Қырғызстаннан Мәскеуге жұмыс іздеп келген Айбарчын Шәмшиева енді әділдік іздеп жүр. Ол «Кейін депортациялау жоспарымен мені негізсіз ұстап әкеткен құқық қорғау органы қызметкерлері жазасын алуы тиіс» деп мәлімдеді.
Полиция қызметкерлері Айбарчын Шәмшиева мен күйеуін сәуірдің 23-інде Мәскеуде бір пәтерде тұрып жатқан өзге мигранттармен бірге ұстап әкеткен. Айбарчынның айтуынша, оларға тіпті құжаттарын көрсетуге мұрша бермей полиция бөлімшесіне әкеткен.
– Күйеуім екеуміз ақпан айында Сахаров ауданындағы көші-қон орталығына 10-15 рет барып жүріп, ұзақ-сонар кезекке тұрып, құжаттарымызды әрең өткізгенбіз. 4 мың рубль төлеген жаңа үлгідегі еңбек патентін наурыздың 25-і күні алдық. Полиция кіріп келген кезде, асып-сасып түбіртектерді таба алмай қалдым. Ал полицейлер «бәрін бөлімшеге барған соң тексереміз» деді. «Дерек қорын тексерсе, бәрі анықталады ғой» деген оймен бөлімшеге бара салдық. Бірақ барған соң «ақша төлеп алған патентіміз бар, түбіртегі үйде қалды» дегенімізді ешкім тыңдамады. Құжаттары дұрыс болса да, күйеуімді босатпай қойды, әйтпесе ол үйге барып алып келер еді, – дейді Айбарчын Шәмшиева.
Айбарчынның айтуынша, тергеу кезінде оған психологиялық қысым көрсетіп, «материалдық жағдайым қиын болғандықтан, еңбек патентін алмадым» деген арызға қол қоюын талап еткен. Ол «полиция тергеушісі тіпті күш қолданамыз деп қорқытты» дейді.
Полиция бөлімшесінде Айбарчын Шәмшиева мен оның күйеуі ешқандай заң бұзбағаны анықталған, бірақ оларды өзге мигранттармен бірге бөлімшеде түнеуге алып қалған.
«Әрқайсымызға бір орындықтан берді, тікемізден-тік отырып ұйықтадық. Бәріміз ашпыз. Басқа мигранттар талаптарын үнсіз орындап, құжаттарына қол қойып берді. Ал мен дегенімнен қайтпай қойдым. Кінәм жоқ, құжатым бар екенін қайталап айтып, ешбір қағазға қол қоймадым» дейді Айбарчын Шәмшиева.
Келесі күні Айбарчын Шәмшиеваның ісін Мәскеудің Мещанское аудандық сотына жолдаған. Сот «Ресейдегі шетел азаматтарының құқығы туралы» федералдық заңның 5-бабы негізінде оған тағылған айыптарды «заңсыз» деп танып, Қырғызстан азаматын ақтап шығарған.
«Жұмысқа тұру үшін стажировкадан өткенмін. Сол күні мені жұмысқа алуы тиіс болатын. Енді жұмысымнан айырылдым. Мені негізсіз айыптап, қысым көрсеткен тергеушіні жауапқа тартуді талап етемін. Мұндай жағдай кез келген адам тап болуы мүмкін. Ешкім жазасыз қалмайтынын білсін» дейді Айбарчын Шәмшиева.
Ол Мәскеудегі шетел азаматтарына заңдық тұрғыдан көмектесетін «Азаматтық қолдау» комитетіне жүгінген, полиция бөлімшесінде психологиялық қысым көрсетіп, күш қолданбақ болған тергеушінің үстінен талап-арыз түсірген.
«Азаматтық қолдау» комитеті қызметкері Марина Лексинаның айтуынша, мұндай жағдайға тап болған шетел азаматтарының көпшілігі құқықтық сауатсыздығынан немесе полицейлердің қысымымен құжаттарға қол қойып, жалған айыптармен амалсыз келіседі.
– Айбарчын Шәмшиева батыл екен. Ол жалған айыпты мойындаудан бас тартып, құжатқа қол қоймаған әрі өзінің заң бұзбағанын ақырына дейін дәлелдеген. Әдетте полиция бөлімшесіне әкелінген шетел азаматтары не жазылғанын түсінбесе де, қысымға шыдамай кез келген қағазға қол қоя салады. Сөйтіп өз-өзіне үкім шығарады. Мына жағдайда хаттама толтырылып, іс сотқа жеткен. Сондықтан Шәмшиеваның ісін Ресейдегі шетел азаматтары туралы деректерді тіркеу қорына енгізуі мүмкін. Ал ондағылар судьяның қандай шешім қабылдағанына қарамайды. Қазір біз арыз дайындап, Шәмшиеваға қысым көрсету фактісі бойынша тиісті органдарға шағымданамыз, – дейді Марина Лексина.
Мақала авторы - Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Ләззат Тақырбашова.