Accessibility links

Санкт-Петербургте Путинге қарсы шерулер өтті


Санкт-Петербург қаласында өткен митинг. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.
Санкт-Петербург қаласында өткен митинг. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.

Ақпанның соңғы демалыс күндерінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында «Әділ сайлау үшін» қозғалысы ұйымдастырған екі бірдей шеру өтті.


Митингті ұйымдастырушы азаматтық комитет лидері Ольга Курносованың айтуынша оған үш жарым мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында негізінен
Ольга Курносова, митингті ұйымдастырушы азаматтық комитет жетекшісі. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.
Ольга Курносова, митингті ұйымдастырушы азаматтық комитет жетекшісі. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.
«Яблоко», «Справедливая Россия», КПРФ тәрізді партиялардың мүшелерінен өзге басқа оппозициялық бағыттағы ұйымдар, әлеуметтік қозғалыс федерациясы, жастар ұйымдары, азаматтық қоғам белсенділері болды.

Ресейдің солтүстік астанасының қар жауып тұрған қолайсыз ауа райына қарамастан колонналарға бөлініп, сап түзеген шерушілер Петербордың ортасындағы «Октябрьский» үлкен концерт залының маңынан бастап Лиговский даңғылы арқылы Владимир алаңына келіп топтасты. Митинг қатысушыларын екі қапталдан арнайы қызмет әскерлері мен милиция қоршай жүрді.

«ПУТИН, МАГАДАНҒА КЕТ!»

«Путин - ұры», «Бізге Путинсіз Ресей керек», «Путин, Магаданға кет», «Саяси тұтқындарға бостандық берілсін», «Әділ сайлау өтсін» деп ұрандатқан қатысушыларға құқық қорғау органы қызметкерлері кедергі келтірген жоқ. Ольга Курносованың айтуынша шеру өткізуге жергілікті биліктің рұқсаты алынған.

- Олар шеруге рұқсат бермесе, менің бәрібір де адамдарды бастап шығатынымды білді, сондықтан басқа амалдары қалған жоқ, - деді Азаттық тілшісімен әңгімелескен Ольга Курсанова.

Шерушілердің қолдарына ұстап шыққан плакаттарында «Қолыңды тәуелсіз БАҚ-тан тарт!», «Путин, азаматтық соғысты қоздырма!» деген ұрандар да болды. Ал ұлтшылдар коллонасындағылар «Санкт Петербург біздің қаламыз. Эмигрант қаламызды босат!», «Орыс халқының даңқы арта берсін!» деп айқайлаған.

«МЕН ДЕ ОҒАН АЯҚ КИІМІМДІ ЛАҚТЫРДЫМ»

Өзін «азаматтық қоғам белсендісі Мария Ефрименкова» деп таныстырған әйел Путиннің ағашқа шегеленген карикатурасының үстіне аяқ киім іліп, ұстап тұрды.
Мария Ефременкованың көтеріп шыққан суреті мен аяқ кіиім. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012
Мария Ефременкованың көтеріп шыққан суреті мен аяқ кіиім. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012
Азаттық тілшісінің «бұл әрекетіңіз нені білдіреді?» деген сауалына ол:

- Араб елдерінде жақсы көрмейтін адамға аяқ киім лақтыру дәстүрі бар екен. Оны мен бір журналисттің Бушқа туфлиін лақтырған кезінде көрдім. Мен де Путинді құрметтемеймін. Оның суретінің үстіне аяқ киім ілу арқылы «мен де оған аяқ киімімді лақтырдым» дегенді айтып тұрмын, - деді.

Владимир алаңына жиналған шерушілер алдына Мәскеуден арнайы келген «Справедливая Россия» партиясының лидері, Ресей президенттігіне үміткерлердің бірі Сергей Миронов шықты. Ол «бұған дейінгі сайлаулардың нәтижесін бұрмалағаны үшін Ресей орталық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Чуровты жауапқа тарту керек» деген ұранды тағы бір мәрте қайталай келе:

- Наурыздың 4-і, Ресей президенті сайланатын күні, барлық ресейліктерді веб-камераларын қосып, он-лайн режимі арқылы сайлау дауысын санауға ат салысуға шақырамын, -деді.

Мария Ефременкова (оң жақта), азаматтық қоғам белсендісі. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.
Мария Ефременкова (оң жақта), азаматтық қоғам белсендісі. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.
«БИЛІКТІҢ ӨЗГЕРЕТІН КҮНІ АЛЫС ЕМЕС»

Шеруді ұйымдастырушы оппозиционер Ольга Курносова Азаттық тілшісіне орталық сайлау комиссиясының Путинге қажет дауысты жиып беретіндігіне күмәнданбайтынын айтты.

- Мен «биліктің өзгеретін күні алыс емес» деп санаймын. Адамдар қазіргі биліктен шаршады. Әсіресе жастар өзгерісті қалайды, -деді ол.

Бұл шеруден бір күн бұрын, Ақпанның 25-і, Петерборда дәл осындай тағы бір митинг өткен. Оған питерлік оппозиция белсенділерінің айтуынша 15 мыңнан астам адам қатысқан. Петербордағы шеруге қатысу үшін мәскеулік оппозиция белсенділері Гарри Каспаров, Алексей Навальный мен Сергей Удальцов келген. Алексей Навальный Санкт-Петербург шерушілерінің алдында "Путин - ұры" деген ұранмен сөз сөйледі.

Навальныйдың шерудегі сөзін Youtube сайтында жарияланған мына бір видеодан көре аласыз:



«Русская партия» лидері Николай Бондарик Азаттық тілшісіне «сенбіде өткен митингте, «Әділ сайлау үшін» қозғалысына арналған демеушілер қаржыларын жинау кезінде, шерудің маңайында долларлардың шашылып жатқанын көрдім» деді. Оның айтуынша, тіпті бұл долларларды санау кезінде олардың арасынан Барак Обаманың суреті салынған банкнот та шыққан.
Николай Бондарик, "Русская партия" жетекшісі. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.
Николай Бондарик, "Русская партия" жетекшісі. Санкт-Петербург, 26 ақпан 2012 жыл.

- Бұл сөз жоқ биліктің тарапынан әдейі жасалған арандату,- дейді ол.

Николай Бондарик саясаткер ретінде Азаттық тілшісіне Ресейдің сайлаудан кейінгі тағдыры туралы да ойларын айтты.

- Бұл митингтер ештеңе емес. Күзге қарай нағыз «жанкешті кезең» басталуы мүмкін. Өйткені Ресейді инфляция күтіп тұр. Жаздан бастап бәрі қайта қымбаттайтын болады. Сол кезде тиранды орнынан кетірудің тарихи оқиғасы басталады. Әзірше Путин «біздің Мүбарагымыз» болып отыр, - деді Бондарик.

Ол Ресейдің болашақ президенті рөліне кім лайықты екеніне қатысты пікірлерін де айтты. Оның ойынша, ресейліктер арасында қазір әжептәуір танымал болып қалған антикоррупциялық «Роспил» қозғалысының негізін салушы, тәуелсіз блогшы Алексей Навальный - Ресей президенті болуға лайық тұлғалардың бірі.

Дегенмен питерлік оппозиционерлер «қазір Ресей үшін ең маңыздысы - кімнің президент болуы емес, жүйенің өзгеруі» дейді. Бондарик «Ол үшін Ресейге әділ саяси бәскеке, тәуелсіз БАҚ пен тәуелсіз сот керек» екенін айтты.

Ақпанның соңғы күндері дәл осындай шерулер Ресейдің осы екі ірі қаласынан өзге, барлық аймақтарда өтті.

Ольга Курносова «Санкт-Петербургте өткен митингтер - үш ай бойы жалғасып келе жатқан қарсылық акцияларының марафоны» деді.

- Осыдан бір жыл бұрын халық «Путин, Магаданға кет» деп айқайлауға мүлде дайын емес еді. Қазіргі олардың көңіл күйін өзіңіз көрдіңіз. Сондықтан антипутиндік риторика тек жалғаса беретін болады, - деп түйіндеді ол өз ойын.

Ресей Федерациясында наурыздың 4-і президент сайлауы өтеді. Оған үміткерлер арасында бұған дейін Ресей президенті міндетін атқарған қазіргі премьер-министр Владимир Путин де бар.

Санкт-Петербургте ақпанның 26-сы күні өткен шеруді мына жерден көре аласыз:

Санкт-Петербургте өткен шеру
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:11 0:00
XS
SM
MD
LG