша, қалада тек жеті жеке балабақшада камера орнатылған.
Қарашаның 21-і күні Жалалабадта тағы бір күш көрсету оқиғасы тіркелді. Чехов көшесінде жүргіншілер әжесі ұрып жатқан үш жасар баланы қорғауға тырысқан. Оқиғаға куәгер болған қала тұрғыны Мирбек Уметалиев былай дейді.
- Шамамен 60 жастағы әйел мас күйде кішкентай баланы ұрып, теуіп жатты. Өткен-кеткен жолаушылар баланы қорғап, оны қоршап алды. Әйел баланың әжесі екен. Біз милиционерді шақырып, баланы соған тапсырдық, - дейді Мирбек Уметалиев.
Жалалабад қаласының ішкі істер басқармасы осы іске қатысты "денсаулыққа зақым келтіру" фактісі бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Милицияның дерегі бойынша, баланың анасы дүние салған, өзі әжесінің қарауында қалған. Қазір бала басқа туыстарының қолында.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Жаркул Эшиев балаларға аяусыз қарауды отбасындағы тәрбиемен байланыстырады.
- Бала тәрбиелеу – өте өзекті мәселе. Біріншіден, ата-аналар балаларынан алшақтап барады – анасы қызынан, әкесі ұлынан ажырап қалды. Дастархан басында әңгімелесу, қамқорлық таныту жоқ. Қазір көп жағдайда баланы ата-әжесі тәрбиелейді. Екіншіден, технология дамыған заманда адамдар достасып, бір-біріне сенуден қалып барады. Оған көңіл бөлмесе, аталған жағдайлар қайталана береді, - дейді Жаркул Эшиев.
Қырғызстанның Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің дерегі бойынша, 2018 жылдың басынан бастап қиын жағдайда қалған 4 278 бала анықталған. Оларға арнап 2 847 баланы қорғау жөнінде жеке жоспар әзірленіп, бекітілген. Соның ішінде 94 бала қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Кәмелет жасқа толмаған 79 бала зорлық-зомбылыққа ұшыраған, 15 бала психологиялық қысым көрген.
Бұған дейін Қырғызстанның Ішкі істер министрлігінің кәмелет жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекция басшысы Марат Сапаев 2018 жылдың басынан бері балаларға қатысты 70 зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 80% жағдайда туыстары зәбір көрсеткен. 43% жағдайда баламен бірге тұратын адамдар оларға қол көтерген. Зерттеулер дерегінше, Қырғызстанда 14 жасқа дейінгі балалардың 57% зорлық-зомбылыққа тап болады.
ПІКІРЛЕР