Accessibility links

Украина саясатының үміті


Ресейде соты өтіп жатқан украиналық әскери қызметші Надежда Савченко. Донецк, Ростов облысы, Ресей, 9 наурыз 2016 жыл.
Ресейде соты өтіп жатқан украиналық әскери қызметші Надежда Савченко. Донецк, Ростов облысы, Ресей, 9 наурыз 2016 жыл.

Бүгін Ресейде украиналық әскери қызметші Надежда Савченкоға сот үкімі шығуы тиіс.

Ресейдің Ростов облысының Донецк қаласында бүгін 2014 жылы ресейлік екі журналистің қазасына қатысы бар деген айып тағылған украиналық әскери қызметші Надежда Савченконың үкімі жарияланады. Савченконың адвокаты Илья Новиковтың болжамынша, ол үкім шыққаннан кейін бірер аптадан соң еліне оралуы мүмкін. Украина билігі отандасын қамаудан тез босатудың бүкіл амалын жасады ма? Ал Киевте неліктен «Надежда Савченконың елге оралуы мен Украинада үлкен саясатқа араласу болашағы елдің саяси элитасын қуантпайды» деген мәлімдемелер айтылып жүр.

Кейінгі апталарда Надежда Савченконы айырбастауға әзір екенін Украина президенті Петр Порошенко бірнеше мәрте мәлімдеді. Украина оны бір жылдай бұрын Донбаста ұсталған ресейлік әскерилер капитан Евгений Ерофеев пен сержант Александр Александровқа айырбастауы мүмкін. Александровтың адвокаты Оксана Соколовская мұны кез-келген сәтте, тіпті терроризмге қатысты айыпталған ресейліктерге Киев сотының үкім шығаруын күтпестен іске асыруға болатынын айтады.

«Бізде Донбастағы жағдайды реттеу жайлы Минск келісімі аясында тұтқындарды, оның ішінде тіпті сот үкімі шықпаған күдікке ілінген немесе айыпталған талай адамды айырбастаған. Айырбастау үшін оларға қатысты қолданылған бұлтартпау шараларын өзгерткен немесе сот өндірісін уақытша тоқтатқан» дейді ол.

Порошенко бұл істі өз бетімен жіберіп, оны босатумен айналысатын арнайы топ құрмады.

Надежда Савченконың ресейлік адвокаты Илья Новиков Савченконы босату мүмкіндігін Украина билігінің әрекеті жақындата түсті деп есептейді. 15 наурызда Киевте Петр Порошенкомен кездесуден кейін украиналық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Новиков «Сіздердің президенттеріңіздің қолында сиқырлы таяқша жоқ. Ол Надяны босату үшін армия аттандыра алмайды. Ол мүмкіндіктерді пайдалануға тырысып отыр» деп мәлімдеді.

Бірақ Украина ұлттық консервативтік партия жетекшісі Олег Соскин мемлекет басшысы Кремль тұтқынын босату үшін жеткілікті әрекет етпей отыр деп санайды.

– Ол бұдан да көбірек күш салуы тиіс еді. Ол процесті Савченконы өзін құтқару үшін, босап шығу құрғақ аштық жариялауға мәжбүр болуға дейінгі ауыр жағдайға жеткізіп алды. Бұған Порошенко кінәлі екені анық, өйткені ол істі өз бетімен жіберіп, оны босатумен айналысатын арнайы топ құрмады. Сондықтан ол оны босату үшін ашық күш салып отырмағанын ашық айту керек. Мысалы, Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета мен өзге елдердің басшылары көмегіне жүгіну, ұжымдық хат жазу, Украина тарапынан Ресейге санкцияны күшейту, РФ-мен дипломатиялық қатынасты үзу, Украинадағы «Ресей Сбербанкі» мен өзге ресейелік банктерді жабу сияқты амалдар қолдануына болар еді, яғни Савченконы босатуғаПорошенко онша тырысып отырған жоқ. Меніңше, ол Савченко Украинаға оралып, президенттің орнына таласады деген қауіппен өзінің саяси болашағы үшін қорқып отыр, - дейді ол.

Киевтегі саяси сараптама және менеджмент институты директоры Руслан Бортниктің болжамынша, Надежда еркіндікке шыққаннан кейін Украина саясатында белді тұлғағаайналып, қазіргі саяси күштерге ықпал ете алады.

– Савченко Жоғарғы Радаға Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясынан сайланған депутат, ал соңғы рейтингтерге қарағанда, Тимошенко Петр Порошнкодан озық тұр, сондықтан қазір оның партиясы елдегі беделі күшті. Сондықтан Савченконың еркіндікке шығуы таразы басын Тимошенконың пайдасына басып кетуі мүмкін. Ал бұл президентке ұнамасы анық. Ал бір жағынан Савченко Донбастағы шайқастардың қыр-сыры мен Украина мен Ресей арасындағы саяси келіссөздер қалай өткенін, президентті жақсы атқа қалдырмайтын сәттер болғанын жақсы біледі. Сондықтан меніңше, Украинаның саяси элитасы өкілдерінің көбі Савченконың еркіндікке шыққанын қаламайды. Өкінішке орай, Порошенко әзірше Путинге Савченконы айырбастауды ашық ұсынған жоқ. Сондықтан бұл қамаудағы адамды босатуға шындап тырысу емес, Савченкоға қатысты жағдайды сахна сыртында жүріп жатқан әлдебір келеңсіз келіссөздерге пайдалану, БАҚ-тар күресі, жалаулатып пиар жасау деген ойларға жетелейді.

Украина президенті Петр Порошенко.
Украина президенті Петр Порошенко.

Бортниктің сөзінше, егер Надежда саясатқа араласып, жеке-дара әрекет етсе, Савченко факторы Украинаның саяси жүйесіне қатер төндіретін қауіпке айналады.

– Оның әзірше саяси тәжірибесі де, кадрлық ресурстары да жоқ, сондықтан егер ол саясатпен айналысуды ұйғарса, сахна сыртындағы одан гөрі күштірек,ойыншылардың нысанына айналуы мүмкін. Айтпақшы, кезінде Украинаның еріктілер батальондарының командирлері осындай күйге түскен. Олардың көбі Жоғарғы Радаға сайланды да, біраздан кейін көрінбей кетті. Жұрт биліктің кесірлі жүйесін өзгертуге немесе іштен ірітуге қабілетті жаңа саясаткерлер ретінде оларға да үміт артқан, бірақ ол үміт ақталмады. Олар әлдебір ойын, айла-амалдар мен алыпсатарлықтың нысанына айналды. Егер жеке саяси ойын бастауға бел буса, Савченко да олардың кебін құшады, сондықтан ол украиналық болуы шарт емес әлдебір пысықайлардың (манипуляторларды) қуыршағына айналып, бүкіл саяси жүйеге қатер төндіретіні сөзсіз, - дейді ол.

Ал Олег Соскиннің пікірінше, украиналық саясаткер Надежда Савченко Петр Порошенко ғана емес, Юлия Тимошенко үшін де үлкен проблемаға айналады.

– Егер президент сайлауы болса, Порошенко жеңіске жете алмайтыны анық. Савченко оның басты немесе негізгі бәсекелестерінің біріне айналады. Ал бұл майдан деңгейінде Савченко «Батькивщина» көшбасшысына айналатындықтан, бұл Тимошенко үшін де үлкен проблема тудырады. Оның үстіне, соңғы парламент сайлауында «Батькивщинаның» партиялық тізімін Савченко бастаған. Савченконың ерік-жігері өте мықты әрі радикалды әдістерге жүгінуге әзір адам екенін ескерсек, Тимошенко онымен таласа алмайды. Ол талайлар үшін өте қауіпті, ырыққа көнбейтін тұлғаға айлануы мүмкін. Меніңше, елде Савченкоға қарсы кландық-олигархиялық топтардың оппозициясы пайда болады, ол Украинаның саяси картасын мүлде өзгертіп жібере алады.

Киветегі акцияда "Савченкоға бостандық берілсін" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. 6 наурыз 2016 жыл.
Киветегі акцияда "Савченкоға бостандық берілсін" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған адам. 6 наурыз 2016 жыл.

Украинадағы саясат институты директоры Костя Бондаренко «Савченко елге оралғаннан кейін Юлия Владимировнаның амбициясы кесірінен «Батькивщина» партиясынан кетіп, өзінің жеке саяси жобасын құруы мүмкін, бірақ бұл Тимошенко мен оның «Батькивщина» партиясының танымалдығына әсер етуі екіталай» деп болжайды.

– Қазір Савченконың рейтингі өрлеп, оның мүддесін қорғайтындар көп болып тұр. Елге оралған соң әлдебір идеялар ұсынып, әлдебір әрекеттерге кірісе бастағанда жұрттың оған деген ықыласы біртіндеп азая береді. Егер Савченко жеке кетіп, өздігінен әрекет етіп, жеке саяси жобасын бастаса, Юлия Тимошенконың «Батькивщина» партиясы емес, Михаил Саакашвилиді (Грузияның экс-президенті, Одесса облысының губернаторы Саакашвили парламент сайлауына қатысу үшін өз партиясын құруы мүмкін. – Ред.) қолдаушыларың дауысын және мен Олег Ляшконыңрадикал партиясын қолдайтын саяси күштердің дауысын жартылай тартып ала бастайды, - дейді Костя Бондаренко.

Бондаренконың айтуынша, Украина ұлтшылдары көшбасшысы Степан Бандераның кезіндегі қателіктерін қайталамауға барынша тырысқаны Надежда үшін аса маңызды:

– Кезінде Бандера да тура Савченко сияқты түрмеде отырып, ол жерден шыққан соң екі жақты агент Рико Ярыйдың қуыршағына айналып, украиналық ұлтшылдар ұйымын жіктелуге ұрындырған, ал ұлтшылдар көп жар салған Украина тәуелсіздігі идеясы сәтсіздікке ұшыраған.

Надежда Савченко айтарлықтай күрделі адам. Оны пайдаланғысы келетін адамдар қатты қателесіп, опық жеуі мүмкін.

Украина Қаһарманы, ұлттық қарулы күштер офицері әрі Жоғарғы Рада депутаты Надежда Савченконың қамаудан босағаннан кейін Украинаның жаңа президентіне айналу мүмкіндігі зор. Қазір мұны әлеуметтік желілерде көптеген отандастары жазып, украиндардың көбі көшеде айтып жүр.

– Ол президенттікке кандидат та болып, парламент сайлауына қатысатын партияны да басқара алады, бірақ сайлауда жеңіп, өздігінен шешім қабылдайтын көшбасшыға айналу мүмкіндігі мүлде аз. Өйткені тұлғалық қасиеттері жағынан ол талап етілетін критерийлерге сай емес, сондықтан ол сахна сыртындағы ойыншылардың қулық-сұмдығы нысанына айналатын сияқты, - дейді Руслан Бортник.

Руслан Бортник сияқты Киевтегі «Үшінші сектор» сараптамалық орталығы жетекшісі Андрей Золотарев те Надежда Украинада үлкен саясатта жеке ойыншыға айнала алады дегенге күмәні бар.

Украиналық саясаткер Юлия Тимошенко.
Украиналық саясаткер Юлия Тимошенко.

– Ол командалық ойыншы болмағанымен, команда құрамында ойнауы мүмкін, бірақ меніңше, оның жеке саяси жобасын іске қосу мүмкіндігі мүлде аз. Әрине, Надежда Савченконы қуыршақ етіп, саяси технологтардың көмегімен одан икона, украиналық Жанна д' Арктің бейнесін сомдап шығаруға тырысады. Бұл жағдайда әлгі жоспарды сәтсіздікке ұшырататын кей жайттар бар. Біріншіден, өмірбаянына қарасақ, оның моральдық қасиеттері мен мен ерік-жігері мықты, табанды адам екені рас, бірақ жұқалап айтқанда, ол кісінің мінезі шәлкес, жұртпен араласа алмайды.

Ол журналист те болды, сән бизнесінде де жұмыс істеді, Украинаның бітімгерлік әскерінің Ирандағы құрамында десантшы да болды, кейін Украинаның қорғаныс министрлігіне баянхат жазып, Харьковтегі әскери-әуе күштері университетіне оқуға ілікті, қателеспесем, бір жылға жетпей Л-29 ұшағын сәтсіз қондырғаны үшін оны кәсіби жарамсыз деп танып оқудан шығарған. Бірақ ол қорғаныс министрлігіне тағы жазып жүріп штурманға айналды. Оның өмірбаянында мұндай шұғыл бетбұрыстар өте көп. Надежда Савченко айтарлықтай күрделі адам. Оны пайдаланғысы келетін адамдар қатты қателесіп, опық жеуі мүмкін. Бірақ, бір жағынан, біздің халық жаңа иконаны сомдаймыз деп маңдайын тасқа тағы бір мәрте соғуы мүмкін, - дейді «Үшінші сектор» сараптамалық орталығы жетекшісі Андрей Золотарев.

(Владимир Ивахненконың мақаласын орысшадан аударған - Айжан Оралғазина.)

XS
SM
MD
LG