Accessibility links

Қадыровтың «отбасылық әдісі»


Грозный көшесіндегі Рамзан Қадыров пен Владимир Путиннің портреттері.
Грозный көшесіндегі Рамзан Қадыров пен Владимир Путиннің портреттері.

Шешенстан терроршылардың туыстарын да қуғындау тәжірибесін заңдастырғысы келеді.

Шешен республикасы парламенті қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыстарға жаза қатайтуды ұсынды. Заң шығарушылар тіпті «өлім жазасын да қолдану керек» дейді.

Грозныйдағы содырлар басып алған баспа үйі.4 желтоқсан 2014 жыл.
Грозныйдағы содырлар басып алған баспа үйі.4 желтоқсан 2014 жыл.

Парламентте лаңкестер мен олардың көмекшілерін ғана емес, етжақын туыстарын да жауапқа тарту туралы айтылып жатыр. Ресей мемлекеттік думасына да осындай заң жобасы түсті. Бірақ ондағы мәселелер тұңғыш рет айтылып тұрған жоқ. Мұндай ұсыныстарды ЛДПР фракциясының депутаты бір жыл бұрын да жасаған болатын.

Ал шешен депутаттары қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыс жасағандарға жаза күшейту жөніндегі ұсыныстарын өткен жылдың соңында айта бастады. Желтоқсанның 4-і күні Грозныйға жасалған шабуылдан соң республика басшысы Рамзан Қадыров «бұзақыларды ғана емес, олардың туыстарын да жазалау керек» деп мәлімдеді.

Жергілікті депутаттар бұл бастаманы қолдап, жаңа жылдық демалыстан соң Ресей парламентіне заң жобасын түсіруге уәде беріп, сол жобаны енді дума қарауына жолдап отыр.

ТҮСІНІКСІЗ ЗАҢ ЖОБАСЫ

Заң жобасы «Қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыс жасағандардың жауапкершілігін күшейту үшін РФ жекелеген заң актілеріне өзгерістер енгізу туралы» деп аталады. Құжат думаға қаңтардың 12-сі түскен.

Құжат авторлары содырлардың ата-анасы мен кәмелеттік жасқа толған басқа туыстарын да күдіктілер қатарына қосуды және қылмыскердің жазасын өтеу мерзімін ұлғайтуды сұрайды.

Белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға қосымша жаза түрлері ретінде өмір бойға соттау немесе өлім жазасына кесу, сотталушының дүние-мүлкін тәркілеп, өзінің және туыстарының банк шоттарынан қаражатын шешіп алу, барлық шені мен құрметті атақтары, мемлекеттік марапаттарынан айыру аталған.

Шешенстан парламентінің спикері Дукуваха Абдурахманов бастаманы қолдай отырып, «адамның тәрбиесі отбасынан басталатынын» ескертті. Оның айтуынша, адам қылмысқа барар алдында «өзін ғана емес, отбасын, ата-анасы мен жақын туыстарын ойлауы тиіс».

Шешенстан депутаттары лаңкестер мен олардың сыбайластары туралы ғана айтып отырғанымен, Ресей қылмыстық кодексінің 24-тарауының ауқымы одан әлдеқайда кең. Онда «Бұзақылық», «Вандализм», «Жаппай тәртіпсіздік», «Жиындар мен митинг өткізу тәртібін бірнеше мәрте бұзу», «Өрт қауіпсіздігі талабын бұзу» сияқты баптар бар.

Заң жобасындағы қисынға салсақ, шешен парламенті ұсынған құжат бойынша осы қылмыстар үшін де айыптылар ғана емес, олардың отбасы жауап беруге тиіс болып шығады. Қорғаушы Татьяна Окушко мұның конститутцияға ғана емес, ақылға да сыймайтынын айтады.

Татьяна Окушко
Татьяна Окушко

- Туысқаны бұзақылық жасайтыны туралы білген адам да жауапқа тартыла ма? Оларды да жазалай ма? Террорлық әрекетке қатысты жазаны күшейткілері келетіні түсінікті. Ал мына жобалары нақты емес. Жазаны әркім жеке тартуы керек, туыстары мен достарының, таныстарының оған еш қатысы жоқ. Осыдан соң құқық қорғау органдарының бассыз әрекеттері тіпті көбейеді. Оның үстіне адамның конститутциялық құқы мен еркіндігі шектеледі, - дейді адвокат.

«ЛАҢКЕСТІҢ АҚШАСЫ ОТБАСЫНА БҰЙЫРМАСЫН»

Ресей мемлекеттік думасының ЛДПР фракциясы депутаты Роман Худяков Татьяна Окушконың пікірімен келіспейді. Бір жыл бұрын думаға лаңкестердің туыстарын да жазалау туралы заң жобасын ұсынған осы Худяков болатын. Шешенстан парламенті Худяков ұсынысының көшірмесін жасап отырғандай көрінеді. Ал Худяковтің өзі терроршылардың ақша табу үшін қылмыс жасайтынын, ақшаларын отбасына беретінін айтады.

Роман Худяков
Роман Худяков

- Жанкештілер опат болған соң отбасының сол теракті үшін қомақты қаржы алатынын біледі. Содан кейін оның бала-шағасы қыруар қаржы тастап кеткен әкесін немесе анасын ризашылықпен еске алып, молшылықта рахат ғұмыр кешеді. Заң жобасында маңызды мәселе – терроршының туыстарының да жазаға тартылатыны айтылған. Яғни, лаңкес дүниеден өткен соң оның отбасы қанға малынған, лас ақшаның қызығын көре алмайды. Әрбір терроршы бұл қадамға барар алдында өзі өлген соң ақшасының қайда кететінін ойлайды. Бірақ содыр қаза тапқаннан кейін, ол ақша қамауға алынады. Менің ұсынысым бойынша, ол отбасы Ресей аумағынан шыға алмайтын болады. Одан бөлек, терроршының жылжитын, жылжымайтын мүліктері де тұтқындалады, - дейді Худяков.

Оның пікірінше, терроризммен күресудің мұндай әдісі терроршылардың туыстарының конституциялық құқығын бұзбайды.

- Тергеу орындары отбасының бір жыл бойы лаңкеспен араласып, құқық қорғау органдарына оның жоспары туралы хабарламағанын дәлелдей алса, құқық қорғау органдары заңдағы жаңа түзетулерді содырдың балалары, әке-шешесі, жұбайына қарсы қолдануға толық құқылы, - дейді депутат.

Ал қорғаушы Татьяна Окушко терроршылардың туыстарын да жазаға тартуды ұсынатын заң жобасы террор қаупінің алдын алмайтынын, құқық қорғау мекемелерінің арсыз қызметкерлерінің білгенін істеуіне жол ашатынын айтады.

Грозныйда 4 желтоқсан күні жасалған шабуылдан соң өртелген күдіктінің туыстарының үйі.
Грозныйда 4 желтоқсан күні жасалған шабуылдан соң өртелген күдіктінің туыстарының үйі.

- Шешенстанда лаңкес деп танылған адамдардың туыстарының үйлері өртеліп, әйелдері мен балалары, қариялар көшеде қалғанда, менің ойымша, барлық құқық бұзылды. Терроршыларды тоқтатуға ол қалай ықпал етпек? Керісінше, одан әрі ызаландырады ғой. Ал көшеде қалған жас балалар қандай адам болып өседі? Олардың есінде не қалады? Конституцияда туыстарының үйін жарып, баласы мен әйелін көшеге қаңғыртсын деп жазылған ба? Олардың террормен күрескісі келетіні түсінікті, бірақ бұл амал емес. Бұл заң қабылданған бетте бассыздық басталады. «Сен оның жоспарын білгенсің деп» адамдарды қуғындау жиілейді, - дейді Окушко.

Ресейде өткен жылдың көктемінде террорға қарсы жазалар қатайған еді. Құқық қорғаушылар мен адвокаттар ол заңды сынап, жазаны күшейту емес, қолда бар құқықтық құралдарды тиімді пайдалану мен террорға жол ашатын әлеуметтік мәселелерді шешу керек деген уәждерін айтқан.

(Марьяна Торочешникованың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG