Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласының мэрі Игорь Колыхаев Мәскеудің өз қарулы күштері оккупациялаған жерлерді Ресейге қосу үшін референдум өткізуді жоспарлап отырғанын айтады.
Херсондағы әскери операцияларды жалғастырып жатқан Игорь Колыхаев Ресей шенеуніктері мен олар тағайындаған жергілікті билік кездесу өткізіп, аймақты Ресейге қосу үшін референдум өткізу жайын талқылады дейді.
"Ол кездесуге қатыспадым, бірақ әкімшілік ғимаратында жетпістен астам адам жиналды" дейді Колыхаев "Настоящее время" арнасына. "[Дереккөздерден кездесудің] референдумға және оны өткізу уақытына арналғанын білдім".
Игорь Колыхаев нақты шешім әлі қабылданбағанын, бірақ референдумды қыркүйекте немесе биылғы жылдың аяғында өткізу талқыланғанын айтады.
ЖАҢА ҚАДАМ
Көктемде Мәскеудің өзі жаулап алған Украинаның Запорожье мен Херсон облыстарын Ресейге қосу жайлы референдум өткізуді жоспарлап отырғаны жөнінде хабар тараған еді. Бірақ Украина күштерінің оңтүстіктегі қарсы шабуылынан кейін бұл әңгіме тоқтап қалды.
Бұл жоспар енді қайтадан күн тәртібіне шыққанға ұқсайды: Ресей депутаттары Ресей құрамында жаңа федералды округ құру идеясын көтеріп, оған Украинаның Донецк, Луганск, Херсон мен Запорожье облыстарын қосу туралы айтты.
"Херсон облысын Ресейге қосу [2014 жылғы] Қырым сияқты аяқталады" деді 7 маусымда Ресей мемлекеттік думасының мүшесі Игорь Кастюкевич. Ол мұны Херсон облысына президент әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Кириенконың сапарынан соң айтты.
Украина әскери барлауы Мәскеу Украина мектептерін Ресейдің оқу бағдарламасын қабылдауға мәжбүрлеп, Украина ұялы телефондарын Ресей желісіне қосу үшін ресейлік сим-карта таратып жатқанын мәлімдеді. Ресей әскері оккупациялап алған жерлерде кей адамдарға паспорт тарата бастаған. Колыхаев мұның бәріне өз куә болғанын айтады.
Колыхаев Херсонда референдум өткізу жоспары анық талқыланғанымен, оның уақыты әлі белгісіз екенін, бұған соғыс жағдайының жылдам өзгеріп жатқаны әсер етіп жатқанын айтады. Әскери әрекеттер нәтижесінде Ресей күштері бұл облыстардың біршама жерін бақылап отыр.
"Бұл қиын процесс. Міне, сондықтан олар референдум өткізуді қыркүйекке немесе жыл соңына дейін қалдырған болар" деді Колыхаев.
ОҢТҮСТІК ШЕП
Украинаның Запорожье облысындағы Мелитополь қаласының мэрі Иван Федеров референдум жайлы мұндай әңгіме қаладағы жергілікті органдарда да талқыланып жатқанын, бірақ нақты күнін белгілеуге соғыстағы жағдайдың кедергі келтіріп жатқанын айтады. Оны соғыс басында Ресей әскері ұрлап әкетіп, кейін тұтқын алмасқан кезде босатқан.
"Мәселе мынада: Олар Запорожье облысын [тұтастай] бақылауға алған жоқ" деді Федеров "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында. "Кей аудандарды басып алды, бірақ Запорожье толығымен [ресейлік] аудандардың бір бөлігі болады деп айту үшін бұл жеткіліксіз".
10 маусымда Украина әскері Херсон маңындағы қарсы шабуылдан соң Ресейдің қорғанысты күшейтіп жатқанын, оңтүстік аудандарда айырылып қалған жерлердің біразын қайтарып алғанын мәлімдеді.
Вашингтондағы соғысты зерттеу институты жуырда Мәскеу Украинаның қарсы шабуылынан қорғану үшін Херсон облысындағы аудандарда операцияларын күшейтіп жатыр деп мәлімдеді.
7 маусымда Украина партизандарының Ресей жаулап алған оңтүстік аудандарға бірнеше шабуыл жасағаны да хабарланды. Олар Херсонның Ресей қолдайтын жергілікті билігінің жаңа штаб пәтеріне жақын маңда бомба тастаған.
Жарылыстан кемінде төрт адам жараланған. Ресей лауазымды тұлғалары жарылысты Ресей бақылап отырған Украина жеріне жасалған "террор шабуылы" деп сипаттады.
Украинаның оңтүстік жедел қолбасшылығы Ресей әскері Украинаның ұйымдасқан топтарына мүше екеніне күдік бар бейбіт тұрғындарға оқ атып, бақылау бекеттеріндегі көліктерді жоюға бұйрық алғанын айтады.
"Настоящее время" тілшісі Алексей Александровтың материалы бойынша жазылды.
ПІКІРЛЕР