Ауыр жаралы Муаммар Каддафи бүгін Ұлттық өтпелі кеңес әскері басып алған Сирт қаласынан көлікпен қашып шықпақ болған кезде оққа ұшқан.
Каддафи көлік керуенімен бірге қаладан шықпақ болған кезде қолға түсті деген болжам да айтылады. Ал Рейтер агенттігінің хабарлауынша, Ливияның бұрынғы басшысы су қоймасына ұқсас апанда жасырынып жатқан жерінде қолға түскен.
Ливияның жаңа билігі – Ұлттық өтпелі кеңестің әскері ұзаққа созылған ұрыстан кейін Каддафидің туған қаласы Сиртті бүгін ғана басып алған еді.
Өтпелі ұлттық кеңес өкілі Абдель Мажидтің Рейтер агенттігіне айтуына қарағанда, Каддафи аяғынан жараланған.
Көп ұзамай Ливия премьер-министрі міндетін атқарушы Махмуд Жибрил және өтпелі кеңестің Ұлыбританиядағы елшісі Каддафидің өлгенін ресми түрде растады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон "Муаммар Каддафи өлді деген хабар рас болса, Ливияның бейбітшілігі жолындағы тағы бір кедергі азайды" деді.
Еуропа Одағының басшылары Ливияның жаңа билігін ұлттық келісім жасауға шақырды.