Accessibility links

Қашағанды «қолайсыз кезде» іске қосуы мүмкін


Қашаған кенішіндегі жасанды аралдар. 7 сәуір 2013 жыл.
Қашаған кенішіндегі жасанды аралдар. 7 сәуір 2013 жыл.

Батыс баспасөзі скандинавиялық TeliaSonera компаниясының Орталық Азиядан біртіндеп кетуі жайлы шешімі мен көптен күткен Қашаған кенішін «қолайсыз кезде» іске қосқалы жатқаны туралы жазған.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ НАРЫҒЫНАН КЕТУ

Американың MarketWatch бизнес саласындағы ақпараттар сайтының хабарлауынша, телекоммуникация алыбы – Telia компаниясы «2007 жылы Өзбекстанда жасаған мәмілелерге қатысты АҚШ пен Данияда басталған тексерулерді тоқтату жайлы келісімге келу үшін 1,4 миллиард доллар төлеуі тиіс».

Былтыр компания өкілдері Әзербайжан, Қазақстан, Грузия, Молдова, Тәжікстан және Непалдағы әріптестерімен немесе жергілікті билікпен қилы дауға іліккеннен кейін бұл елдерден кетіп, бүкіл күшін Скандинавия мен Балтық аймағына салатынын мәлімдеген. Ертеректе Telia Өзбекстанда «этикалық ережелерімізді бұзғанымызбен, ешқандай заң бұзбағанымызды» компанияның ішкі тексерулері көрсетті деп мәлімдеген болатын.

«Бұл мәселеге қатысты жайттарды жақсы білетін адамдардың дерегінше, АҚШ пен Швеция прокуратуралары компания Өзбекстанда телекоммуникациялық қызмет көрсету лицензияларын алуға тырысып ел президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға пара ретінде жүздеген миллион доллар төлеген деп санайды. АҚШ пен Швеция билігі Каримова ханым TeliaSonera компаниясынан заңсыз ақша алған деп санағанымен, компания өкілдері Өзбекстанда телекоммуникациялық лицензиялар мен өзге активтер үшін төленген ақшаның ақыр аяғында кімнің қолына түскенін әлі білмейтінін айтады» деп жазады MarketWatch сайты.

Өзбекстанда мақта жинау науқанына демеушілік танытқан TeliaSonera компаниясының логотипі. (Көрнекі сурет.)
Өзбекстанда мақта жинау науқанына демеушілік танытқан TeliaSonera компаниясының логотипі. (Көрнекі сурет.)

Швецияның Local газеті «TeliaSonera Орталық Азия нарығымен байланысын тоқтатпақ» деген мақаласында хабарлауынша, компания Әзербайжан, Қазақстан, Грузия, Молдова, Тәжікстан және Непал сияқты елдерден біртіндеп кетпек, ал қазір компания қызметін сату көлемінің бестен бір бөлігі осы елдерде. «Компания басшылығы Орталық Азиядағы мәмілелерге қатысты «ешқандай қылмыс жасамағанымызды дәлелдей алмағаннан» кейін мұның орнына Скандинавия мен Балтық елдеріндегі орнықтырақ нарыққа күш салуды көздейтінін айтады» деп жазады Local газеті. Компания аймақ нарығынан біртіндеп шығуды жоспарлайды, ал толық шығуға нақты қанша уақыт керек болатыны әзірше белгісіз. Әлгі мәлімдемеден кейін компания акциялары 3,8 пайызға қымбаттады.

МҰНАЙ НАРЫҒЫНДАҒЫ ДҮРБЕЛЕҢ

Ұлыбританияның Financial Times газетінің комментарийлер бөлімінде «Мұнай нарығы Қашаған кенішінің қазан айындағы дебютін күтіп елеңдеп отыр» деген мақалада Қазақстандағы Қашаған кеніші «қазанда ашылуы тиіс әрі онсыз да лық толы нарықтағы мұнайды еселей түспек» деп жазылған.

«Бұл жағдайдың ең күлкілі тұстарының бірі, қазіргі жағдайда онша қажеті жоқ жоба мұнай нарығын теңестіру үмітін жоюы мүмкін. …Кеніште өндірілген көлемді келесі жылы мұқият бақылап отыру керек, өйткені айырма екінші соғыстан кейінгі Ливияда өндірілген көлемге теңесіп қалады» делінген комментарийде.

Австралияның The Bull газетінің «Артық өндіруге қатысты мазасыздық қайта күшейіп, мұнай бағасы құлдырады» деген мақаласында артық өндіру 2017 жылы да жалғасады деген болжамнан кейін сейсенбі күні мұнай бағасы қайтадан күрт арзандағаны туралы жазған.

Мысалы, Нью-Йорк сауда биржасында қазан айына сатылған West Texas Intermediate маркалы мұнайының бір баррелінің бағасы 1,39 долларға арзандап, 44,90 долларға түскен. Лондондағы құрлықаралық биржада қарашаға сатылған North Sea Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 1,22 долларға арзандап, 47,10 долларды құраған.

«Осы айда Алжирде ОПЕК елдері мен Ресей бейресми кездесу өткізуі тиіс, бірақ жуырда инвесторлардың «өндіріс көлемін шектеу туралы келісімге келетін шығар» деген үміті ақталмады» деп жазады The Bull басылымы. TD Securities компаниясының сарапшысы Барт Мелекке сілтеме жасаған мақалада «негізі, нарық Қазақстан мен өзге аймақтар өндіру көлемін арттырып жатқан тұста ОПЕК өндіруді тоқтату жайлы шешім қабылдай қоюы екіталай деп санайды» делінген.

XS
SM
MD
LG