Accessibility links

Омбы билігі Алма Бұхарбаевадан тағы да кешірім сұрады


Алма Бұхарбаева. Жеке мұрағаттағы сурет.
Алма Бұхарбаева. Жеке мұрағаттағы сурет.

Әскерге жіберген ұлынан айырылған Омбы қазағы Алма Бұхарбаева губернатор Полежаевтың талап арызы бойынша шығарылған сот шешіміне қарсы шағым беруден бас тартты. Ол әскерде көптеген сарбаз жұмбақ жағдайда көз жұмады деп санайды.


Әскерге жіберген ұлынан айырылған Ресей қазағы Алма Бұхарбаева мен жергілікті билік арасында тағы бір дау-жанжал пайда болды. Омбыдағы жаңа құрылыстардың бірінде төрт баласымен өмір сүретін Алма Бұхарбаеваны пәтеріне шығарып тастау үшін Омбы әкімшілігі оны сотқа берді.

Алма Бұхарбаева өзінің бұл пәтерді осыдан екі жарым жыл бұрын жалға беру жөніндегі келісім-шарт бойынша алғанын айтады. «Бұл келісім-шарт небәрі бес жылға ғана жарамды. Осы мерзім аяқталған соң мен бұл пәтерді босатуым керек» дейді ол Азаттық радиосына.

– Мені пәтерден шығару үшін әкімшіліктің өзіне айтпастан сотқа бергенін білген губернатор Полежаевтың қатты ашуланып отырғанын айтты. Сөйтіп ол дереу жиылыс ашып, менің тұрғын үй мәселемді шешіп беруді ұйғарыпты, – дейді Алма Бұхарбаева Азаттық радиосының тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда 14 қыркүйекте оған Омбы тұрғын-үй саясаты департаментінің директоры келіп, әскерге шақырылған ұлынан айырылып отырған анадан қалалық әкімшілік атынан кешірім сұрапты. Сондай-ақ пәтердің оған жалға берілгендігі жөнінде жаңа келісім-шарт тапсырып, келешекте бұл пәтерді жекешелендіру үшін жәрдемдесуге уәде беріпті.

Сонымен қатар, Омбы әкімшілігі қаза болған ұлын есте қалдыру үшін Омбы облысы Оңтүстік Павлогород селосындағы орта мектепке, яғни Марат Бөртібаев оқыған мектепке мемориалды тақта орнатуға уәде берген.

САРБАЗДЫҢ ЖҰМБАҚ ӨЛІМІ

Осыдан жеті жыл бұрын, 2003 жылы Алма Бұхарбаеваның әскерге алынған ұлы Марат Бөртібаевты табытқа салып әкелген болатын. Табыт ізімен әскери бөлімнің командирінен «Балаңыз асылып өлді» деген жеделхат та жеткен.

Өлген сарбаздың туыстарына табытты ашуға рұқсат етілмеді. Бірақ сарбаз анасы әскери бөлімнің бұйрығына құлақ аспай, табытты
Марат Бөртібаевтың әскердегі кезі. Жеке мұрағаттағы сурет.
ашқан кезде баласының денесінен сау-тамтығы қалмағаны, кеңсірігінің сынғаны белгілі болды. Медициналық анықтамалықта «әскерге шақырылған Марат Бөртібаевт асылып өлді» деп тайға таңба басқандай етіп жазылғанына қарамастан оның мойнында асылып өлді дейтіндей із жоқ.

Ұлының денесінен ішкі органдары алынғанын айтты Алма Бұхарбаева Азаттық тілшісіне. Оның сөзіне қарағанда, ұлының өлімінен кейін Омбыдан әскерге алынған тағы да бірнеше баланың дәл осылай жұмбақ жағдайда қаза болғанын анықтап білген.

Қиыр Шығыста әскери қызметте болған жас жігіттердің барлығы да туған жерлеріне көп ұзамай табытпен оралған. Ал Алма Бұхарбаева ұлының өлімінің себебін білмекке тырысқанда ресмилер қоқан-лоқы жасап, өзіне қауіп төндірген көрінеді.

– Өлген жігіттердің туған-туыстары балаларымыздың ішкі ағзаларын сату үшін өлтірген деп күдіктеніп отыр, – дейді Бұхарбаева.

Осыдан үш ай бұрын сарбаз Роман Сусловтың жұмбақ өлімінен кейін бұл жанжал қайта өршіген.

Алма Бұхарбаеваның айтуынша, әскерге алынған Роман Суслов, тіпті, әскери бөлімге де жетпеген. Балаларын әскерге шығарып салған ата-аналарға арада бес күн өтісімен-ақ қаралы хабарды телефон арқылы естірткен көрінеді.

– Романның ата-анасына да «Балаларыңыз асылып өлді» депті. Соған қарағанда Суслов вагонда кетіп бара жатып-ақ асылып өлген сыңайлы. Бірақ шындығында оның мойнында асылып өлген дейтіндей еш белгі жоқ еді. Табытты ашқан кезде өз көзіммен көріп, куә болдым. Мен ұлым Маратта да дәл солай болған еді, – дейді Алма Бұхарбаева.

ГУБЕРНАТОР РАЙЫНАН ҚАЙТТЫ

Биылғы маусым айында Омбы облыстық әскери коиссариаты жанында өткен әскерде қаза болған сарбаздар ата-аналарының жиынына Алма Оразбаева да қатысты. Ол қолына: «Біздің балаларымызды өлтіргендер – Путин мен Полежаев. Сендерді қарғыс атсын, енді бізді, сарбаз аналарын өлтіріңдер!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

Омбы облысының губернаторы Леонид Полежаев «жала жапқаны үшін» Алма Оразбаеваны сотқа беріп, сот процесін жеңіп шықты. Омбы облысының прокуратурасы қылмыстық кодекстің «Экстремизм» бабы бойынша оның үстінен іс қозғады.

– Сот плакатта жазылғандарды шындыққа сай келмейді деп таныды. Бірақ мен сот процесі барысында Полежаевтың 2002 жылы да, қазір де Омбы облыстық әскери комиссиясының төрағасы болып отырғандығын көлденең тарттым. Бәрібір сотта жеңілдім. Мен кім, губернатор кім, оны өздеріңіз білесіздер, – дейді Алма Бұхарбаева.

Сот процесі аяқталған соң жұртшылық Омбы облысы басшысын одан сайын сын садағына алды, ақыры 26 тамызда Омбы облысының губернаторы Леонид Полежаев өзінің талап-арызын қайтып алуға мәжбүр болды.

Алма Бұхарбаева да осыдан кейін сот шешіміне наразылық білдірмей-ақ қоюды ұйғарды.

– Сәрсенбі, 15 қыркүйек күні сот губернатордың талап-арызын қайтарып алуына байланысты бұл азаматтық істің тоқтатылғанын, мұнан әрі қаралмайтынын айтты. Мен кез-келген сәтте қарсы шағым бере алатынымды білемін. Сондықтан сотқа қарсылық танытпадым, – дейді Алма Бұхарбаева Азаттық радиосының тілшісіне.

КІНӘЛІЛЕР ӘЛІ КҮНГЕ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ

Алма Бұхарбаев ұлының әскерде кісі қолынан өлгеніне және кінәлілердің жазаланбағанына әлі күнге сенімді.

– Қолымыздан басқа не келеді? Жақында зейнетке шығамын, соның қағаздарын туралауым қажет, одан қалса пәтерімді жекешелендіруім керек. Көп ұзамай жасым елуге толады. Менің ұлым мен өзге де балаларды өлтіргендерді анықтау үшін шындықтың соңында жеті жыл
Омбыда Қазақ аналар комитеті мен Ата-аналар одағы бар. Олар мұндай жағдайларда саусақ ұшын да қимылдатпайды, өйткені облыстың бюджетіне тәуелді.
жүгіріп жете алмадым. Ақыры жүрек ауруына шалдықтым, – дейді Алма Бұхарбаева. Расында да, телеофон арқылы сұхбат берген оған сөйлеудің өзі қаншалықты қиын болғаны сезіліп тұрды.

Алма Бұхарбаева миына қан кетіп, ұзақ жылдар бойы төсек тартып жатқан күйеуін осыдан бір жыл бұрын қара жер қойнына тапсырды. Содан бері төрт баланы жалғыз тәрбиелеп келеді. Үлкені Руслан жиырма төртте. Он төрт жастағы ең кіші қызы Әлфия қазақша ән салып, домбыра тартады.

Көп балалы ана әскердегі ұлдарынан жұмбақ жағдайда айырылған ата-аналарға, балаларының қандай жағдайда, кімнің қолынан өлгенін анықтау жолында жәрдемдескісі келетінін айтады. Оның ойынша, ондай адамдар Омбыда жеткілікті.

– Келешекте балалары әскерде қаза болған ата-аналарға көмек көрсететін құқық қорғау ұйымын құрғым келеді. Ата-аналардың барлығы бірдей шындыққа қол жеткізіп, балаларының өліміне айыптыларды әшкерелей алмайды. Көптеген ата-аналар, тіпті кімге шағымдануды да білмейді. Омбыда Қазақ аналар комитеті мен Ата-аналар одағы бар. Олар мұндай жағдайларда саусақ ұшын да қимылдатпайды, өйткені облыстың бюджетіне тәуелді, – дейді Алма Бұхарбаева.
XS
SM
MD
LG