Accessibility links

Қытай құрамасындағы қазақ конькиші


Аршынғазы Шәкен Пхенчхан олимпиадасына қатысып жатқан сәт. 13 ақпан 2018 жыл.
Аршынғазы Шәкен Пхенчхан олимпиадасына қатысып жатқан сәт. 13 ақпан 2018 жыл.

Шыңжаңда туып-өскен этникалық қазақ Аршынғазы Шәкен Пхенчхандағы қысқы Олимпиадаға Қытай атынан қатысып жатыр. Ол Азаттыққа спортқа қалай келгені, алға қойған мақсат-мұраты туралы айтып берді.

Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиада ойындарына Қытай құрамасы қатарында қатысып жатқан 22 жастағы этникалық қазақ Аршынғазы Шәкен Шыңжаң-ұйғыр автономиялық аймағының орталығы Үрімжі қаласында дүниеге келген. 2010 жылдан бері конькимен жүгіруден Қытай құрамасының мүшесі алғаш рет Олимпиадаға қатысып отыр.

Ақпанның 13-і күні Аршынғазы конькимен жүгіруден 1500 метр қашықтықты 1:50.16 минутта сырғанап, жарысты 35-орынмен аяқтады. Ол Олимпиада чемпионы атанған голландиялық спортшы Кьелд Нейстен алты секундқа қалып қойды.

- Олимпиададай “жуан жарысқа” (ірі жарыс – ред.) келудің өзі үлкен бақыт. Жаспын, тәжірибе жинауға берілген мүмкіндік. Жаттықтырушыларым менен көп үміт күтеді. Сондықтан маған мүмкіндік берді. Олимпиада – жарыстардың төресі. [Нәтиже] енді мен үшін болады. Осындай жарысқа келгенім ата-анама, достарыма мақтаныш. Кез келген адам [олимпиадаға] қатыса алмайды. Көп жолдан, көп қиындықтан өтіп келдім. Жаттығуларымның жемісі, - дейді ол.

Пхенчхан Олимпиадасына Қытай құрамасы қатарында қатысып жатқан этникалық қазақ Аршынғазы Шәкен.
Пхенчхан Олимпиадасына Қытай құрамасы қатарында қатысып жатқан этникалық қазақ Аршынғазы Шәкен.

Аршынғазы Шәкен 2017 жылғы Қытай чемпионатында 1500 метрге жүгіруден 46-орында келсе, 2018 жылғы Қытай біріншілігінде осы қашықтыққа өткен бәсекеде 5-орын иеленген. Спортшы қазір 1500 метрге жүгіру бойынша Қытай ішкі рейтингінде бірінші орында тұрғанын айтады.

“ТУЫП-ӨСКЕН ЕЛІМЕ МЕДАЛЬ СЫЙЛАҒЫМ КЕЛЕДІ”

Аршынғазы Пхенчхан Олимпиадасында ақпанның 24-і күні масс-старт жарысына қатысады. Спортшы алдағы төрт жыл бойы 2022 жылы Пекинде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындалатынын айтады.

Аршынғазы Шәкен.
Аршынғазы Шәкен.

- Қазір небәрі 22 жастамын. Көру, үйрену екен. Мұзда сасқалақтау болады екен. Әлем үздіктерімен деңгейім әлі сай келмейтінін түсіндім. Көп машықтану керек. 2022 жылы Отанымда өтетін Олимпиада менің межем болады. Биылғы Олимпиада - арманның басталуы. Арманға жету үшін, биікке шығу үшін әлі көп машықтанамын, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Аршынғазы Шәкеннің айтуынша, “Қытай құрамасында ұлтқа бөлу, қытай ұлтынан шыққан спортшыларға басымдылық беру деген жоқ. Кімнің нәтижесі жақсы болса, соған мүмкіндік беріледі”.

- Қытай құрамасында қазақ конькишілер көп. Бас құрамада менен басқа Дәстүр Тұрсынжан және Алмас Қақанбай деген қазақтар бар. "Бұл – қытай, бұл – қазақ" деп бөлмейді. Ешкім ешкімді алаламайды. Қытай ұлтына басымдылық беріледі деген жалған сөз. Жаттықтырушылар бәрімізге тең қарайды. Үрімжіде жаттығуға барлық мүмкіндік бар. Туып-өскен жерім – Қытай. Патриотпын. 2022 жылғы Олимпиадада еліме медаль сыйлағым келеді. Ешқайда кетпеймін, басқа елдің азаматтығын алу ойымда жоқ, - дейді Қытайда тұратын этникалық қазақ.

Конькиші Үрімжі қаласында тұрып жатқанын, сонда жаттығатынын айтады. Зейнет жасындағы ата-анасы Шыңжаңдағы ауылдардың бірінде тұрады екен. Отбасындағы өзінен кейінгі інісі спортпен айналыспайды.

- Конькиді 13-14 жасымда бастадым. Ата-анам – қарапайым бұқара. Солардың көз, жүрек қуанышымын. Бала кезімнен мұзды жақсы көрдім. Мектеп ауласында балалармен мұз тебетінбіз. Алдымен Үрімжідегі арнайы спорт мектебінде оқып, сонда жаттықтым. Спорттың осы түрін таңдауыма мұғалімім себепкер болды. Кейін Шыңжаңдағы орталық спорт мектебіне түстім. Сол жерде көп жаттығудың арқасында жақсы нәтижелер көрсете бастадым, - дейді ол.

Аршынғазы Шәкен Қазақстанда туысқандары, достары бар екенін, бірақ тарихи Отанында әлі болып көрмегенін айтады. Спортшы келер жылы Қазақстанда конькимен жүгіруден өтетін жарыстардың біріне баруды жоспарлайды. Ал Пхенчхан Олимпиадасынан кейін ол наурыз айында АҚШ-та өтетін халықаралық жарысқа, одан кейін Қытай ішіндегі турнирге қатыспақ.

XS
SM
MD
LG