Accessibility links

Қырғыз-өзбек шекарасында әскери техникалар тұр


Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы даулы аймақта тұрған өзбек әскери көлігі.
Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы даулы аймақта тұрған өзбек әскери көлігі.

Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы даулы аймақта өзбек тарабының бірнеше көлігі мен ондаған сарбазы жиналып қалды. Екі елдің шекара мекемесі өкілдері бұл оқиға жайлы келіссөз өткізіп жатыр.

Наурыздың 18-і күні сағат 7.40-та Өзбекстан әскері Қырғызстан мен Өзбекстан шекарасы бойындағы – Алабұқа ауданындағы Моғол атырабына екі беренді транспортер мен екі «КамАЗ» көлігін әкеліп орналастырды.

Бұл жайлы қырғыз мемлекеттік шекара қызметі хабарлады. Оның дерегінше, Моғол учаскесінде Өзбекстанның 35-40 шақты әскери қызметшісі де бар. Осы жайтқа байланысты Қырғызстанның бастамасымен сағат 8.50-де Моғол атырабында Қырғызстан мен Өзбекстан шекара ведомстволары өкілдерінің келіссөзі басталған.

Өзбекстан «Маданият-Автожолы» бақылау-өткізу бекетін сағат 8.00-де өз жағынан толық жауып тастаған. Ал «Достық-Автожолы» өткізу бекетінде адамдар мен көліктердің өтуіне шектеу салған. Қырғызстан азаматтарына Өзбекстаннан шығуға рұқсат бар, ал ол елге кіруге тыйым салынған. Өзбекстан азаматтарының кіріп-шығуына шектеу жоқ. Ал өзге елдердің азаматтарының «Достық-Автожол» халықаралық бекеті арқылы транзитпен өтуі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Ал Қырғызстан жағы «Баймақ», «Кең Сай» және«Қадамжай» автожолдары бойындағы бақылау-өткізу бекеттерінде Өзбекстан азаматтары мен көліктерін өткізуді тоқтатып тастаған.

КӨЛІКТЕРДІ ТЕКСЕРУ

Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ақсы ауданы әкімі Медет Айдарәлиевтің хабарлауынша, Қырғызстан мен Өзбекстан арасында көлемі 38 гектар болатын, Кербен-Алабұқа автотрассасының 1,8 километрі өтетін Шала Сарт деп аталатын даулы учаске бар. Өзбек шекарашылары әскери техниканы осы жерге әкеліп қойған. Аудан әкімінің айтуынша, «Совет одағы кезінен бері Қырғызстан пайдаланып келе жатқан бұл жерге Өзбекстанның техника әкелу құқы жоқ».

Қырғыз-өзбек шекарасында.
Қырғыз-өзбек шекарасында.

Айдарәлиев Өзбекстан әскерилері Қырғызстан азаматтарының автокөліктерін тексеріп жатқанын да айтады. Жергілікті билік органдары мен шекара қызметі өкілдері сол жерде келіссөз жүргізіп жатыр.

​Бүгін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев елдің мемлекеттік шекара қызметі төрағасы Райымберді Дүйшенбиевті қабылдады. Мемлекетбасшысына елдің сыртқы шекарасын қол сұғудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатымен жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындау үшін мемлекеттік шекараны қорғауды күшейту мен күзетуге қатысты шаралар туралы баяндалды.

Дуйшенбиев мемлекеттік шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерін жаңарту және жаңғырту барысы жайлы да баяндаған.

Атамбаев мемлекеттік шекара қызметіне шекара бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін күшейте беруді тапсырған.

Бүгін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаға байланысты Өзбекстанға нота жолдаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

XS
SM
MD
LG