Желтоқсанның 10-ы күні Ресей мемлекеттік думасы Арменияның Еуразия экономикалық одағына ( ЕАЭО) кіруі туралы келісімді ратификациялады. Бұл туралы Азаттықтың Армян қызметі хабарлады.
Келісімді мақұлдау туралы заң жобасын думаға Ресей президенті Владимир Путин түсірген. Ресей мемлекеттік думасының 441 депутаты оны мақұлдап дауыс берген, бір адам қарсы болған.
Думаның ТМД істері бойынша комитеті басшысы Леонид Слуцкийдің айтуынша, "Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы - маңызды оқиға. Ереван дамудың еуразиялық жолына ұмтылып отыр. Бұл - одақ архитектурасын қалыптастыру жолындағы тарихи шешім". Слуцкий бұл елдің ЕАЭО-ға "халықаралық тұрғыда мойындалған шекаралары аясында қосылатынын" мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: ЕАЭО: экономикасы осал елдер одағы
Ресей, Беларусь және Қазақстан басшылары ЕАЭО туралы келісімге мамырдың 29-ы күні Астана қаласында қол қойған. Сол кезде президент Назарбаев «Армения ЕАЭО-ға Таулы Қарабақ аймағынсыз, БҰҰ мойындаған шекара аясында ғана кіре алады» деп мәлімдеген еді. Оның бұл мәлімдемесін Армения сынап, ал Әзербайжан қызу қолдаған.
Дума кеше ратификациялаған бұл келісімге Ресей, Беларусь, Қазақстан және Армения президенттері 10 қазан күні Минскіде қол қойған. Осы күні Ереван көшелеріне Арменияның бұл одаққа қосылуына наразы мыңдаған азамат шеруге шыққан еді. Армения парламенті келісімді желтоқсанның 4-інде мақұлдаған.
ВИДЕО: Армения парламентінің ЕАЭО-ға кіру келісімін мақұлдауы
ТАСС агенттігі ақпаратына қарағанда, Армения ЕАЭО-ға осы келісімді барлық елдер (Ресей, Қазақстан, Беларусь) ратификациялағаннан соң, 2015 жылы қаңтардың 1-інен кейін кіреді. Слуцкийдің айтуынша, Қазақстан және Беларусь парламенттері оны желтоқсан айында мақұлдауы тиіс. Бірақ Қазақстан парламенті мәжілісінің баспасөз қызметі Азаттыққа келісім қашан талқыланатынын білмейтінін айтты.
Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың желтоқсанның 10-ы күні Армения президенті Серж Саркисянмен сөйлескенін хабарлаған еді. Алайда Азаттық тілшісіне президенттің баспасөз қызметі екі ел басшысының телефон әңгімесінде Арменияның ЕАЭО-ға кіру мәселесі сөз болған-болмағанын айта алмайтынын хабарлады.
ЕАЭО 2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап іске қосылады. Алайда мүше елдер арасындағы келіспеушіліктер қазірдің өзінде шығып жатыр. Мәселен, Беларусь жақында Ресеймен шекарадағы кедендік бақылауды қайта орнатты. Оған Ресейдің Беларусьті "Батыс елдерінің тыйым салынған тауарларын Ресейге өткізіп отыр" деп айыптауы және осы елдің бірқатар тауарын импорттауға тыйым салуы себеп болды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та ЕАЭО келісімінде жазылған шарттар орындалмаса, Қазақстанның ол ұйымнан шығатын хақы бар екенін айтқан. Бұл елдің азаматтық белсенділері ЕАЭО-ға кіруге қарсы шаралар өткізген.