БІТПЕГЕН ҚҰРЫЛЫС
«Нур-Усман» мешіті - қараусыз қалған құрылыс орнына салынған шағын ғимарат, бірақ қазір қаладағы үш мешіттің бірі. «Нур-Усман» жамағатының ақсақалы Раис Нуримановтың айтуынша, мешітке үнемі мыңдаған адам келеді, мереке кезінде олар үш мыңға дейін жетеді.
Свердлов облысының мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі министрлігі мешіт жамағатынан жерді 2016 жылдың желтоқсанында босатуды талап еткен, тараптар арбитраждық соттың үш инстанциясынан өтті, бірде жеңіп, бірде жеңіліп отырды. 2017 жылы тамыздың 1-інде мешітті бұзу туралы шешім қабылданды.
Мемлекеттік мүлік министрлігінің аймақтық баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне «10 жыл бойы мұсылмандар бөлінген аумақты игермеді, сондықтан жерді аламыз» деп түсіндірді. Оның орнына басқа жер бөлеміз деп уәде айтты.
«Нур-Усман» мешіті қараусыз қалған құрылыс орнында, қаланың дәл орталығында – салынып бітпеген телемұнара қасында орналасқан. Екатеринбург орталығындағы үлкен жер телімін билік игерусіз қалдыра алмайды, сондықтан акционерлік қоғам құрылды, оның 40% мемлекетке тиесілі, ал 60% - Урал тау-кен металлургия компаниясы (УТМК) меншігі. Мемлекет жердің жобасына үлес қосады, ал УТМК мұз сарайын салуы керек. УТМК баспасөз қызметі Азаттық радиосына жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Бұл жерді өткен онжылдықтың соңында мұсылмандарға сол кездегі губернатор Эдуард Россель берген. Ол қала орталығында Бейбітшілік және келісім алаңын салу жобасын ұсынып, ол жерде түрлі діндердің ғибадатханасы орнығуы керек болған. Бұл ауданда шынымен де православ шіркеуі, синагога мен армяндар шіркеуі бар.
Екатеринбургтік саясаттанушы Федор Крашенинниковтің айтуынша, ол жерде старообряд шіркеуі ашылады деп жоспарланған, бірақ ол жоба қалпында қалған.
Жер теліміне құрылыс салуға және Екатеринбургтің соборлық мешіті үшін 30 миллион рубль жұмсалды. Татарстан үкіметі мен олигарх Алишер Усманов қомақты қаржы бөлді, бюджет қаражаты да аударылды. 2008 жылы дағдарыс кезінде жобаны тоқтатты, құрылыс бастапқы қалпында қалды. Қазір бұзғалы жатқан уақытша мешітті прорабтардың жұмыс бөлмесі деп тұрғызған. Нуримановтың айтуынша, діндарлар оған бес миллионға жуық рубль жинап берген, қазір ол үшін өтемақы жасау туралы ешкім айтпайды.
Крашенинниковтың айтуынша, 2008 жылғы дағдарыстан соң билік Екатеринбург орталығындағы соборлық мешіттің құрылысын қалпына келтірмеді, себебі қалада бірнеше тәуелсіз мұсылман жамағаты бар, олар бір-біріне қырын қарап қана қоймай, екінші жақты экстремист деп айыптайды. Шенеуніктер қала орталығында үлкен мешіт салынса, оны кімге беретін білмейді.
Екатеринбург мэрі Евгений Ройзман Азаттыққа берген сұхбатында мешіт мәселесін өзі шешпейтінін, бірақ «Нур-Усман» мешітін орталықтан алып тастауға келісетінін айтты.
Мұсылмандар да ұтады деп ойлаймын, оларға қала орталығынан емес, басқа жерден жер бөлеміз – сол жаққа мешіт тұрғыза алады.
«Кезінде мешіт салу үшін қала орталығынан неліктен жер бөлгендері түсініксіз. Бұл жоғары жақтан ойланбай қабылданған шешім. Бұл Екатеринбургтің тарихи орталығы, ол жерде ешқашанда мешіт болған емес. Қала орталығына діндарлардың жиналатынын бәрі түсінді, құрылысты ешкім қолдамады. Мешіт салынып бітпеді, енді ол жерге 15 мың адамға арналған мұз айдынын саламыз. Мұсылмандар да ұтады деп ойлаймын, оларға қала орталығынан емес, басқа жерден жер бөлеміз – сол жаққа мешіт тұрғыза алады».
ДІНДАРЛАР РЕНІШІ
«Нур-Усман» жамағатын Ресей мұсылмандарының рухани басқармасы (РМРБ) қолдайды. РМРБ Свердлов облысының билігімен сөйлесті, жағдай туралы Ресей президенті әкімішілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Сергей Кириенкоға айтты.
Біз кез келген мешітті бұзуға қарсымыз.
«Біз кез келген мешітті бұзуға қарсымыз. Мешіт біреудің қалауымен салынбайды, оның орнын аймақтық билікпен келіседі, билік өзі ғибадатхана салу орнын анықтап берген. Мұсылмандар өз бетімен салып алды деген дұрыс емес. Бұл қасиетті орын» дейді РМРБ төрағасының бірінші орынбасары Дамир хазірет Мухетдинов.
Оның айтуынша, қазір ең бастысы – мешіт салу үшін жамағатқа лайықты балама орын керек.
Раис Нуриманов жаңа жер туралы түрлі ұсыныстарды жамағаттың қарастырып жатқанын, бірақ жалпы жағдайға діндарлардың наразы екенін айтты.
Олар қала орталығындағы Россель ұсынған соборлық мешіт идеясын неге жандандырмасқа дейді, билік мұз сарайын салу үшін мешіттің шағын ғимаратына неліктен тіреліп қалды деп ренжиді. Нуримановтың сөзінше, 1917 жылғы революцияға дейін Екатеринбургте алты мешіт болған, қазір мұсылмандар саны көбейгенімен, үшеуі ғана қалды.
Әркез дәстүрлі исламды қолдадық, заңға бағынамыз, билікті тыңдаймыз. Неге бізге осылай қарағандары түсініксіз.
Мұсылмандар үшін арбитраждық соттың шешімін орындау күпірлік саналады, өздері сиынған жерді бұзуға қолдары бармайды, оның үстіне биыл ғимаратты бұзу күні Құрбан айт мерекесіне сай келіп отыр. «Әркез дәстүрлі исламды қолдадық, заңға бағынамыз, билікті тыңдаймыз. Неге бізге осылай қарағандары түсініксіз» дейді Нуриманов қапаланып.
Мухетдинов мешітті бұзу Екатеринбургте толқу туғызады деп ойламайды, бірақ бұл оқиғаны экстремистік діни топтар насихаттарына пайдаланады дейді. Крашенинниковтың айтуынша, қазір Екатеринбургте дінаралық шиеленіс болады деп қорқудың қажеті жоқ, бірақ жағдай әділетті емес: қалада православ шіркеулері көп, ал мұсылмандарда «Нур-Усманнан» бөлек екі-ақ мешіт бар.
Татарлар мен башқұрлар Свердлов облысын ежелден мекендеп келеді, Кавказ, Орталық Азия және басқа аймақтардан келген мигранттар саны көп. Екатеринбургте жүздеген мың мұсылман бар деседі. «Нур-Усманды» бұзғаннан бөлек, Свердлов облысының билігі «Әзербайжан» атты мұсылман қоғамымен соттасып жатыр, олардың жаңа мешіт салуына рұқсат бермеген. «Әзербайжан» басшысы Шахин Шыхлинский Азаттыққа бұл туралы пікірін айтпады.
Азаттықтың Орыс редакциясының тілшісі Александр Литойдың мақаласы орыс тілінен аударылды.