Accessibility links

Сарапшылар ортақ БАҚ идеясы Кремль насихатын кеңейтеді деп қауіптенеді


ЕАЭО-ның құрылғаны жөніндегі құжаттарға қол қойып отырған Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттерінің артындағы Ресей туы. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.
ЕАЭО-ның құрылғаны жөніндегі құжаттарға қол қойып отырған Беларусь, Қазақстан және Ресей президенттерінің артындағы Ресей туы. Астана, 29 мамыр 2014 жыл.

Ортақ еуразиялық медиаресурс құруды ұсынған Ресей саясаткерлері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваны да мақтады. Идея кейбір қазақстандық сарапшылардың алаңдауын күшейтті.

Санкт-Петербург қаласында өткен «Еуразиялық экономика перспективасы» форумында Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – федерациялық кеңес төрағасының орынбасары Ілияс Умаханов «Еуразия бірыңғай медиаресурсын құру қажет» деп мәлімдеді. Оның пікірінше, «мұндай ресурс ЕАЭО-ын нығайтуда маңызды рөл атқарар еді».

Халықаралық даму корпорациясына кіретін ресейлік «МКР-Медиа» компаниясының бас директоры Павел Паутов «Бірыңғай ақпараттық алаң қалыптастыру үшін Қазақстан көп іс атқаруда, әсіресе Дариға Назарбаева бұл процеске үлкен үлес қосып жатыр» деп мәлімдеді.

Азаттыққа комментарий берген қазақстандық сарапшылардың көпшілігі елдің ақпараттық кеңістігін Ресей үгіт-насихаты «жұтып» қоюы мүмкін деп болжайды. Бірақ олардың айтуынша, ЕАЭО аясында бірыңғай медиаресурс құру идеясы - жаңалық емес, оның бір мысалы - ТМД елдеріне хабар тарататын «Мир» телерадиокорпорациясы.

«МИР» ТЕЛЕАРНАСЫМЕН САЛЫСТЫРУ

Қазақстандық тәуелсіз журналист Ярослав Разумовтың пікірінше, ЕАЭО аясында біріккен елдердің медиаресурстарын да біріктіру қисынды болғандықтан, мұны ұтымды идея деп санауға болады. Бірақ ол бұл идеяны іске асырудан ешқандай тұшымды нәтиже күтпейді.

Бірыңғай ақпараттық ресурс та ЕАЭО бірлестігі сияқты құр даңғаза идеяға айналады.

- Істің қырын білмейтін ресми органдардың қолына түссе, мұндай жобалардың аяғы құрдымға кетіп, жөні түзу нәтиже шықпайтыны белгілі жайт. Меніңше, бұл идеяның да ақыры ешбір маңызды мәселеге ықпал ете алмайтын «Мир» телеарнасы сияқты болып қалады. Ешкімді, ештеңені сынамайтын, байыпты сараптамасы жоқ, кілең мақтап-мадақтаудан тұратын хабарлар. Меніңше, бірыңғай ақпараттық ресурс та ЕАЭО бірлестігі сияқты құр даңғаза идеяға айналады, - дейді Ярослав Разумов.

Ал саясаттанушы Рустам Бурнашевқа «кейбір жасырын кедергілер болмаса», медиаресурстарды біріктіру идеясы – «ұтымды құбылыс» болып көрінеді.

Саясаттанушының сөзінше, мұндай бірлестіктерді құрудағы негізгі кедергі басқару мәселесіне тіреледі.

- Мысалы, ТМД елдері кеңістігінде хабар таратады деп құрылған мемлекетаралық «Мир» телеарнасын басқаруда жариялылық жоқ, - дейді Рустам Бурнашев.

Оны одақ аясында, оның ішінде ақпарат саласында құрылатын бірлестіктердің тиімділігі мен менеджментіне қатысты мәселелер толғандырады.

- Меніңше, онсыз да Ресейдің қуатты ақпараттық ықпалында отырған Қазақстан өз медиаресурстарының тиімділігін арттыруға көбірек мән бергені жөн, - дейді Рустам Бурнашев.

ҚАЛАМ ӘЛДЕ ҚАНЖАР

Ал ұлт мүддесін қорғаумен айналысатын «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымы жетекшісі Дос Көшім еуразиялық ортақ медиаресурс құру идеясына үзілді-кесілді қарсы әрі «Қазақстанға қатер» деген уәж айтады.

- Ортақ медиаресурс дегеніміз бірыңғай әуе шабуылынан қорғану жүйесі, бірыңғай әскери құрылымдар сияқты дүние. Ресей Украинаға қарсы нағыз идеологиялық және психологиялық соғыс жүргізіп жатқанын Украинадағы жағдайдан көріп отырмыз. Егер ортақ медиаресурс құрылса, Ресейдің жетегінде кетіп, өзімізге қатысы жоқ соғысқа килігеміз. Бұл соғыстағы медиаресурстардың рөлі әскери бөлімдермен тең, тіпті одан да зор болуы мүмкін. ЕАЭО аясындағы ортақ медиаресурстар Кремльдің әміріне бағынатын болады. Ал Қазақстан әлгі соғысқа еріксіз араласуына тура келеді. Біз үшін бұл - қауіпті, - дейді Дос Көшім.

Дос Көшімнің қазір Ресейде «қаламды қанжарға теңестірген заман» деген пікірін тәуелсіз журналист Андрей Свиридов та құптайды.

Егер ЕАЭО аясында ортақ БАҚ құрылса, қазақстандық медиаресурстар әлгі «ақпараттық әскерлердің» бөлімі немесе бөлімшелері болып қалады.

- Кейбір ресейлік телеарналардың Украинадағы оқиғалар жайлы хабарларына байланысты ресейлік телешолушы Игорь Яковенко «ақпараттық әскерлер» деген сөзді талайдан бері қолданып жүр. Сондықтан егер ЕАЭО аясында ортақ БАҚ құрылса, қазақстандық медиаресурстар әлгі «ақпараттық әскерлердің» бөлімі немесе бөлімшелері болып қалады, - дейді Андрей Свиридов Азаттық тілшісіне.

Андрей Свиридовтың пікірінше, бірыңғай еуразиялық медиаресурс құрылса, қазақстандық БАҚ Ресей үгіт-насихат өнімдерін тарататын құралға (ретранслятор) айналады.

Бірақ Азаттықпен әңгімелескен сарапшылардың көпшілігі Қазақстанның ақпараттық тәуелсіздігіне сенбейді. Олардың пікірінше, елдің ақпараттық кеңістігі қазірдің өзінде Ресейдің ықпалында отыр.

Посткеңестік елдердегі ресейлік БАҚ (инфографика):

We are sorry, but this feature is currently not available

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG