Accessibility links

Қырғыз президенті бас прокуратурада жауап берді


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 20 қыркүйек 2012 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 20 қыркүйек 2012 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев депутат Садыр Жапаровтың айыптауына байланысты елдің бас прокуратурасында түсінік берді.

Жогорку Кенеш депутаты Садыр Жапаров 2012 жылы қарашаның 3-і күні «Алатоо» алаңында митинг өткізіп, «Атамбаев Құмтөр алтын кенінен мемлекетке аударылған 30 миллион сомды өзі иеленіп алды, Иштемберді алтын кенішін 40 миллион долларға қытайлық «Фул голд Майнинг» компаниясына сатып жіберді» деп айыптаған еді.

2013 жылдың ақпан-наурыз айларында бұл айыптау газет беттерінде жаппай жарияланды. Жогорку Кенеш депутаттары бас прокуратурадан осы айыптауға байланысты тексеріс жүргізуді талап еткен. Бас прокуратура депутаттың шағымына байланысты президентке сұрақтар жіберген. Президент Алмазбек Атамбаев прокуратураның сауалдарына ресми түрде жауап берді.

«ЖАПАРОВТЫҢ АЙТҚАНДАРЫ - ҚАТЕ»

Алмазбек Атамбаев бас прокуратураға берген жауабында «Жапаровтың айтқандары қате» деп мәлімдеді.

«Құмтөр» алтын кенінен түскен бір миллиард 500 миллион сомның екі пайызы, яғни 30 миллион сом «Қырғызалтын» ашық акцонерлік қоғамының жұмысын жақсартуға берілді. Менің білуімше, қазір бұл сома «Қырғызалтынның» есеп шотында жатыр, әлі жұмсалған жоқ» дейді қырғыз президенті.
Құмтөр алтын кені. Қырғызстан, 22 ақпан 2013 жыл.
Құмтөр алтын кені. Қырғызстан, 22 ақпан 2013 жыл.

Қырғызстан президенті Иштемберді алтын кенішін де сатпағанын айтады.

«Жапаров мені премьер-министр болайын деп жүрген кезде, яғни 2007 жылы тамыздың 27-сі күні «Иштемберді кенішін қытайлық «Фулл голд Майнинг» компаниясына 40 миллион долларға сатты» деп айыптады. Бұл да дәлелсіз айып. 2005 жылы Иштемберді кенішіне геологиялық зерттеу жүргізу үшін China road bridge corporation in Kyrgyzstan компаниясына лицензия бергеніміз рас. Ал 2007 жылы ақпанның 6-сы күні осы компанияға Иштембердінің жоғарғы бөлігінде алтын өндіруге де рұқсат берілді. Осы жылдың тамызында мемлекеттік геология және минералды ресурстар агенттігі екі лицензияны да «Фул голд Майнинг» компаниясына аударды. Бірақ мен лицензия беру кезіндегі келіссөздерге қатыспадым. Алайда Иштемберді алтын кенішін толық қытайлық компанияға беру туралы сөз болмағанын білемін» деді Алмазбек Атамбаев.

Депутат Жапаров «Иштемберді кен орнында жалпы құны 4 миллиард долларға тең 80 тонналық алтын қоры бар» деп мәлімдеген еді.

Президент Атамбаев қырғыз үкіметі жанындағы геология және минералдық ресурстар агентігі дерегіне сүйене отырып, Иштембердідегі алтын қоры 20 тонна, болжанғаны 10 тонна – барлығы 30 тонна екенін айтты.

Қырғызстан президентіне айып таққан депутат Садық Жапаров жуықта "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақырған" деген үкім бойынша, басқа екі депутат - Қамчыбек Ташиев және Талант Мамытовпен бірге сотталған.

Бішкектің аудандық соты 30 наурызда Камчыбек Ташиев пен Садыр Жапаровты бір жарым жылға, Талант Мамытовты бір жылға, Ташиевтің оққағарларын да бір жылға соттаған.

Оппозициялық "Ата-Жұрт" партиясынан парламентке сайланған депутаттар - Камчыбек Ташиев, Садыр Жапаров және Талант Мамытов Бішкекте былтыр қазанда "Құмтөр" алтын кенішін мемлекет иелігіне алу туралы талаппен өткен митингтен кейін қамауға алынған еді. Олардың ісі бойынша сот биыл 10 қаңтарда басталған.
Иштамберді алтын кені.
Иштамберді алтын кені.



АЛТЫНҒА БАЙ, ХАЛҚЫ КЕДЕЙ ЕЛ

Бірақ Жалал-Абад облысының бұрынғы губернаторы Бектұр Асановтың сөзінше, Иштамберді кен орнында президент Атамбаев айтқандай 30 тонна емес, іс жүзінде 50 тоннаға дейін (құны 2 миллиард долларға жуық) алтын қоры бар. Ол Иштембердіге жақын бір-екі аумақты қосып есептегенде, алтын қоры 100 тоннаға дейін жететінін айтады.

Қырғызстанда алтын кендеріне байланысты дау бұған дейін де бірнеше рет шыққан. Ел парламенті былтыр шілде айында Тянь-Шань тауларындағы Құмтөр алтын кенішін игеріп жатқан Centerra компаниясымен келісім-шартты қайта жасау мәселесін дауысқа салған. Себебі «шетелдік компания қоршаған ортаға зиян келтіріп жатыр» деген дау көтерілген.

Оның үстіне кейбір басшылардың ірі алтын кенішін шетелдік компания меншігінен мемлекет қарауына алу жайлы ұсыныстары Құмтөр мәселесін шиеленістіріп жіберген.

Кеніштегі зауытқа барып, канадалық компанияның жұмысын көріп келген Қырғызстан премьер-министрі Жантөрө Сатыпалдиев:

- Құмтөр мемлекет меншігіне өтпейді. Барлық проблема шешіледі. Мен олардан алтын өндіруді тоқтатпауды сұрадым. Құмтөрде жиналыс өткіздім. Басқа да инвесторлармен кездесемін. Қырғызстанның мүддесі үшін инвесторларды қолдай береміз, - деген еді.
Kumtor Operating Company президенті Майкл Фишер (оң жақ шетте) қырғыз премьер-министрі Жантөрө Сатыбалдиевке кен орнын көрсетіп тұр. 1 қазан 2012 жыл.
Kumtor Operating Company президенті Майкл Фишер (оң жақ шетте) қырғыз премьер-министрі Жантөрө Сатыбалдиевке кен орнын көрсетіп тұр. 1 қазан 2012 жыл.

Бішкек 2009 жылы «Сентерра» компаниясымен қайтадан келісім-шарт жасасып, компания акция пакетінің 33 пайызын Қырғызстанға өткізіп бермек болған.

Қырғызстанның табиғи ресурстар министрі Замирбек Есенамановтың сөзіне қарағанда, елде қазір 220-дан астам алтын кеніші жұмыс істеп тұр. Алтын индустриясы мемлекет қазынасына жылына 120 миллион АҚШ долларын құяды. Бұл ел экспортының шамамен 40 пайызын, жалпы ішкі өнімнің 15 пайызын құрайды. Алтын бағасының құбылмалы болуынан байланысты бұл көрсеткіш - әр жылда әркелкі. 2012 жылы Қырғызстан экономикасының өсімі осының кесірінен 4,6 пайызға төмендеген.

ИНФОГРАФИКА: Қырғызстанның алтын қоры
(Ескерту: Сурет мәтіні орысша)
Қырғызстанның алтын қоры. 25 қазан 2012 жыл.
Қырғызстанның алтын қоры. 25 қазан 2012 жыл.

Жалпы, Қырғызстанда 2 мың тоннадан астам алтын қоры бар. Алтын өндіру көлемі жөнінен Қырғызстан постсоветтік елдер арасында үшінші, ал Орталық Азияда Өзбекстаннан кейінгі екінші орында тұр. Алтынның бір унциясының құны 1 мың 800 АҚШ долларынан түспей тұрғанда елдің алтын қоры 5,5 миллион азаматтың әрқайсысын 22 мың АҚШ долларымен қамтамасыз етуге жеткілікті болған.

Айына орта есеппен 150-250 АҚШ доллары аралығында жалақы алатын, кедейлікпен және қаулап келе жатқан жұмыссыздықпен күресіп жүрген қарапайым қырғыздар осыған наразы болып, шетелдіктерге берілген алтын компаниялары кеңселерінің алдында бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген.
XS
SM
MD
LG