Accessibility links

Ресейде шенеуніктер мүлкі туралы мәліметтер жабылып жатыр


Владимир Путиннің күйеубаласы, миллиардер Кирилл Шамалов.
Владимир Путиннің күйеубаласы, миллиардер Кирилл Шамалов.

Оппозиция Ресей билік иелері мен олардың отбасыларының өте қымбат жылжымайтын мүліктері бар екенін дәлелдеген сайын, олардың аты-жөні мемлекеттік тіркеу жазбаларынан жойылып кетіп жатыр. Бұл жемқорлықты жасыру әрекеті болуы мүмкін.

Белсенділер «мұның бәрі - жемқорлық пен сыбайластықты жасыру үшін жасалған қасақана және заңсыз әрекет» дейді. Тіркеу жазбаларынан Ресей билігінің ең жоғары сатысында отырған, өте қымбат жылжымайтын мүліктерді иеленген шенеуніктер мен олардың туыстарының аты-жөндері жоғалып кетіп жатыр.

Кремльді сынаушылар, журналистер мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенділер соңғы айларда ресми федералдық дерекқордағы жылжымайтын мүлікке қатысты жазбалардың өңделгенін, ал кей жағдайда Ресей саяси элитасына тиесілі қымбат нысан иелері туралы ақпараттардың өзгертілгенін айтады.

Оған қоса, ресейлік қауіпсіздік қызметі жылжымайтын мүлік жазбасынан жеке адамдардың ақпарат алуына шектеу қоятын заң жобасын ұсынып отыр, солайша билік мұндай деректерді журналистер мен қоғамның назарынан жасырмақ.

КИРИЛЛ ШАМАЛОВ

«Панама құжаттары» аталып кеткен офшорлық компаниялар туралы ақпараттар жарияланған соң, Ресей байлығын биліктегі топ иеленіп отырғанына дәлел көбейіп, бұл мәселеге көпшілік назары ауды. Құжаттарда Ресей президенті Владимир Путиннің есімі аталмаса да, оның серіктерінің «активтер аударып, күмәнді келісімдер» жасағаны айтылады.

Ресей шенеуніктері мен олардың туыстарының қымбат жылжымайтын мүліктері Путин тұсында жемқорлық асқынды дейтін оппозицияның уәжін күйшейтіп тұр. Енді белсенділер Ресейдегі жылжымайтын мүліктерді тіркейтін «Росреестрдің» дерекқорын түзетіп, өңдеп, тіпті кейбір мәліметтерді өшіріп тастап отырғанын, солайша олардың иесі туралы дерек алуды қиындатып жатқанын айтады.

Борис Немцовты еске алу шеруінде жүрген Алексей Навальный. Мәскеу, 27 ақпан 2016 жыл.
Борис Немцовты еске алу шеруінде жүрген Алексей Навальный. Мәскеу, 27 ақпан 2016 жыл.

Оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйдың «Жемқорлықпен күрес» қорының бас заңгері Иван Жданов Азаттыққа «Әкімшілік шектен шығу деген осы – астыртын мәмілелер жасалып жатыр. Мүлде заңсыз. Олар өздерінің ішкі ережелері үшін бюрократиялық әдістер табады. Өздерінің арнайы ішкі қағидалары бар» деді.

Навальный тобы оның мысалы ретінде Forbes Ресейдің ең жас миллионері деп таныған Кирилл Шамаловты келтірді. Кәсіпкер Шамаловты Путиннің күйеубаласы деушілер бар. Навальный қорының зерттеушісі Георгий Албуров сәуірдің 26-сы күні Facebook парақшасына Шамалов өзінің резиденциясы деп көрсеткен Мәскеудегі пәтер туралы жазды. Албуровтың дерегіне қарағанда, пәтер иелері туралы мәлімет бір жыл бұрын бюрократиялық кодқа алмастырылған, қазір бұл жылжымайтын мүліктің 2004 жылдан бері біреудің меншігі екені ғана көрінеді.

Осыған қарап ол «Шамаловқа үкімет қорғаушы болған» деген қорытынды жасайды, себебі ол - Путиннің күйеубаласы және президенттің ежелгі досы Николай Шамаловтың ұлы. Николай Шамаловтың өзі ЕО санкциясына ілінген, Брюссель оның себебін «Ресейдегі шешім қабылдайтын топқа жақын болғаны үшін» деп түсіндірген еді.

Кирилл Шамаловтың Франциядағы үйі. (Көрнекі сурет)
Кирилл Шамаловтың Франциядағы үйі. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Путин де, оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та Шамалов президенттің кіші қызына үйленді деген ақпаратты растамады не терістемеді. «Путин мен Песков өздеріне жағымсыз тақырыпты қозғағысы келмесе де, «Росреестрдегі» анықтамасынан-ақ бұл азаматтың ерекше мәртебеге ие екені байқалады» деп жазады Албуров.

СЕРГЕЙ ШОЙГУ

Жданов Азаттық тілшісіне Навальный тобының «Росреестр» агенттігін сотқа беріп, бастапқы деректерді қалпына келтіруді талап ететінін мәлімдеді. Белсенділер «Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу туралы шағымды жеке бере ме, әлде осы іске тіркей ме - ол жағын ойластырып жатқанын» айтады.

Навальный тобы Шойгудың отбасы құны бірнеше миллон долларға бағаланатын көпқабатты үйді жекешелендіріп алғанын жазған соң «Росреестр» алдымен осы жазбаны өзгертті. Қазан айында Навальныйдың зерттеу тобы 2009 жылы 18 жаста болған Шойгудың қызы Ксения Мәскеудегі таңдаулы аумақтан жер сатып алғанын анықтады.

Бірақ Навальный тобының ақпараты жарияланған соң Ксения Шойгудың есімі жазбадан жоғалып кетті, тіпті бұрынғы иелері - оның ішінде қорғаныс министрімен мұзда хоккей ойнаған адам да бар – тізімнен ұшты-күйлі жоқ болды.

Солдан оңға қарай: Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 23 ақпан 2016 жыл.
Солдан оңға қарай: Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 23 ақпан 2016 жыл.

Өзгертілген жазбада жылжымайтын мүліктің жалғыз қожайыны Елена Антипина есімді әйел деп көрсетілген, Албуров оны Шойгудың балдызы дейді. (Оның фамилиясы Шойгудың әйелі Иринаның тұрмысқа шыққанға дейінгі фамилиясымен бірдей, екеуінің де әкесінің аты - Александр).

Шойгудың қызының өкілі қараша айында РБК басылымына берген сұхбатында Ксения туралы дерек «шындыққа сәйкеспейді» деді.

ДМИТРИЙ РОГОЗИН

Өткен айда Transparency International ұйымының ресейлік кеңсесі зерттеу жүргізіп, ұлтшыл саясаткер және вице-премьер Дмитрий Рогозиннің отбасына тиесілі Мәскеудегі пәтердің құны 500 миллард рубль (7,6 миллион доллар) болатынын хабарлады.

Наурыздың 25-і күні «Росреестр» бетінде пәтердің бес қожайынының аты-жөні «көрсетілмейді» деп тұрды, ал Албуров жариялаған құжатта 2015 жылы қарашаның 11-і күні онда Рогозин мен оның отбасындағы төрт адамның аты-жөні тұрған болатын. Олардың ішінде жақында Қорғаныс министрінің мүлік департаменті басшысының орынбасары болған Рогозиннің ұлы Алексей де бар.

Солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путин мен вице-премьер Дмитрий Рогозин. Мәскеу, 17 наурыз 2015 жыл.
Солдан оңға қарай: Ресей президенті Владимир Путин мен вице-премьер Дмитрий Рогозин. Мәскеу, 17 наурыз 2015 жыл.

«Элиталық тұрғын үй кешеніндегі 10 бөлмелі пәтер туралы жазбаның жоғалып кетуін қалай түсіндіресіз? Біз «Росреестр» қызметкерлерінің бірі ол пәтердің қожайындары туралы жазбаны не кездейсоқ, не әдейі өшірді деп санаймыз» деп жазады Transparency International.

Қазіргі кезде қаржыны өз пайдасына жұмсады деген айыппен ісі сотта қаралып жатқан Навальный (өзі істің саяси астары бар санайды) сәуірдің 26-сы күні өз тобының Рогозин пәтеріне қатысты құжатты да сотқа беретінін айтты. Мемлекеттік ітркеу туралы дерекқорда екінші рет тұрмысқа шықты деп жүрген Путиннің бұрынғы әйелі Людмила туралы мәлімет те өзгеріске ұшыраған.

ЛЮДМИЛА ПУТИНА

Ресейдің «Собеседник» газеті қаңтар айында «желтоқсанның 23-і мен қаңтардың 25-і күні аралығында «Росреестр» Ресейдің бұрынғы бірінші ханымына тиесілі пәтердің (тұрмысқа шыққаннан кейін жаңа фамилиясымен белгіленген) дерегі өзгергенін, оның туған күні мен туған жерін алып тастағанын» жазды.

Азаттық «Росреестрге» хабарласқанда олар дереу түсініктеме бермеді, кез келген сауал жазбаша рәсімделуі керек деген талап қойды.

Evans Property Services атты мәскеулік жылжымайтын мүлік фирмасының басқарушы серіктесі Аня Левитова Азаттыққа «Росреестрдегі» жазбалардың «өзгертілмеуге тиіс» екенін, тек қожайыны үйді сатса немесе басқа біреуге берсе ғана өзгертілетінін айтты. «Мүлікті тіркеу мекемесі сол үшін құрылған. Иесі ауыспай жазбаның өзгертілмеуі керек. Ол жазба мүлік қожайыны ауысқанын көрсетуге арналған. Ақпараттың өзгертілуі мүліктің де жойылғанын көрсетеді» дейді Левитова.

Мәскеу. (Көрнекі сурет)
Мәскеу. (Көрнекі сурет)

Қорғаушы Жданов Азаттық радиосына «жылжымайтын мүліктің нақты қожайындарын көрсетпеу немесе өзгерту шенеуніктер арасындағы жемқорлық туралы ақпарат алуды қиындататынын, бұған дейін топтың зерттеу ісіне «Росреестрдегі» жазбалар айтарлықтай көмектескенін» баяндады.

Ресей қауіпсіздік қызметтері енді бұл дерекқордан ақпаратты еркін алуды шектейтін тәрізді. Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) әзірлеген заң жобасында үшінші тараптың жылжымайтын мүлік туралы ақпарат алуын шектеу жөнінде ұсыныс бар.

Заң жобасы қабылданса, Ресейдің саяси және бизнес элитасы ұнататын тағы бір дүние - ұшақтар мен яхталар туралы ақпарат алу да шектеледі. Ресей үкіметінің заң шығару комитеті жобаны мақұлдап, ары қарай үкімет қарауына жіберді.

Олардың айтуынша «Росреестрдегі» жазбаны үшінші тарап қылмыстық немесе басқа да тәртіп бұзу мақсаттарында қолдануы мүмкін». «Ақпарат сұраушылар жылжымайтын мүлік емес, оның қожайыны туралы дерек алуға ұмтылған сәттер көбейді» дейді комиссия. Заң жобасы парламенттің қарауына ұсыныла ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.

Карл Шректің мақаласы ағылшын тілінен аударылды

XS
SM
MD
LG