Accessibility links

Ресей «оқушылар патриотизмін» күшейтуге кірісті


Ресейлік мұғалім Михаил Копица.
Ресейлік мұғалім Михаил Копица.

Қырымды өзіне қосып алғаннан бері Ресейде «патриотизмді» насихаттау науқаны басталды, одан мектептер де тыс қалмады. Бірақ жаңа пәнді оқытуға мұғалімдердің бәрі ынталы емес.

Қырымды аннексиялаған Ресей бұл оқиғаны тарих оқулықтарына енгізу үшін біраз уақыт керек екенін біледі. Бірақ билік мектеп бағдарламасына бұл оқиғаның «саяси, әрі патриоттық мәнін түсіндіретін» мәтіндерді тездетіп қосуға тырысып жатыр.

Соңғы аптада Ресей жоғары оқу орындарының бағдарламасына «Біз біргеміз» деген жаңа курс енгізілді. Бұл курста аннексияны «Қырымның Ресейге қайта қосылуы» деп оқытады.

Білім беру саласында басталған бұл науқанды басқаратын биліктегі «Біртұтас Ресей» («Единая Россия») партиясының өкілдері «осы курс аясында патриотизм туралы да айтылуы керек» дейді. Бұл партияның мемлекеттік думадағы депутаты Николай Булаев «Украина, Қырым және Ресейдегі жағдайды студенттерге ұғындыру, біздің президенттің бұған қатысты позициясын түсіндіру керек» дейді.

«ПРЕЗИДЕНТТІ МАҚТАН ТҰТАМЫН»

Мәскеуден 900 шақырым жерде, Волганың жағасында орналасқан Ульяновск қаласындағы №28 мектептің тарих пәнінің оқытушысы Любовь Москалева мәселені түсіндіргенде «Әрине, әлемдегі елдердің бәрі Ресейдің күшті болғанын, сыртқы саясатын ұлттық мүддесіне сай жүргізгенін қаламайды» дейді.

Оның дәрісін жергілікті мэриядан келген шенеунік бақылап отырды. Қобалжыған оқытушы дауысы дірілдеп, «Ресей үшін қуанамын, президентімді мақтан тұтамын» деді. Зерігіп отырған оқушылар Қырымның экономикасы, географиясы мен тарихы туралы жаттанды ақпараттарды сүлесоқ қайталаумен болды.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Қырымдағы мектептің бірінде оқушылармен кездесіп тұр. Симферополь, 31 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Қырымдағы мектептің бірінде оқушылармен кездесіп тұр. Симферополь, 31 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ульяновскідегі №1 гимназия оқушылары сабаққа белсендірек қатысты. Олардың бірі Егор Цветков аннексияны өздеріне үйреткендей «қайта қосылу» деп атайды, «осының бәрі Ресейдің Шығыс Украинаны өзіне қосып алу жолындағы алғашқы қадамы» дейді ол.

Егор Цветковтың айтуынша, «Шығыс Украинада референдум өткізу керек, сонда тұрғындардың қанша пайызы Ресейге қосылуды қалайтыны көрінеді». Ол Шығыс Украина тұрғындарының көбі Ресейге қосылуды қолдайтынына сенімді. Оқушы «әскери күш қолдануды құптайтын» болып шықты. Ол «Шығыс Украинаны Ресейге қосу үшін күресуге даярмын» деді.

Арсений (фамилиясын атамады) атты тағы бір оқушы «Қырымды аннексиялауды қолдамайтынын» білдірді. «Елімді қолдаймын, бірақ Батыспен егесу ақымақтық деп ойлаймын. Бұл дағдарыс бейбіт түрде шешіледі деп үміттенемін» деді ол.

НАСИХАТҚА ҚАРСЫЛАР ДА БАР

Жаңа курсты оқытуға мұғалімдердің бәрі бірдей ынталы деуге келмейді. «Бұл – наразылық тудыратын әрекет, оқушының санасын улау» дейді Мәскеудегі №567 мектептің тарих мұғалімі Тамара Эйдельман.

Ол екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Қырым татарларын жаппай депортациялау сияқты тарихи оқиғалардың бұл курста қамтылмағанын айтады. Эйдельман «Патриоттық курстарды қуана-қуана оқытамын, бірақ өз ойымды ашық айтуға да тиіспін. Сондықтан болар, мектеп әкімшілігі менен патриотизм туралы дәріс беруді сұраған жоқ» деді.

Ресейдегі орта мектептің бірі. (Көрнекі сурет)
Ресейдегі орта мектептің бірі. (Көрнекі сурет)
Дегенмен Ресейдегі қазіргі патриоттық желікті ескерсек, мұғалімнің мұндай сын пікірі өзіне қауіпті болуы мүмкін. Мәселен, Ресейдің солтүстік-батысындағы Архангельск қаласында тұратын тарих мұғалімі Михаил Копицаның сөзінше, ол Ресейдің Қырымға жасаған әскери басқыншылығын сынаймын деп сөгіс алған, ресми түсініктеме жазуға мәжбүр болған.

Копица: «менің қолымнан келетіні – қазіргі Ресей бұқаралық ақпарат құралдарындағы насихатқа қарсы тұру ғана, Ресейде қазір біржақты әрі мағынасыз үгіт жүріп жатыр» дейді.

(Любовь Чижованың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG