Accessibility links

Қадыров пен Мәскеудің арасына жік түсті


Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров. Грозный, 10 наурыз 2015 жыл.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров. Грозный, 10 наурыз 2015 жыл.

Соңғы кездері Мәскеумен арасы нашарлап бара жатқан Шешенстанның автократ басшысы Рамзан Қадыров бірнеше айдың көлемінде қарама-қайшы мәлімдемелер жасады.

Жақында Рамзан Қадыров өз сарбаздарына Шешенстан аумағында оның рұқсатынсыз жүрген Ресей офицерлерін атып тастауға пәрмен берді. Мұның алдында ол 2013 жылы Бостон марафонында болған жарылысқа «АҚШ үкіметінің де қатысы бар» дегенді меңзеп мәлімдеме жасаған. Күні кеше Рамзан Қадыров жергілікті полиция басшысының кәмелеттік жасқа толмаған қызды тоқалдыққа алуын құптап пікір айтты.

НЕМЦОВТЫҢ ҚАЗАСЫНАН СОҢ

Кремльдің қолдауымен билікке келген Рамзан Қадыров үнемі жұрт назарына түсіп үйренген. Тосын әрекеттерімен әйгілі болған шешен президентінің соңғы кездегі мәлімдемелері бұрынғы шегінен шығып кетті.

27 ақпанда Кремльдің іргесінде Ресей оппозициясы басшыларының бірі Борис Немцов атып өлтірілгелі бері Рамзан Қадыров пен Мәскеудің арасы нашарлады. Содан бері Шешенстан президенті кереғар мәлімдемелер айтып жүр.

Мәселен, Немцовты өлтірді деп айыпталған шешен жігітін Рамзан Қадыров ашық қолдады. Ал Ресей президенті Владимир Путин бұған «ұят әрекет» деп баға берді. Кремль Шешенстан басшысына түрлі мемлекеттік сыйлықтар тапсырып, марапаттап жатса да, ол көп әйел алудан бастап қауіпсіздікке дейінгі түрлі мәселелерде Мәскеудің дегеніне көнбейтінін ашық білдіріп келеді.

Осы аптада Рамзан Қадыров WhatsApp жүйесін «өсек тарату үшін» қолданатын әйелдердің атына біраз сын айтты. Жасы елуді алқымдаған Шешенстан полициясының басшысы Нажуд Гучиговтың 17 жастағы қызға үйленуін өсек қылған әйелдерді сөккен ол ер азаматтарға «әйелдеріңді үйде ұстасаңдар, сыртқа жібермесеңдер, олар мұндайды жазбайды» деген сыңайда ақыл айтты.

– Олар түні бойы WhatsApp-та отырады. Одан да оларды жұмысқа салыңдар. Бақшада жұмыс істесін, жылыжайда жұмыс істесін, - деді ол жергілікті телеарнаға сұхбатында.

Рамзан Қадыровтың «WhatsApp арқылы өсек таратуды» сөккені туралы Шешенстан телеарнасының видеосюжеті:

КӨП ӘЙЕЛ АЛУДЫ ҚҰПТАУ

Екі рет қанды соғысты өткерген, негізінен мұсылмандар тұратын мазасыз аймақты басқаруды Владимир Путин Рамзан Қадыровқа сеніп тапсырған. Кезінде өзі де заңсыз жасақтың құрамында соғысқан Рамзан Қадыров 2007 жылы 30 жасында Шешенстан президенті болып сайлана салысымен, Шешенстанды қарулы жасақтардан тазартуға кіріскен. Тауда жасырынып жүрген содырлардың көбі Солтүстік Кавказдағы басқа өңірлерге қашып, бас сауғалаған.

Рамзан Қадыровты жақтырмайтындар оның қарамағындағы соғыста шыңдалған сарбаздардың бейбіт тұрғындардың құқықтарын аяққа таптап жатқанын, Шешенстанда және Ресейдің басқа аймақтарында, тіпті шетелде жүрген қарсыластарын өлтіргенін айтумен келеді.

Ал Қадыровтың өзі Ресейдің заңдарына томпақ келсе де, ислам құндылықтарының, шешен мәдениеті мен дәстүрінің қорғаушысы ретінде танылды.

Ножай-Юрт аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Нажуд Гучиговтың (оң жақтан екінші) 17 жастағы мектеп оқушысымен неке тойы. Грозный 16 мамыр 2015 жыл.
Ножай-Юрт аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Нажуд Гучиговтың (оң жақтан екінші) 17 жастағы мектеп оқушысымен неке тойы. Грозный 16 мамыр 2015 жыл.

Оның полиция басшысы Нажуд Гучигов пен 17 жастағы қыздың некесін қолдауы Ресейде полигамия төңірегінде қызу пікірталасқа арқау болды. Ресейде көп әйел алуға заң жүзінде рұқсат жоқ, ал шариғат заңдары бұған мүмкіндік береді. Оның үстіне Ресейдің «Отбасы туралы» заңына сәйкес, қыздар 18 жасқа толғанда ғана некеге отыра алады (дегенмен, Шешенстан сияқты кейбір аймақтарда жас шегін төмендетуге рұқсат берілген). Гучиговқа қолдау білдіру арқылы Рамзан Қадыров ислам шарттарын Ресейдің федералдық заңдарынан жоғары қоятынын ашық аңғартты.

Кейбір ақпарат құралдары Нажуд Гучиговтың бұдан басқа некеде әйелі бар деп хабарласа, өзге ақпарат құралдары ол бұған дейін заңды некеде тұрмаған деген ақпарат таратты.

Рамзан Қадыровтың өзі осыдан бірер жыл бұрын: «Біздің дәстүріміз бен дініміз полигамияға рұқсат береді... Мұндай заң жоқ, бірақ егер «кім қаласа және кімнің мүмкіндігі келсе, екінші әйел алсын» деген. Бұл жолы да ол көп әйел алуды заңдастыруды қолдап сөйледі.

«ОЛАРДЫ АТЫП ТАСТАҢДАР»

Жақында Қадыров Ресейдің федералдық құқық қорғау қызметкерлеріне ашық қоқан-лоққы көрсетті.

21 сәуірде Грозныйда Шешенстанның құқық қорғау қызметкерлерімен болған жиында Рамзан Қадыров: «Мәскеуден болсын, Ставропольден болсын, кез келгенді [қауіпсіздік қызметкерін], егер ол сіздерге айтпастан сіздің аймақта жүретін болса, атып тастау керек. Олар бізді қаперге алуы тиіс» деп мәлімдеген.

Сол кездесуден екі күн бұрын ғана көршілес Ставрополь өлкесінде жергілікті полиция мен Ресей ішкі істер министрлігінің бірлескен операциясы кезінде бір шешен жігіті оққа ұшқан. Шешенстан басшысы осы жайтқа ашуланса керек. Ресей ішкі істер министрлігі оның бұл сөзін «шектен шыққандық» деп бағалады. Қадыровтың өзі де «эмоцияға беріліп, тым қатты кетіппін» деп жуып-шаюға тырысты.

INSTAGRAM ЖҰЛДЫЗЫ

Рамзан Қадыровтың жұрт назарына ең көп ілінетін жері – Instagram әлеуметтік желісі. Оған WhatsApp-тан гөрі осы жүйе көбірек ұнайтын сияқты.

Жақында оның Instagram-дағы оқырмандарының саны бір миллион адамға жетті. Мұнда ол саяси мәлімдемелерден бастап өзі әуес тақырыптарға қатысты түрлі суреттерді үзбей жариялап отырады.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (алдыңғы қатарда сол жақта) пен Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путин (оң жақта). Грозный, 16 қазан 2008 жыл.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (алдыңғы қатарда сол жақта) пен Ресейдің сол кездегі премьер-министрі Владимир Путин (оң жақта). Грозный, 16 қазан 2008 жыл.

Соңғы күндердегі ең даулы деген мәлімдемелерін де ол осы желі арқылы таратты.

Өткен аптада Бостондағы алқабилер соты 21 жастағы шешен жігіті Джохар Царнаевты өлім жазасына кесу туралы үкім шығарған. Осыған орай Рамзан Қадыров «бұл шабуыл АҚШ қауіпсіздік қызметінің қатысуынсыз ұйымдастырылды дегенге сенбеймін» деген мазмұнда пікір білдірді.

Орта жастағы полиция басшысының кәмелетке толмаған қызға үйленуіне қатысты оқиғаға да ол осы Instagram арқылы баға берді. Александр Пушкиннің «Махаббат жасқа қарамайды» деген өлең жолдарын келтірген ол «жас қыз өз еркінен тыс тұрмысқа берілді» деген пікір білдірген «Новая газета» тілшісі Елена Милашинаны «Шетелден төленген ақшаға бола либерастардың өтірігін тарату үшін Шешенстанға келді» деп сөкті.

Шешенстан басшысы бұрындары да тосын әрекеттерімен жұрт назарын өзіне аударып жүрген. Дегенмен, саяси сарапшылардың айтуынша, Борис Немцовтың қазасынан бері оның Мәскеуге деген көзқарасы біраз өзгеріске ұшыраған сыңайлы.

Ресейлік саясаттанушы Станислав Белковский.
Ресейлік саясаттанушы Станислав Белковский.

– Қадыров бұл жолы тым қатты кетіп, өз шегінен шығып барады, - деді «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында бұрын Кремльге жұмыс істеген, ал қазір Мәскеудегі зерттеу орталығын басқаратын Станислав Белковский.

«Эхо Москвы» радиосының бас редакторы Алексей Венедиктов nak.com сайтына берген сұхбатында Қадыров пен Мәскеудегі қауіпсіздік саласының ықпалды басшыларының арасындағы кикілжің басталғалы біраз болғанын айтты. «Немцовтың қазасынан соң конфликт сыртқа жайылды, бірақ ол бұрыннан бар болатын» дейді Венедиктов.

Қаңтардың 9-ы күні Рамзан Қадыров Instagram-дағы кезекті постында Алексей Венедиктовты «Исламға қарсы әрекет жасады» деп айыптаған. Мұны өзіне жасалған «ескерту» деп қабылдаған журналист жеке басының қауіпсіздігін күшейткен.

Карл Шректің мақаласын ағылшыннан аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG