Accessibility links

Мәскеудің жаңа мэрі нәсілшілдікпен күреске кірісті


Орыс ұлтшылдары мен скинхедтер шеруі. Мәскеу, 4 қараша 2008 жыл
Орыс ұлтшылдары мен скинхедтер шеруі. Мәскеу, 4 қараша 2008 жыл

Мәскеу нәсілшілдкпен күресу үшін ксенофобияға қарсы жаңа бағдарлама дайындады. Бұл қадам өткен жылдың желтоқсанындағы ұлтшылдардың тәртіпсіздігіне қатысы бар әсіре оңшыл топқа тыйым салынғаннан соң жасалып отыр.


Өткен жылдың соңында Мәскеудің орталығында болған ұлтшылдардың наразылығынан секем алған қала басшылығы ксенофобиямен күресуге қомақты қаржы бөліп, күрес шараларын бастап кетті.

110 миллион рубль (3.93 миллион АҚШ доллары) шамасында қаржы бөлінген бағдарлама аясында "нәсілшілдікті қолдама" деген ұранмен жарнамалық акция өткізу, дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, сайт ашу және мәдени әрүрлілікке арналған алты фильм түсіру көзделген.

МАНЕЖ АЛАҢЫНДАҒЫ ЫЛАҢ МӘСКЕУ МЭРІН ОЙЛАНДЫРЫП ТАСТАДЫ

Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин бағдарламаны бекітуге өткен аптада қол қойған. Бұған дейін құқық қорғаушы белсенділер нәсілшілдікпен күресте жұмыс жасап отырған жоқ деп сынаған бұрынғы мэр Юрий Лужковты сынап келген еді.

Саяси және экономикалық байланыстар агенттігінің бас директоры Дмитрий Орлов өткен жылдың желтоқсан айында Кремльге жақын Манеж алаңында тұтанған ұлтшылдардың ылаңы билікті ксенофобия проблемасын шешуге міндеттегенін айтады. Агенттік басшысы: "Меніңше, билік Манеж алаңындағы жағдайлардан кейін төзімділікті насихаттап, ұлтаралық шиеленісті азайту қажеттігін ұғынған сияқты. Биліктің алға қойған мақсаттарының шынайылығы бұл мәселені шешуге салынған қаржының қомақты болуынан көрініп тұр деп ойлаймын" деген пікір білдірді.
Манеж алаңындағы орыс ұлтшылдарының наразылық акциясы. Мәскеу, 11 желтоқсан 2010 жыл

Сәуір айында Мәскеу қаласының соты Манеж алаңындағы бүлікке қатысқан «Заңсыз көші-қонға қарсы қозғалыс» деп аталатын топқа тыйым салды. Маусымның 10-ы күні Мәскеуде ресей армиясының бұрынғы полковнигі Юрий Будановты өлтіріп кеткеннен кейін нәсілшілдік ылаңының қайта тұтану қаупі артты. Буданов 2003 жылы шешен қызын ұрлап әкетіп, тұншықтырып өлтірді деп айыпталғаннан кейін бірқатар орыс ұлтшылдары үшін батырға айналды. Юрий Буданов 2008 жылы шартты мерзімге бостандыққа шығып, биылғы маусым айында кісі қолынан өлген еді.

Келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін деген полиция "Ресей күні" атап өтілетін мерекелік демалыс күндерінде Мәскеудің орталық алаңында қауіпсіздік шараларын күшейтті. Полиция Манеж алаңында Юрий Будановты еске алуға жиналған ондаған ұлтшылдарды ұстап әкетті.

ЕҢ КӨП ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН БАҒДАРЛАМА

Ресей мигранттары федерациясының президенті Мухаммад Амин Маджамбер ксенофобиямен күрестің жаңа бағдарламасын жылы қабылдады. Дегенмен, қалада бұл проблеманың әлі күнге асқынып тұрғанын атап өтті.

- Ресей астанасында ксенофобияның деңгейі тым жоғары. Өзге ұлт өкілдеріне шабуыл жасау, өлтіріп кету және кемсіту барлық жерде жаппай болып жатқанын бәрі біледі. Бұдан өзге, жастар арасында кең көлемде ақпараттық жұмыстар жүргізілмейді. Жастарды саяси құрал ретінде пайдаланатындар мойындарына ешқандай жауапкершілік алмайды. Мәскеу билігі қимылдамайды. Әрине, бұндай экстремистік ұйымдар жазаға тартылып, жойылуы тиіс. Дегенмен, ксенофобия мен экстремистік зорлық-зомбылық күшейіп жатыр, - дейді Мухаммад Амин Маджамбер.
Ресейдің ұлттық бірлігі атты ультра-ұлтшыл ұйым жетекшілері съезіне қатысушыларға нацистік мәнерде сәлем беріп тұр. Раменское, 15 наурыз 1998 жыл

Сонымен қатар, этникалық шабуылдарды бақылап отыратын Мәскеудегі "Сова" орталығының директоры Александр Верховский ксенофобиямен күрестегі жаңа бағдарлама бұрынғы "тиімсіз" бағдарламалар сияқты ешнәрсе тындыра алмайды деген тұрғыда ескерту айтты. Дегенмен ол осы кезге дейін ешқандай бағдарламаға дәл осындай көлемде қаржы бөлінбегенін атап өтті.

Александр Верховский жаңа бағдарламаның нәтижелі болуы көп жағдайда қаржының, әсіресе әлеуметтік жарнама жұмыстарына бөлінген 22 миллион рубльдің (788 мың АҚШ доллары) қалай жұмсалатынына байланысты болмақ деген пікір білдірді. Ол жоспарланып отырған науқанның кейбір бөлімдерінің пайдалы болмақтығына күмән келтірді.

- Кейбір идеялардың өзі жақсы емес. Мысалға, төзімділікті насихаттау құралы ретінде түрлі халықтардың мәдени іс-шаралар мен өнер фестивальдерін ұйымдастыру мұнда кең танымал болып кеткен. Меніңше, бұл төзімділікке ешқандай үлес қоспайды. Әсіре ұлтшылдар басқаларды өздеріне қарағанда нашар билеп, я ән айтқаны үшін емес, өздеріне ұқсамайтындығы үшін ұнатпайды ғой, - дейді орталық директоры.

ШЕТЕЛДІК ЗАҢСЫЗ ЖҰМЫС КҮШІН АЗАЙТУ

Қала басшылығына сілтеме жасаған «Ведомости» басылымы бағдарламада түрлі мәдениеттер мен конфессиялардың мерекелерін қолдау және ксенофобияға қарсы шараларды ұйымдастыру жағы көзделіп отырғанын жазады.

Басылым: «Жергілікті билік жұмыс берушілердің арзан жұмыс күші ретінде заңсыз келген мигранттарды жұмысқа алуын шектеуді қарастырып жатыр. Билік өзге елдерден келген заңды жұмысшылардың Мәскеудің «мәдени нормаларына» бейімделуіне көмектеспекші» деп жазады.
Сергей Собянин, Мәскеу мэрі. Мәскеу, 14 маусым 2011 жыл

Бұдан екі ай бұрын арнайы қызмет өкілдері Мәскеуде бомбадан қорғанатын жерде тұрып жатқан «жерасты қаласын» тапқандарын хабарлады. Онда 110 заңсыз мигрант тұрып жатыр екен. Ресми билік олардың тігін машинасына қажетті ине мен қайшы жасап жатқандарын айтты.

Өткен жылдың аяғында Сергей Собянин «250 мың адам ресми тіркелсе де, Мәскеуде бірнеше миллион шетелдік жұмыскерлер тұрып жатыр» деген болатын. 2010 жылы шамамен он мыңға жуық заңсыз жұмыс істеп жатқан шетелдік елден шығарылған.

Дмитрий Орлов Сергей Собянин әкімшілігі өзін мигранттарға қатаң қараған Юрий Лужковтан бөлек саясат ұстанатынын, оның есесіне оларға бір қолымен тәтті беріп, бір қолымен қамшылап алатынын айтады:

- Мен Собяниннен немесе оның әкімшілігіндегі өзге шенеуніктердің аузынан өзге ұлтқа қатысты төзімсіздік танытатын бір сөз естімедім.

«Сова» орталығының мәліметі бойынша, биылғы жылы нәсілшіл топтардың шабуылынан 11 адам қаза тапқан.

Соңғы бірнеше жылдың ішінде Ресей қалаларында әсіре ұлтшылдар мен скинхедтердің қолынан қаза тапқандардың ішінде қазақ студенттері де болды.
XS
SM
MD
LG