Accessibility links

Путиннің полиция мемлекеті Ресейді терактілерге қалай дәрменсіз күйде қалдырды?


Шабуылдан кейін "Крокус сити холды" күзетіп тұрған арнайы жасақ өкілі. 23 наурыз 2024 жыл.
Шабуылдан кейін "Крокус сити холды" күзетіп тұрған арнайы жасақ өкілі. 23 наурыз 2024 жыл.

Алдын-алуға болатын қанды шабуылдар мен апаттар Кремльдің беделін түсіріп, президент Владимир Путиннің тұрақтылық кепілі екеніне күмәнді қоюлата түсті. Сарапшылар Ресей президенті азаматтардың қауіпсіздігін емес, өз билігін қорғап, ұзартуды көбірек ойлайды дейді.

2018 жылы Ресейдегі президент сайлауынан кейін бір аптадан соң, Сібірде жұрт көп жүретін сауда орталығынан өрт шығып, 60 адам қаза болды. Олардың көбі — балалар.

Биылғы сайлаудан кейін 5 күннен соң, Мәскеудегі концерт залында қарулы адамдар атыс ұйымдастырып, кемі 133 адамды өлтірді. Шабуылды ДАИШ (“Ислам мемлекеті”) қарулы тобы мойнына алды.

Кремль президент Владимир Путинді “құтқарушы”, Совет одағы тарағаннан кейін тұрақтылық пен қауіпсіздік әкелген мықты басшы ретінде көрсетуге бейіл.

Бірақ Путиннің 25 жылдық билігі тұсында көп адам қаза болған бірнеше қанды оқиға мен жарылыс болды. Сарапшылар Ресей президенті халықтың қауіпсіздігіне қарағанда, өз билігін қорғау мен ұзартуды көбірек ойлайды дейді.

Путин сыншыларының айтуынша, Совет одағы тарағалы 30 жыл өтсе де, Ресей мемлекет мүддесін халық мүддесінен жоғары қоятын ел болып қалған.

Бұған Украинаға қарсы соғыс жақсы мысал бола алады: 2022 жылы ақпанда Ресей көрші мемлекетке басып кірмес бұрын ондаған мың әскерін шекараға апарды. АҚШ Мәскеу кез келген уақытта шабуылдауы мүмкін деп дабыл қақты. Бірақ бақылаушылардың көбі Путин ондай қадамға бармайды, өйткені Украинаға соғыс ашу елдің қауіпсіздігіне зардабын тигізеді деп сенді.

Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Кремль азаматтық қоғам, билік сыншылары мен тәуелсіз ұйымдарды басып-жаншуға көшті. Бұл қуғын-сүргін 2012 жылы Путин премьер-министр қызметінен президент билігіне қайта оралған кезде басталған.

Үкімет бейбіт топтардың көбін, тіпті, тіркелмеген ұйымдардың өзін “экстремистер” тізіміне қосты. Тізімде марқұм оппозиционер Алексей Навальныйдың жемқорлыққа қарсы саяси ұйымдарынан бастап, мемлекет “Халықаралық ЛГБТ қоғамдық қозғалысы” деп атайтын топқа дейін бар. Билік сыншылары “мемлекетке сатқындық жасады” деп айыпталып, Украинадағы соғысқа қарсы пікір айтқандар түрмеге жабылды.

Ресей қауіпсіздік саласына қыруар қаржы жұмсайды, бірақ іс жүзінде қауіпсіздік жоқ

Сарапшылар пікірінше, бұл Ресейді нағыз экстремистер мен әртүрлі апаттарға келгенде, әлжуаз қылады. Алдын-алуға болатын апат салдарын жемқорлық, жұмысқа немқұрайлы қарау сияқты факторлар қиындатады.

2018 жылы Сібірдегі сауда орталығында болған өрттен 7 күн бұрын Путин кезекті президент болып сайланды.

— Арнайы қызметтің саяси зерттеулер мен азаматтарды қорқытудан қолы босамайды. Олар қоғамды шынайы қауіптен қорғау деген тікелей міндетін атқармайды, — деп жазды ресейлік саяси шолушы Дмитрий Колезев.

Оның сөзінше, 2 наурызда Мәскеудегі “Крокус сити холға” жасалған шабуыл — мемлекеттің үлкен кемшілігі. Ресей қауіпсіздік саласына қыруар қаржы жұмсайды, бірақ іс жүзінде қауіпсіздік жоқ.

Саяси оппозиция мен тәуелсіз журналистер үкіметке осы мәселе бойынша қысым жасап, қауіпсіздік күштері өз міндетін атқарып, ақшаны босқа жұмсамауын қадағалайды.

Өкінішке қарай, бұл топтардың бір де бірі ұлттық телернаға шығып, қалың көрерменге қол жеткізе алмайды. Басқаша айтқанда, олар мемлекеттік билікке тежеу болудың орнына, оның нысанына айналып отыр.

— Ресейлік қауіпсіздік қызметінің өкілдері саяси маңызы бар “қауіппен” жұмыс істейді. Уақыт пен жұмыс күші жетпегендіктен, шынайы қауіпті анықтауға мүмкіндігі аз, — деп жазды америкалық сыртқы саяси зерттеулер институты Еуразия бағдарламасының ғылыми қызметкері Андрас Тот-Цифра.

Шабуыл, апат немесе адам шығынынан кейін Ресей билігі оқиғаның салдарын одан әрі ауырлататын стратегиялар қолданады. Көбіне туыстары қаза болған азаматтар Путин үкіметін немқұрайлы, тасжүрек деп кінәлайды.

Путиннің “Курск” суасты кемесіндегі апатқа, 2002 жылы “Норд-Ост” театрындағы шабуылға және 2004 жылы Бесландағы мектепте болған терактіге баяу реакция білдіруінен құрбандар саны бірнеше есе артты.

Мемлекет мүддесін азаматтар өмірінен жоғары қою патша дәуірі мен Совет одағы кезінен бар. Диссиденттер, құқық қорғаушылар мен оппозициялық саясаткерлердің айтуынша, Ресей халқы дамуға ұмтылса, бұл құбылыстан бас тартуы керек.

Кремль сыншылары Путин билігі тұсында халық мүддесін ойламау белең ала бастады дейді. Олар Украинадағы соғыста жүздеген мың ресейлік қаза тапқанын мысалға келтіреді.

Сарапшылар сөзінше, Путин толықтай басқарылатын сайлау мен миллиондаған дауысты бұрмалау арқасында тағы 6 жылға президент болып сайланды. Сыншылар Ресей президенті сайлауды пайдаланып, өзінің орнын ешкім баса алмайтындай көрсетеді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG