Accessibility links

Дуня Миятович: Сөз бостандығы жоқ қоғам қауіпті


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович. Астана, 26 қараша 2010 жыл.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович. Астана, 26 қараша 2010 жыл.

Авторитарлық үкіметтер "шектен тыс сөз бостандығы тұрақтылыққа қатерлі" дейді. Ал ЕҚЫҰ өкілі Дуня Миятович Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол пікірдің қисынсыз екенін айтты.

ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович Қазақстан үкіметін ақпарат құралдарына қатысты реформаларды ары қарай жалғастыруға және журналистер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға жасалып жатқан шабуылдарға ерекше назар аударуға, ол оқиғаларды мұқият тергеуге шақырып келеді.

Ол Қазақстанның қылмыстық және азаматтық кодекстеріндегі "жала жабу" туралы ұғымды жою, оған қатысты журналистерден талап етілетін моральдық шығынның көлемін азайту, ақпаратты еркін алуға мүмкіндік беретін заң қабылдау қажеттігі, "сандық телеарна саласындағы реформалардың плюрализмге жол ашуы тиіс" екені жөнінде Қазақстан үкіметіне кеңестер берген.

Дуня Миятович Азаттық тілшісімен сұхбатында мемлекет басшыларының қауіпсіздік деген сылтаумен сөз еркіндігін жиі шектейтінін айтты.

- Көптеген авторитарлық елдердің үкіметі "мемлекет қауіпсіздігін сақтап, экономиканы өркендету үшін қоғамдағы пікір қайшылығын барынша азайту керек" дейді. Яғни қоғамды қиратушы күшке айналмауы үшін баспасөзді бақылауға алып, сөз еркіндігін шектеу керек деген қағиданы ұстанады. Бұған не дейсіз?

- Әр елдің экономикалық тұрғыда дамуға тиіс екенін жоққа шығармаймын. Кез-келген үкіметтің қоғамымызды қауіпсіз әрі сенімді етсек деген құлшынысын да терістей алмаймын. Әр мемлекеттің терроризмге, адам саудасына, балаларға қорлық көрсету сияқты қоғамда кездесетін қатерлерге қарсы күрескенін де құптаймын. Бірақ соларды желеу етіп, сөз бостандығын шектеу дұрыс емес.
Керісінше қоғам қауіпсіз болмаса, азаматтар ашық пікір білдіре алмайды және адам құқықтары бұзылады.

Адамдардың пікір айту құқығын шектеп, сын мен әжуаны, әрекетке бастайтын пікірлерді тұншықтырып тастасақ, қоғам жақсы дамиды және қауіпсіз болады деу қиын. Керісінше қоғам қауіпсіз болмаса, азаматтар ашық пікір білдіре алмайды және адам құқықтары бұзылады. Осы екі ұғымның басын қосып, бір жерге тоғыстыру оңай емес. Үкімет өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелерінің екі бағытта сөйлейтінін, біреулері қауіпсіздік десе, екіншілері еркіндік керек дейтінін жиі байқап жүрмін. Екі тараптың тіл табысқан тұстарын табу қиын.

- Сөз бостандығы құқығын жеккөрініш пен зорлық-зомбылыққа арандату үшін пайдалану мәселесіне келгенде мәселе күрделеніп кетеді. Сөз бостандығын қорғау мен ел ішінде араздық тудырғысы келетіндерден қоғамды қорғау арасын нақты ажырату қиын. Жеккөрінішке толы пікір пен сөз еркіндігінің ара жігін нақты ажырату мүмкін бе?

- Ол қиын. Әлемнің бір түкпірінде, мысалы мен туып-өскен Балқан түбегінде жеккөрушілік деп саналатын ұғымға басқа аймақта, мәселен Скандинавияда мән бермеуі мүмкін.
Арандатушы әрі қарсы әрекетке шақыратын пікір айтылса да, оны тергеп, тексеру - үкіметтің емес, соттың ісі.
Бірақ мен үнемі бір нәрсені қайталап айтамын: қаншалықты арандатушы әрі қарсы әрекетке шақыратын пікір айтылса да, оны тергеп, тексеру - үкіметтің емес, соттың ісі. Сондықтан намысқа тиетін пікірді мекемелер мен министрліктер емес, халықаралық құжаттар мен рәсімдерге сүйеніп, соттар қарауы тиіс. Еуропалық адам құқын қорғау соты - бұл салада үлгі алуға тұрарлық мысал. Өкініштісі, әлемнің басқа бөліктерінде ондайды кездестіре алмайсыз, бірақ әртүрлі үлгілер бар. Әл елдің дәстүрі, мәдениеті мен қабылдауы әртүрлі. Бірақ осыны сын пікірлерді тұншықтыруға қолданылып кетеді.

- Өнер туралы сөз қозғағанда да бір күрделі мәселенің шеті шығады. Осы айда әзербайжандық автор Акрам Айлислидің Арменияға бүйрегі бұрып жазған шығармасына отандастары қарсы шығып, кітапты өртеді. Әзербайжан үкіметі де азаматтар наразылығын құптап, авторды «Халық жазушысы» атағынан айырып, арнайы зейнетақысын беруді тоқтатты. Үкіметтің осылай халық мүддесін қорғадық деген желеумен сыншыл суреткердің көзқарасын жоққа шығаруға құқығы бар ма?

- Әзербайжандық автор туралы көп хабарым жоқ, кітапты да оқымадым. Бірақ Әзербайжан үкіметіне хабарласып, жазушы мен оның отбасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өтіндім. Себебі адамның пікірі қаншалықты арандатуға, сынға толы болса да, пікір иесін қаншалықты жаратпасақ та, зорлық-зомбылық пен доңайбат көрсету оң шешім емес деген сенімдемін.

- Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі ретінде кәсіби уақытыңыздың көбін осы мәселеге жұмсайсыз. Ал жеке адам ретінде бұл мәселеге қаншалықты қызығушылық танытасыз?

- Егер өз туған елімде (Босния-Герцеговина) көңілге қаяу түсіретін тәжірибені бастан өткермегенімде бұл жұмысты атқара алмас едім. Сол тәжірибемнің арқасында басқа елдердегі түйткілдерді жақсы түсінемін. Бірақ «біздің қоғам - басқа, көзқарас - басқа, қалыптасу үшін көп уақыт керек» деген пікірді естігенде кейбіреулердің сын пікірлерді шектеп, биліктің мерзімін ұзартқысы келетінін де байқаймын.

Мақаланы ағылшын тілінен Динара Мәзен аударды.
XS
SM
MD
LG