"ҚАЗАҚСТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ МЕМЛЕКЕТІ БОЛЫП БАРАДЫ"
"Қазақстанның ғана емес, түркі әлемінің "рухани астанасы" атанған Түркістанның жаңа әуежайынан қаланың орталығына апаратын жолдың бойында билборд көптеп қойылған. Әр екінші немесе үшінші қалқанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті мен цитатасы бар. Елге бірінші рет келген туристер қазіргі емес, бұрынғы президенттің лидер болуына таңғалуы мүмкін". Италия журналисі, зерттеуші Паоло Сорбелло Globalvoices.org сайтындағы мақаласын осылай бастайды. Ол материалда Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнін қалай атап өткенін жазған.
Былтыр пандемия Назарбаевтың мерейтойын кең көлемде атап өтуге мүмкіндік бермеді. "Биыл орталық және жергілікті билік соның есесін қайтару үшін екі ескерткіш қойған сыңайлы" деп жазады Globalvoices.org.
Нұрсұлтан Назарбаев 81 жасқа толардан бір күн бұрын Түркістанда оған қоладан ескерткіш қойылды. Ел астанасында тағы бір монумент ашылып, мемлекетті отыз жыл басқарған, "ұлт көшбасшысы" немесе "елбасы" атанған Назарбаевтың жеке басына табыну қаншалықты кең тарағанын көрсетті деп жазады автор.
Түркістан да, экс-президенттің құрметіне атауы өзгерген Нұр-Сұлтан да Назарбаевтың басшылығымен және бақылауымен кеңейіп, қайта құрылды дейді зерттеуші. Көктемде Түркістанда мемлекеттің бұрынғы басшысына ескерткіш ашылатыны туралы қауесет кең тарап, жұрттың наразылығын туғызған еді деп жазады Сорбелло. Мамырда Халықаралық түрік мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) бас хатшысының орынбасары Біләл Чакыжи монумент қою бастамасын көтеріп, қаланың бастауында тұрған адамның тарихта қалуы керегін мәлімдеді. Назарбаев, әдеттегідей, ескерткіш қою, архитектура нысандарына өз атын беру сияқты "сый-сияпат" мүлде ұнамайтынын айтты. Соған қарамастан, оның атын беру де, оған ескерткіш қою да жалғасып келеді.
"Қысқасы, Қазақстан көбіне Назарбаевтың мемлекеті боп барады. Ол осының көбін "жоқтан бар жасап" жүзеге асырдым" деп ойлайды" деп жазылған мақалада.
"Тірісінде ескерткіш қойылғанын қаламайтын" Назарбаевқа тағы екі ескерткіш орнатты
Автор Назарбаевтың биыл мамырда Түркістанға барған кезде айтқан сөзін келтіреді. "Қазір бұрын болмаған мүлдем басқа әлемде, басқа қалада келе жатқандайсың" деген еді экс-президент. "Ол Назарбаев көшесі, Назарбаев әуежайы немесе Назарбаев университеті бар кез келген қалада да солай айтуы мүмкін" деп қорытындылайды Globalvoices.org.
Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты америкалық режиссер Оливер Стоун түсірген "Qazaq. Алтын адам тарихы" фильмі туралы жазды. Игорь Лопатенок режиссерлік еткен картинада Стоун Назарбаевтан сұхбат алған. Онда экс-президент балалық шағы, Совет кезіндегі мансабы, СССР-дің құлауы және елдің ядролық қарудан қалай бас тартқанын айтады.
Фильм "6 шілдеде, Қазақстандағы халықтың үлкені де, кішісі де білетін күнге – Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне дөп келді. Елде оның жеке басына табыну ондаған жыл бойы қалыптасты" деп жазады Eurasianet.org.
Автор, журналист Джоанна Лиллис мұның жалғыз "сыйлық" емесін айтып, Назарбаевқа қойылған екі ескерткішті есіне алады.
"Qazaq. Алтын адам тарихы" – Назарбаев туралы ғана емес, Қазақстанның көшпенді кезеңнен бүгінге дейінгі тарихы туралы да фильм. Бірақ картина қазіргі ұлттық мемлекетті құрған адамның "ерен еңбегіне" ғана басымдық береді деп санайды Лиллис.
Мақалада автор мұның Назарбаев туралы бірінші фильм емесін атап өткен. Алты сериялы "Көшбасшы жолы" киноэпопеясы оның өмірбаянын толық қамтыған және "көрермен жағымпаздыққа тойған".
"[Стоун фильмінің] аты Қазақстанның ұлттық символының бірі – нақтырақ айтқанда, киімінде төрт мыңнан астам алтын әшекей бар ежелгі сақ көсемін еске түсіреді. Оның қабірі 1969 жылы табылған еді. Мұның жасырын мәні – көрермен ежелгі алтын адам мен Қазақстанның қазіргі алтын адамын салыстырып отыруы керек" деп атап өтеді Eurasianet.org.
Үш мәрте "Оскар" сыйлығын алған Оливер Стоун автократтарға арналған туындылары үшін талай рет сынға қалған. Стоун бұған дейін Владимир Путин, Фидель Кастро, Уго Чавес туралы фильмдер түсірген.
"Назарбаевты диктатор, мықты тұлға, тиран немесе (мемлекеттің) негіз қалаушы дейсіз бе? Қалай атасаңыз да өз еркіңіз. Бірақ (фильмнен) оны Совет одағының құлауын түсіндіретін, елінің тәуелсіздік алғанын, ядролық қарудан қалай бас тартқанын айтып берген қарапайым адам ретінде танисыз" деп жазды Стоун Twitter-де.
"Қарапайым" деген сөз қалаға, университетке, әуежайға және көшелерге есімі берілген адам үшін қызық сипаттама сияқты" деп жазады мақала авторы.
Стоунның твитіне жұрт мысқылға толы ашулы пікір жазды. Олар "оған қанша ақша төлегенін" сұрап, Стоунды ұлтшылдық эстетикасын дәріптеген неміс режиссері Лени Рифенштальмен салыстырды. "Қарапайым адам" деген сөзге жауап ретінде біреу "оны жемқор тиран деп атап, сол сөзге тоқтайық" деп жазды.
КИІК ПОПУЛЯЦИЯСЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ: ҒАЛЫМДАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ МЕН ҮРЕЙІ
Ұлыбританияның ВВС медиакомпаниясы Қазақстандағы киіктер популяциясын қалпына келтіру туралы жазды. Кейінгі аэрофототүсірілім дерегінше, 2019 жылы Қазақстанда 334 мың киік болса, 2021 жылы 842 мыңға жеткен.
ВВС 2015 жылы дала бөкенінің қырылып қала жаздағанын еске алады. Ол кезде әлем басылымдары өлексе шашылған далада түсірілген суреттерді жариялаған еді. Бірқатар табиғатты қорғау шарасынан кейін елде киік қайта көбейді.
"Ұрғашы киік жыл сайын егіз туады. Бұл киік санын тез көбейтуге көп мүмкіндік береді. Жануар түрінің табиғи тұрақтылығын ескерсек, үміт бар" дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының маманы Альберт Сәлімгереев.
Сәуірде жүргізілген зерттеу киіктің жалпы саны анағұрлым көбейгенін ғана емес, елдің оңтүстігіндегі Үстірт популяциясының кенеттен қалпына келгенін көрсетеді. 2015 жылы бұл өңірде мыңнан астам ғана киік қалса, биыл оның саны 12 мыңға жеткен.
Дегенмен, соның өзінде киік саны совет кезіндегі алты таңбалы санға жетпеді. Бұл мемлекеттің инфрақұрылым жобаларының және мұнай мен газ өндірудің әсеріне байланысты дейді Сәлімгереев.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ондаған жылдан соң браконьерлер кесірінен сайын далада киік азайып кетті. Жануарды Қытай медицинасында жоғары бағаланатын мүйізі үшін аулайтын болды. Кейінгі жылдары Қазақстан үкіметі қорғалатын табиғи аймақтар құрып, популяцияны қорғау шараларын қабылдады. Заңсыз аң аулағандарға жазаны қатайтып, 12 жылға дейін түрмеге қамайтын болды. Ғалымдар киіктің құрып кетуден аман қалуы Қазақстан билігінің әрекетіне байланысты деп санайды.
Германияның Deutsche Welle радиосының сайты киік жайлы бейнеролигін жариялады. Неміс ғалымы Штеффен Зютер 2015 жылы Қазақстанда киік жаппай қырылып жатқанда елге келгенін айтып, жаздағы популяциның өсіміне оптимистік пікір білдірген.
Британ зоологы Ричард Кок киіктің көбейгенін құптайды, бірақ климаттың өзгеруі дала жануарының қайтадан жаппай қырылуына алып келуі мүмкін екенін ескертеді.
Екі ғалымды да Қазақстан билігінің киік миграциясы жолынан өтетін күре жол салу жоспары алаңдатады. Зерттеушілер бұл жоба жануарлар мекендейтін аумақты анағұрлым қысқатуы мүмкін деп болжап отыр. "Жойылу қаупі бар киік тірі қала алады, бірақ оның құрып кетпеуі қазақ даласының "адам баспаған жұмақ" болып қалуына байланысты" деп жазады Deutsche Welle.
ПІКІРЛЕР